Осылайша, неке рәсімдеудің жолы да жеңілдеді. Бірақ қоғам белсенділері некені онлайн тіркеуге қарсы. Себебі бұл үрдіс ажырасу санын арттыруы мүмкін. Бір қызығы, елімізде АХАЖ-ға тіркелу цифрланғанымен, 90-жылдардағы неке деректері әлі қамтылмаған.
Бірнеше күн бұрын Kaspi.kz мобильді қосымшасындағы мемлекеттік қызметтер тізімінде некеге тұруға өтініш беру мүмкіндігі пайда болды. Қызметті алу үшін өтініш толтыру керек. Одан кейін 1 АЕК (3 450 теңге) көлемінде мемлекеттік баж төленеді. Өтініш жіберген адамның болашақ жары 48 сағат ішінде өтінімді растауы қажет.
15 күннен кейін АХАЖ органдары жас жұбайлардың қатысуымен некені тіркейді. Бұрын бұл рәсімге бір ай уақыт кеткен. Блогерлер мен қоғам белсенділері бірден сервисті тестілеуге кірісті және некеде тұрғандар, тіпті жақын туыстары да онлайн өтінімге рұқсат ала алатынын анықтады. Айталық, медиа-тренер Ақерке Берлібай эксперимент үшін әкесінің ЖСН-ы арқылы банк қосымшасынан өтінім беріпті.
– Әкеміздің ЖСН-ын алып тәжірибе жасап, өтінім білдірдік. Нәтижесінде, әкемнің үйленген адам екеніне және менің әкем болғанына қарамастан, екеуміздің некемізді базада тіркеуге болатынын білдік, – деп жазды блогер.
Оның айтуынша, өтінім барлық кезеңнен сәтті өткен. Қызмет үшін 3450 теңге де төлепті. Осылайша, 7 тамызда некені тіркеуге шақыру туралы хабарлама келген. Енді біреулер қызық үшін біржынысты некені тіркеуге тырысып көрген. Бірақ олардың әрекеті сәтсіз аяқталады. Осыдан кейін Kaspi баспасөз қызметі қосымша некені тіркемейтінін, тек «ХҚКО-дағы кезекке» қоятынын мәлімдеді. Тіпті, банк қосымшасынан бұл қызмет жоғалып кетті. Ал қызметті қосымшадан алып тастауға байланысты Kaspi компаниясының өкілі пікір білдірді.
– Бұл қызмет неке қиюды тіркеуді қарастырмайды. Тек онлайн өтініш беруге болады. Қызмет бірнеше күн бойы сынақтан өтті. Біз қызықты пікірлер алдық. Қызметтің тұтынушыларымызға қаншалықты пайдалы екенін бағалаймыз, – деді Kaspi корпоративтік коммуникациялар бөлімінің басшысы Маржан Елшібаева.
Некеге тұруды оңайлату дұрыс па?
Дамыған елдерде некеге тұру – ұзақ уақытты талап ететін процесс. Мәселен, Америкада жас жұбайлар некелесу үшін тұрғылықты жеріндегі кеңсеге хабарласып, құжаттар тапсырып, лицензия алады. Ерлі-зайыптылар лицензия алғаннан кейін арнайы шарт жасасып, үйлену тойын жасамай 3-4 күн күтеді. Тек неке куәлігін алғаннан кейін ғана той өткізеді. Рәсім аяқталғаннан кейін діни қызметкер, нотариус немесе басқа уәкілетті адам неке туралы куәлікті толтырады. Бұл әдетте рәсімнен кейін бірден жасалады. Осыдан кейін неке тиісті мемлекеттік мұрағаттарда ресми түрде тіркеледі. Заңнамаға және мәдени ерекшеліктеріне байланысты Бразилияда, Қытайда, Үндістанда, Индонезияда некені тіркеу өте ұзақ уақытқа созылады.
Психолог Лимана Қойшиеваның пікірінше, некеге тұру процесін бізге де қиындату керек. Қиындату дегеніміз бюрократизм емес. Алдымен жастардың бір-бірімен психологиялық сәйкестіктерін анықтаған дұрыс. Некеге тұруға өтініш білдіргеннен кейін 6 айдай бір-бірін тануға уақыт беру керек. Психологиялық дайындықтардан өтуі керек.
– Өйткені отбасы болу оңай емес. Олар некеге қалай тез тұрса, ажырасуды да сондай тез болатын процесс деп ойлайды. Қазір некеге тұру онлайн жүзеге асады. АХАЖ-ға тек қол қою үшін ғана барады. Ажырасудың көп болуына бұл мәселе де әсер етеді. Үйленіп алғаннан кейін ажыраспаса да екі бөлек тұрып жатқандар да бар. Отбасылық құндылықтардың төмендеп бара жатқаны анық көрініп тұр, – дейді Лимана Қойшиева.
Бұрын некеге тұруға өтінішті электронды үкімет порталы арқылы онлайн беретін. Қазір бұл мүмкіндікті банк қосымшасы да іске қосты. Әлеуметтанушы Айсұлу Молдабекованың айтуынша, бұдан қорқатын дәнеңе жоқ. Себебі бұл – тек өтініш беру амалы. Оның жеңілдеуі уақыт үнемдеуге мүмкіндік береді.
– Форматта тұрған ештеңе жоқ. Бірақ некеге тұруда қажет ететін құжаттарды, талаптарды күшейтуіміз қажет. Себебі елімізде отбасын құрғандардан ажырасқандар саны көп деген статистика бар. Азаматтық алу үшін үйленетіндер мен үй алу үшін ажырасатындар да көбейіп кетті. АҚШ, Бразилия мен Еуропа елдерінде некеге тұру шартын жасау талап етіледі. Ол жерде екі азаматтың қарым-қатынасы, мүліктік жағдайы, жауапкершілігі ескеріліп, сол бойынша шарттар жасалады, – дейді Айсұлу Молдабекова.
Әлеуметтанушының пікірінше, 1990 жылдары некеге тұрғандардың саны 164 мың болған. Ал 2013 жылдары 159 мың болған. Былтыр бұл дерек 122 500 болған. Яғни некеге тұру статистикасы елімізде жыл сайын төмендеп барады. Қанша жерден демографиялық өсім десек те, некеге тұрушылар саны бәрібір аз. Сәйкесінше, ажырасушылар саны да жыл санап артуда. Сондықтан некені тіркеудегі талапты күшейту керек.
Некесі тіркелмеген жұбайлар көп
Қазір елімізде некеге тұру жыл өткен сайын оңайлап жатса да, мемлекеттік мұрағаттарда ресми түрде тіркелмеген ерлі-зайыптылар бар. Олар заңды түрде неке қидырудан қашып жүрген жоқ. Көбісі – тәуелсіздікке дейін немесе электронды портал іске қосылғанға дейін некелескендер. Енді деректері базаға енбей баз кешіп жүр.
– Мен ресми түрде 2004 жылы тұрмысқа шыққанмын. Қолымызда неке туралы куәлігіміз де бар. Бірақ eGov.kz сайтында да, Kaspi қосымшасында да менің статусым «тұрмыста емес» деп шығып тұр. Нотариустен бұл мәселе жайлы сұрағанымызда «Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, некені қайта тіркету керек» екенін айтты. Бірақ олай құжат жинап жүретін артық уақытым жоқ, – дейді астаналық Жанна Ильичева.
Блогер Ақерке Берлібайдың да әкесі 80-жылдары үйленген. Бірақ оның деректері цифрланбаған.
– Өмірдегі осындай маңызды кезеңді банк қызметіне айналдырып, жеңілдетудің не қажеті бар? Одан да телефон нөмірі арқылы «үйленген немесе үйленбеген» екенін анықтай алатындай нәрсені жасаған дұрыс болар еді. Мүмкін осылай көп отбасын сақтап қалуға болатын шығар. Отбасы институтын үш-ақ батырманың деңгейіне айналдыру орынсыз. Онсыз да бізде жұптар еш ойланбай, жастықтың буымен үйлене салады. Оны одан сайын жеңілдетуге болмайды, – дейді Ақерке Берлібай.
Бір қызығы, некелері цифрланбаған отбасылар некесін қайта рәсімдеуге асықпайды. Көбісі жалғызбасты ретінде мемлекеттік бағдарламаға тіркеліп үй алуға асығады. Бірақ бұл жағдай еліміздегі азаматтық неке статистикасын арттыратын басты фактор екенін ешкім ескермей отыр. Ресми деректер бойынша, елімізде әрбір бесінші неке тіркелмеген.
– Азаматтық некеге көзқарасы бойынша орташа алғанда барлық жастағы адамдардың шамамен 25%-ы азаматтық некеге оң көзқараспен және 30%-дан астамы бейтарап қарайды, яғни Қазақстанда әрбір бесінші неке тіркелмеуі мүмкін. Қолдамайтындардың үлесі – 32,8%, – дейді Қазақстандық қоғамдық даму институты басқарма төрағасы Нұрбек Матжани.
Айта кету керек, биыл 1 шілдеден бастап АХАТ функциялары Мемлекеттік корпорацияға берілді. Бұл ретте некені тіркеу үшін өтініш беру рәсімі өзгеріссіз қалады. Олар аудандық және қалалық АХАЖ бөлімдері орындайды. Бұдан басқа, электрондық үкімет порталы арқылы онлайн өтініш беру мүмкіндігі сақталады.
– АХАЖ функцияларының Мемлекеттік корпорацияға берілуінің басты себептерінің бірі – АХАТ электрондық базасында жүргізілген цифрландырудың сапасыздығы. Атап айтқанда, сапасыз сканерленген құжаттар, қате деректер енгізу, өзгерістер тіркелмеген. Құжаттар 1937 жылдан бастап сканерленіп, базаға енгізіліп келеді, – дейді Алматы қаласы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы филиалы директорының орынбасары Әсем Болатбекова.
Оның айтуынша, АХАТ функциясын ХҚО-ларға берудің басты себебі – цифрландыруға көшу процесін жүзеге асыру. Ендеше некеге өтініш беруді жеңілдетпес бұрын кезіндегі деректерді мұрағатқа енгізіп, некені тіркеу процесін күрделендіру керек. Себебі отбасы ойыншық емес...
Көктем ҚАРҚЫН
© коллаж: Елдар ҚАБА