Бүгінде аймақтағы бөлімшелердегі қоғамдық қабылдау халықтың өтініш айтып келетін орталығына да айналды.
Биыл алғашқы жарты жылдықта партияның қоғамдық қабылдауына 35,6 мың адам жүгінген. Бірі орталыққа өздері бас сұқса, енді бірі әртүрлі байланыс құралдары арқылы хабарласып, өтініштерін қалдырып жатады. Ең маңыздысы сол, көтерілген мәселелердің 46 пайызы оң шешімін тауып, 39 пайызы бойынша түсініктемелер беріліп, өтініштердің 15 пайызы бақылауға алынған.
Өтініш берушілердің 63 пайызы әйелдер болса, елді мекеннің таралу түрі бойынша талдау облыстық республикалық маңызы бар қалалардың тұрғындары жиі жүгінетінін көрсетіп отыр. Айталық, 62,3 пайызы – қала, 37,7 пайызы – ауыл тұрғыны. Оның ішінде өтініштердің 25,2 пайызы – әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша, 24 пайызы – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша, ал 11,3 пайызы – жұмыспен қамту және еңбек қатынастары бойынша түскен.
Биыл Түркістан облысы Отырар ауданында «Құқық көмек» партиялық жобасын жүзеге асыру аясында Қоғам ауылының тұрғыны Г.Сахиева азаматтық алуға жәрдемдесуді сұрап келген. Оның айтуынша, 2018 жылы ол Қазақстанға қоныс аударыпты. Ал 2021 жылы Түркістан облысы ІІД көші-қон қызметіне азаматтық алу үшін құжаттарын тапсырады. Алайда белгісіз себептермен 2 жыл бойы арызданушының өтініші оң шешімін таппай келген көрінеді. Оның өтінішін тыңдаған партия мүшелері Түркістан облысы ІІД көші-қон қызметіне хабарласып, мән-жайды біліпті. Осылайша, биыл талай жылдан бері азаматтық алу үшін әр есіктің табалдырығын тоздырып жүрген арызданушының өтініші қабылданып, шілде айының соңында Қазақстан азаматтығын алды. Сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысында «Халыққа көмек» партиялық жобасын жүзеге асыру аясында көпбалалы отбасылар баспана алуға көмектесуді сұрап келген. Көмек сұрап келген үш отбасы да Жамбыл облысынан қоныс аударыпты. Қазіргі таңда олардың да мәселесі шешіліп, партия мүшелері және Күршім аудандық мәслихатының депутаты Қ.Бахтияровтың ұйытқы болуымен көшіп-қонушылардың отбасыларына баспана алуға көмек көрсетілді.
Шалғайдағы ауылдық елді мекендердегі Мобильді қоғамдық қабылдау да нәтиже беріп отыр. Батыс Қазақстан облысы Тасқала ауданы Амангелді ауылындағы партия мүшелерінің сапарында ауыл тұрғындары ауыл мектебін күрделі жөндеуден өткізу қажеттігін алға тартқан. Партия мүшелері мен облыстық мәслихат депутаты Нұртай Сәпиұлының көмегімен мектепті күрделі жөндеуден өткізуге 353 миллион теңге бөлінді. Айта кету керек, жыл басынан бері 117 көшпелі қоғамдық қабылдау өткізіліп, оған 159 ауылдық елді мекен қамтылған. Оның ішінде 1261 өтініш түссе, оның 452-сі оң шешімін тауып отыр. Ал 136 өтініш орындалу үстінде және 666 мәселеге түсініктеме берілді. Тұрғындар көтерген мәселенің ішінде жеке қосалқы шаруашылыққа жер телімдерін, жайылымдар мен шабындықтарды беру, облыстық, аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын және елді мекенішілік жолдарды күрделі және орташа жөндеу, ауылдарды абаттандыру, инфрақұрылым және газбен қамту мәселелері бойынша өтініштер жиі түскен.
Жақында Қостанай облысы Лисаков қалалық партия бөлімшесіне келген тұрғын жұмыс берушісінің еңбекақысын төлете алмай жүргені туралы өтінішпен жүгінген. Арызданушы 2022 жылдың желтоқсан айында «Жалдама» ЖШС-де жұмысшы болып жұмыс істеген. «Келісім бойынша жұмыс істеген, жұмыс мерзімі өткеннен кейін арызданушыға жалақы төленбеген. Сондай-ақ бұл ұйымның тағы 4 қызметкеріне еңбекақы төленбеген. Бұрынғы қызметкерлер «Қостанай облысының еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасы» ММ-не жүгінгенімен, мәселе шешімін таппай келіпті», – дейді Лисаков қалалық мәслихаты депутаты Кан Афанасий.
Арызданушы мен жұмыс берушілердің де айтарын тыңдаған депутат серіктестік нысанындағы қиындықтарға байланысты ертерек төлем жасау мүмкін болмағанын білген. Дегенмен өтініш берушінің мәселесі оң шешімін тауып, арызданушының да, басқа қызметкерлерге де жалақы толық төленген.
Осылайша, ауыл тұрғындарының Қоғамдық қабылдау партиясына түскен өтініштерінің үлесі 15,7%-ға өсті. Оның ішінде 8,3%-ы жылжымалы қоғамдық қабылдау бөліміне түскен екен. Мұның өзі Мобильді қоғамдық қабылдау бөлмесінің енгізілуі тұрғындармен кері байланысты жақсартуға және шалғайдағы ауыл тұрғындарының өтініштерін арттыруға, партияға деген сенімді нығайтуға мүмкіндік беріп келеді.
Жадыра МҮСІЛІМ