Түсімде тоңқайып жатырмын

Жердің жалға берілуіне мораторий жарияланған күні көршілерім кеш бата сау етіп үйге жетіп келді.

– Ал көрші, құтты болсын, жумаймыз ба?

– Нені?

– Жерді.

– Менде жер бар ма?

– Түу, өзің не деп қуып тұрсың? Жер жалға берілмейтін болды. 

– Ааа, әй сендер де жүз грамм ішуге сылтау тапқышсыңдар, – деп бір бөтелкені ортаға қойдым. Біздің қатын сол жақсы жаңалықты теледидардан жаңа естіп мәз болып отыр еді. Мыналарды көріп қабағы тырысып қалды.

– Немене, жаңалық болса осында келіп жуасыңдар ма? – деді де, жатын бөлмесіне барып жатып қалды. Жер туралы әңгіме қозғалғалы бері жүйкесі жыбырлап жүрген еді.  

Содан көршілерім түн ортасына дейін қуанышын тілек айтып жуды. 

Бір-бірін құшақтап беттерінен сүйді. «Қазақтың жері үшін алып қояйық, алып қояйық» деп ақыры бес бөтелкені тауысты. Олар кеткесін мен шала мас күйімде төсекке жете алмай, ас бөлмеде отырған жерімде құладым. 

Көзім бірден ілініп, терең ұйқыға кеттім. Түс көріп жатырмын. Түсімде менің денемді Биттер жалға алыпты. Иә, кәдімгі Биттер. Бастың қара Биті шақшадай басымды жалға ала сала қап-қара қалың шашымды ұстарамен сыпырып тастап, шылым жасайтын шөп егіпті. Балтырдағы сары Биттер мұрныма мұнай өндіретін қондырғы орнатып бұрғылап жатыр. 

Қан соратын Биттің туысы көп қой, жақын тумасы Қандала қарнымды жалға алып, сыра ашытатын зауыт салыпты. Ал Бүрге құйрық жақтан тыңайтқыш өндіретін химиялық өнеркәсіп ашып қойыпты. Тойымсыз Маса қанымды арнайы түтікшемен сорып, бөшкелерге құйып жатыр. 

Табанымды Тарақандар жалға алыпты. Көзіме көк шыбындар үймелепті. Әйтеуір, денемнің сау жері жоқ. Құрт-құмырсқа, шыбын-шіркей қаптап кеткен. Ал мен болсам қол-аяғым байлаулы адамдай қозғалар емеспін. Төбемнен біреу қара таспен басып тұрғандай қимылдауға шамам жоқ, тоңқайып жатырмын. 

Бір кезде Биттің баласы Сірке аузымды ашып қойып, қызыл тілімді қысқашпен суырайын деп жатыр. Ойбайлауға шама келмей, бар күшімді салып орнымнан ұшып тұрып, суға қарай жүгірдім. Қырдың басынан секіріп, өзенге қойып кеттім. Құлаштап жүзіп жүрмін. Анда-санда үйрек құсап судың түбіне сүңгіп кетемін. Денемдегі барлық қансорғыш суға тұншығып, жан-жаққа тырқырай қашып, рақаттанып қалдым. Бір кезде біреу шапалақпен салып жіберді. Шошып ояндым. Сүйтсем, өзенге секірдім деп төсекте жатқан әйелімнің үстіне қарғып мініп, сүңгідім деп көрпесіне кіріп кетіппін. 

– Қайыршы, осы сен ішімдік ішіп алсаң, ұйқы сұрайсың. Зәремді алдың ғой,–деп бажылдап жатыр. Өзенде қатты малтығаным сонша, әйелімнің ішкөйлегіне оранып қалыппын. 

– Қатын, түс көрдім.

– Қойшы, сенің түсің таусылмайды екен, өткенде Барсакелместің базарында сауда жасап жүрмін дедің, одан кейін түсіме қойдың қара құмалағы кірді дедің. Енді тағы не болды?

– Түсімде тоңқайып жатырмын. Менің дене-мүшемді жәндіктер жалға алыпты.

– Онда жетіскен екенсің. Сен ішіп алсаң жатысың сол ғой. Мен егер сол сенің түсіңде болсам құйрығыңнан жақсылап бір тебер едім, – деді де, төсектен итеріп жіберді. 

– Жоқ, жақсы түс көрдім, – деп қайтадан қор ете қалдым...

 Нұрлыбек ЖҰБАТҚАН