Кейін осы жолды таңдап, спорт журналистикасында еңбек еткен небір тұлғалар болды. Спорт журналисі болу үшін кәсіби біліктілік пен жаза білу жеткіліксіз. Спорт журналисі елінің патриоты, спортшылардың жанашыр жанкүйері ғана емес, осы саланың сарабдал сарапшысы болуы керек. Біз жас болса да, спорт журналистикасында аянбай тер төгіп жүрген Аслан Қаженовпен сұхбаттастық.
Жанкүйерлердің қолдауынан еден дірілдеді
– Аслан Қаженовты біреу ақын ретінде, енді біреу спорт журналисі ретінде таниды. Жалпы спорт журналистикасына қалай келдіңіз?
– Өлең жазу – хоббиім. Шығармашылықпен айналысқан кезде жаным рахаттанады. Ал журналистика – нан табатын кәсібім. 2008 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне түсіп, журналистика факультетін бітірдім. 2012 жылы «Хабар 24» арнасы алғаш рет ашылып жатқан болатын. Сонда жұмысқа орналастым. Басында барлық саланы қамтитын жалпы жаңалықтар жазып жүрдім. Саяси сұхбаттар да алдық. Егіс алқабынан сюжеттер жасап, ауылшаруашылық, медицина, әскери тақырыптарды да зерттеп көрдім. Кейін спорт журналистикасына бет бұруыма Амангелді Сейтхан ағамыз түрткі болды. Шамамен 2016 жылдары Астанаға ауысып, Амангелді ағамыздың қасында жүріп тәлімін алып, спорт саласына бет бұрдым. Барлық саланы бірдей білгенше, бір саланы тереңірек зерттеген, сол саланың мәселелерінің шешілуіне ұйытқы болған дұрыс екен.
– Талай байрақты бәсекеден тікелей эфирде репортаж таратып жүрсіз. Есіңізде ерекше сақталған, көрермендерді дүр сілкіндірген жарыс бар ма? Сол туралы айтып беріңізші?
– Есте қалғаны – Ташкент қаласында өткен соңғы әлем чемпионаты. Себебі бұл додаға қазақтар көп жиналды. Әнұранды да бүкіл халық болып хормен шырқадық. Махмұт Сабырханның тақия киіп шыққаны, Дулат Бекбауовқа көрермендердің ту бергені ерекше есімізде қалды. Соңғы финалдық жарыстарда 12 мың орынды аренаның 7-8 мыңына қазақтар жиналды. Барлығы бірдей спортшыларға қолдау білдірген кезде аренаның едені дірілдеді. Мен штативке камера қойып қойғанмын. Еден дірілдеген кездерде камераны қолыма алып түсірдім. Кейін боксшылардан «сездіңіздер ме?» деп сұрадым. Сөйтсем, боксшылар да қолғабын киіп дайындалып жатқан кезде киім ауыстыратын бөлмелерге дейін еденнің дірілі сезіліпті. Мұндай ерекше жағдайларды бұрын тек кинолардан тамашаласақ, осы чемпионатта көзімізбен көрдік.
– Спорт журналисі ретіндегі басты қаруыңыз – сын. Ал сын айтамын деп опық жеген кездеріңіз болды ма?
– Иә, сын айтамыз. Бірақ сын естіген ешкімге ұнамайды. Біздің еліміздегі қалыптасып қалған түсінік бойынша адамдар мәселемен емес, сол мәселені айтқан жанмен күреседі. Мен ондай кезде: «қазір аузымды жабасың, қорқытасың, бірақ бұл мәселе сол қалпы қалады. Мен болмасам да, ертең басқа бір журналист келіп тағы сол мәселені көтереді» деп айтамын. Ең оңайы – сынды қабылдап, мәселені шешу. Сонда кейін ешкім сұрақ қоймайтын болады. Түннің ортасында хабарласатындар да, күш көрсеткісі келгендер де, сотқа сүйрегендер де болды. Басшылыққа хабарласып, қысым көрсеткісі келгендер де бар. Мұндай болуы да заңдылық. Ең бастысы, шындық біздің жағымызда. Мен көтеретін мәселелерді заң мен логика жүзінде тексеріп, зерттеп аламын. Қандай кедергілер болса да түбінде шындық жеңеді. Сол жерден тоқтап, артқа шегінетін болсам, журналистік атыма сын. Сондықтан бұл жолда, шындық жолында бәріне дайынбыз.
– Бір сұхбатыңызда «Бұрын қазақ елі Головкин үшін ерте оянса, қазір Шавкат үшін теледидарға телміреді» депсіз. Ал өзіңіз үлкен спортта кімге жанкүйерсіз?
– Мемлекет Олимпиадалық спорт түрлерінде басымдық беріп, үлкен қаржы бөледі. Сондықтан олимпиадалық бағыттарды зерттеп, осы салаға терең үңілуге тырысамын. Бір спортшыны кумир санап, еліктеп кетпеймін. Жалпы ұлттық құрамаға, соның ішінде боксқа, күреске, таэквондо, дзюдо, ауыр атлетикадағы ел намысын қорғайтын спортшыларға жанкүйермін. Спортшылардың барлығын жақсы көремін, бәріне жаным ашиды, тілектеспіз.
Елімізде спорт дәрігерлері жетіспейді
– Парижде өтетін Жазғы Олимпиада ойындарына тура бір жыл қалды. Ұлттық құрамалардың дайындығының басы-қасында жүрсіз. Қоржынға қай спорт түрінен алтын түседі деп ойлайсыз?
– Иә, Париж олимпиадасына тура бір жыл қалды. Кәсіпқой спортта бұл – өте қысқа мерзім. Ұлттық құраманың жағдайы, жалпы алғанда, қазір қиын. Мұны ешкім терең үңіліп, зерттеп жүрген жоқ. Мен осы салада ақпарат таратып жүргендіктен сырттай қанықпын. Париж Олимпиадасында бокстан кемі бір алтын, дзюдо бір қола алады деп үміттенеміз. Жауапты министрлік Рыбакина бір медаль әкеле ме деп үлкен сенім артып отыр. Күтпеген спорт түрлерінен бір кездері Баландин жүзуден топ жарса, мәнерлеп сырғанаудан Денис Тен, фристайлдан Галышева суырылып алға шықты. Сол сияқты бұған дейін көп айтыла бермеген спорттың түрінен де жеңімпаздар шығуы мүмкін. Айталық, семсерлесуден, спорттық гимнастикадан, әртістік жүзуден алған тарихи медальдар олимпиада да қайталануы мүмкін. Токиодағы сәтсіздіктен кейін 4 жыл өтті. Қатты ешнәрсе өзгерген жоқ. Жүзден жүйірік, мыңнан тұлпар таланттар шықпаса, Олимпиадалық спорт түрлерін дамытуда жүйе бір жолға қойылған жоқ. Тұрақты болашақ чемпиондарды шығаратын резерв те жоқ.
– Осы жолғы әлем чемпионатында дзюдошыларымыз көңілден шықпады. Олардың сәтсіздігін көбі спорттық медицинаның әлсіздігінен деп пайымдады. Елімізде спорттық медицина қай деңгейде дамыған?
– Елімізде спорттық медицина өте төменгі деңгейде. Бұл мәселе көптеген спорт түрінде кездеседі. Құрамаларға спорт дәрігерлері жетіспейді. Одан бөлек фармаколог, физиотерапевт, диетолог сияқты спорттық дайындықты реттейтін мамандар тапшы. Федерациялардың қаржысы бар болса да, лайықты маман таба алмайды. Кезінде медициналық университеттерде спорттық медицина деген кафедралар болған. Бірақ олар уақыт өте келе жабылып қалған. Қазір спорттық медицинаға арнайы дәрігерлер дайындамайды. Бүгінде спортшының қабілеті, физикалық дайындығы немесе логикасы емес, спорттық медицинаның деңгейі маңызды. Көп жарыста спорттық медицина шешуші рөл атқарады. Мұны біраз жарыстан байқадық. Бокстан ұлттық құрамада мұндай мамандар бар. Ал басқа спорт түрлерінде медицина мамандары тапшы. Болған күннің өзінде дәрігерлердің қабілеті әлсіз. Федерациялар әлем бойынша мықты кадрларды іздеп жатыр. Бірақ шетелде де спорттық дәрігерлер сұранысқа ие әрі аз.
Легионерлерді жарылқағаннан ештеңе шықпайды
– Медаль алған чемпиондарымыздың абыройын «допинг» құртады. Ал осы допингті қолдануға оларды не итермелейді?
– Бұл мәселе өте өзекті. Айтылып жатқан себептер де баршылық. Бірақ, менің ойымша, біздің спорттық жүйе, сосын бапкерлер кінәлі. Қолданыстағы заң талаптарында құрлықтық, халықаралық және әлемдік деңгейде жеңіске жеткен спортшыларға үстемеақы төленеді. Жалақыларына қосымша 30-60 пайыз үстеме-ақы алу үшін, спортшылар тезірек нәтиже көрсетуі керек. Ал ол үшін жасөспірім кездерінде дәрі беріп, әлемдік жарыстарға түсіреді. Нәтижеге қол жеткізгеннен кейін баланың болашақтағы тағдыры бапкерді алаңдатпайды. Бірінші себебі осы. Тек ауыр атлетикада ғана емес, футболда да, бокста да «допингтер» кездесіп жатыр. Әр жағдай әртүрлі. Допинг дегеніміз – үлкен қасірет. Әлем елдерінде допинг қолданғаны үшін спортшыны қылмыстық жауапкершілікке тартады. Бізде мұндай заң жоқ. Тек алған сыйақысын мемлекетке қайтаруы керек деген талаптар бар. Оның өзін бүгінге дейін ешкім орындаған жоқ. 50 ауыр атлетіміз допингпен ұсталса да мемлекетке бір теңге қайтарған жоқ. Сондықтан жазаны, заң талаптарын күшейтпей, бұл мәселе шешілмейді.
– Легионер мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Бұл – әлемде бар үрдіс. Ал сіз миллиондаған қаржыға легионер шақыруды құптайсыз ба?
– Легионерлерге түбегейлі қарсымын. Бұл пікірімді бұған дейін де ашық айтып жүрдім. Өйткені легионерлер бізге 1990 жылдары тәуелсіздік алған кезеңдерде ғана керек болды. Сол тұста еліміздің атын шығарып, көк туымыз бен әнұранымызды танытуымыз қажет еді. Одан бері отыз жыл өтті. Бұл мәселе өзектілігін жойды. Адам да, қоғам да өзгерді. Бірақ спорттың басы-қасындағылар әлі сол тоқсаныншы жылдардағы түсінікпен жүр. Үлкен спортқа легионер шақырып, жылдам, жасанды жетістікке жетеді де, солай есеп береді. Сөйтіп, жоғары жаққа «барлығы керемет» деп сендіреді. Жақында конькиге Ресейден 3 легионер спортшы келді. Тағы екі спорт түрінен легионер шақырды деген ақпарат бар. Бұл спортшылар Қазақстанда туып-өскен спортшылардың жолын жабады. Ұлттық құрамадағы жерлестеріміздің орнын иемденіп, солардың айлығын алады. Легионерлер белгілі бір келісімшартқа отырып, көк паспорт алады. Бірақ оның қандай келісімшарт екенін бізге жарияламайды. Ол жерде де ақша жүреді. Азаматтықтың да қадірі кетеді. Ең қауіптісі, болашақ спортшылардың жолын жабады. Легионерлерді әкеліп жатқан азаматтар: «Олар білгендерін балаларға үйретеді» деп сылтау айтады. Бірақ бүгінге дейін балаларды тәрбиелеп жүрген бір легионер спортшыны көрген жоқпыз. Көпшілігі ақшасын алады да, кейін елдеріне тайып тұрады. Олардың келіп, кеткенінен біздің елге де пайда жоқ. Қазақтілді аудитория, қазақ қоғамы легионерлерге түбегейлі қарсы. Менің де ойым солармен бірдей. Жеңілсе де Олимпиадаға қазақ балалары барсын. Мейлі олар үздік нәтижеге жетіп, чемпион болмай-ақ қойсын. Бірақ үлкен жарысты көрсін. Ол бала ешқашан Отанынан кетпейді. Жинаған білімін болашақта өзінен кейінгілермен бөліседі. Жеңе алмаса да бір қазақтың баласына жол ашып берейік. Легионерлерді жарылқағаннан ештеңе шықпайды.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Көктем ҚАРҚЫН