«AMANAT» кеңесінде үш өңірдің түйінді мәселелері талқыланды

Кәсіпкерлер, отандық тауар өндірушілер мен шаруалар өздерін толғандыратын өзекті мәселелерді ортаға салды.

«AMANAT» партиясы Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында экономика, кәсіпкерлік және аграрлық секторды дамыту мәселелері бойынша кеңес өткізді. Талқылауға бизнес өкілдері, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, «Атамекен» ҰКП Өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің мүшелері, облыс әкімдерінің орынбасарлары қатысты. Сондай-ақ, кәсіпкерлер сұрақтарды тікелей қойып, жауап алуы үшін жиынға құзырлы  ведомстволардың вице-министрлері мен комитет басшылары арнайы шақырылды.

 

«Партиямызда трансформация ұдайы жүріп жатыр. Соның ішінде Кеңестердің жұмысын өзгертіп, саннан сапаға көштік. Өздеріңіз білесіздер, партия жанынан осыған дейін мыңнан астам Кеңес жұмыс істеді. Қазір олардың саны 370-ке қысқарды. Ондағы мақсат – Кеңестерді проблемаларды нақты шешетін партия органына айналдыру, азаматтардың мәселерді емін-еркін келіп айта алуына мүмкіндік жасау», – деді жиынды ашқан партия Хатшысы Эльдар Жұмағазиев.

Ашық диалог форматында өткен жиында кәсіпкерлер, отандық тауар өндірушілер мен шаруалар өздерін толғандыратын өзекті мәселелерді ортаға салды. Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбековке қойылған алғашқы сауал мемлекеттік сатып алуға қатысты болды. «Орал сауда өнеркәсіп компаниясы» ЖШС бизнесті дамыту бөлімінің басшысы Александр Капустин инженерлік желілерді жүргізу кезінде құрылыс-монтаждау жұмысына арналған конкурстардың жеңімпазы көп жағдайда елдің басқа аймағында орналасқан компаниялар болатынын алға тартты.

«Бұл ретте өңірде қажетті ресурсы жоқ жеңімпаз компания, техникамен және қызметкерлерімен бірге қосалқы мердігерлікке жергілікті компанияны алады. Көбінесе тек пайда табуды көздеген бас мердігер сапаға көз жұма қарап, қосалқы мердігер компанияны ең арзан материалдармен қамтамасыз етеді. Ал апат орын алғанда кінәліні табу өте қиын. Мұндай оқиғаларды болдырмау үшін инженерлік желілерді жүргізу және жол салу кезінде жергілікті компанияларға басымдық беру керек деп санаймыз», - деді ол. Сондай-ақ, ол бас мердігер тек кепілдік мерзімінде ғана емес, нысанды пайдаланудың барлық мерзімінде техникалық қолдауды қамтамасыз етуі керек деп есептейді.

Бұған жауап ретінде Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков мәселенің бүгінде шешімін тапқанын жеткізді.

«Осы жылдың наурыз айында Мемлекеттік сатып алу ережесіне тиісті өзгерістер енгізілді. Оған сәйкес құрылыс-монтаждау жұмысын жүргізу кезінде аумақтық белгілерге басымдық беріледі. Ал кепілдік мерзімі бойынша нысанды пайдаланудың барлық мерзімінде техникалық қолдауды қамтамасыз етуі керек деген ойыңызбен келіспеймін. Бүгінгі таңда кепілдік мерзімі 2 жылға белгіленген. Біз мұны жеткілікті деп санаймыз. Кепілдік мерзімін ұзарту туралы шешімді «Атамекен» ҰҚК-мен бірлесіп қана қабылдау қажет», – деді вице-министр.

Бүгінде дүкен сөрелеріндегі импорттық тауарлардан көз сүрінеді. Алайда олардың мемлекеттік тілдегі қосымшасы, этикеткасы жоқ. Отандық кәсіпкерлер Ресейден келетін сүт өнімдерінің сапасына да алаңдаулы. Осы орайда, Маңғыстау облысындағы «АсылТрансГруп» ЖШС-ның директоры  Раушан Аймұрзаева шетелден келетін тауарлардың сапасы мен отандық өндірушілерді қолдау мәселесін көтерді.

«Министрлік өнімнің талаптарға сәйкестігін қалай бақылайды? Мысалы, Ресейдегі қадағалаушы орган тауардың сәйкессіздігін анықтаса, ол дереу сөреден алынады. Біздегі жағдай қандай? Министрліктің отандық өндірушілерді қорғау мақсатында сөреге қойылатын тауарлардың тепе-теңдігі мен олардың түрін бақылауға қатысты қандай жоспары бар?», – деген сұрақ қойды кәсіпкер.

Бұл ретті, Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Балықбаев мнистрліктің Техникалық реттеу және метрология комитеті бас-аяғы 2,5 айдың ішінде сүт өнімдерінің талаптарға сай келмеуіне қатысты 42 декларацияның күшін жойғанын мәлімдеді.

«Бұл – жұмыс істеп тұрған механизм. Біздің сол тетікті пайдалануға мүмкіндігіміз бар және пайдаланып та келеміз. Бұдан бөлек, Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің «Ұлттық сараптама орталығы» 13 импорттық өнім өндірушінің 19 түрлі сүт өніміне сараптама жүргізіп, 5 шетелдік кәсіпорынның өнімі май-қышқыл құрамы бойынша техникалық регламентке сәйкес келмейтінін анықтады. Анықталған сәйкессіздіктер туралы біздің комитет «Россельхознадзор» федералдық қызметіне бірден хабарлады», – деді ол.

Сондай-ақ вице-министр отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында бүгінде «Қазақстанда жасалған» жалпыұлттық жобасы бойынша жол картасын әзірлеуге қатысты кешенді жұмыс атқарылып жатқанына сендірді.