Шаруашылықты дамыту былай тұрсын, бүгінде тіпті көп аймақ үшін мал бағатын адам табудың өзі мұңға айналып барады. Ауыл шаруашылығын қайтсек дамытамыз? Санғасырлық тарихы бар сала неге кенжелеп қалды? Агросектор саласына қатысты сауалдарымызды ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Қосыбек Ырзағалиевке қойған едік.
– Ауыл шаруашылығын қайтсек дамытамыз? Санғасырлық тарихы бар сала қазір неге тұралап қалды?
– Мен 1970 жылы Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтын «ғалым-зоотехник» мамандығы бойынша бітірдім. Ескіні еске алып отырған себебім – бүгінде «зоотехник» сөзінің қолданыстан қалып бара жатқаны. Бағзы заманда ата-бабамыз төрт түлікті сұрыптап өсірген. Мәселен, сою керек болса, семіртеді. Сауу қажет десе, сүттісін алады. Немесе көші-қонға күштісін қатарға қосады. Мал санын көбейтуге ұмтылса, төлдегішін таңдайды. Ертеректе ол кісілер «зоотехник» дегенді мүлдем білмеген. Алайда талай жылғы тәжірибе нәтижесінде мал шаруашылығын өздерінше ғылыми тұрғыда басқарған. Көне көздердің жадында шығар, өткен ғасырдың 70-80- жылдары шаруашылық басшыларының 90 пайызы дерлік зоотехник болатын. Кеңестік құрылымдардың кем-кетігі жоқ деп айтпаймын, бірақ мал шаруашылығы жоспарлы түрде жан-жақты өркендеді. Оған үлкен маңыз берілді. Өйткені, шын мәнінде ауыл қаланы асырады. Ал саланы ғылыми тұрғыдан басқару соны соқпаққа, жаңа бастамаларға жол ашты.
Мал басын асылдандырып, олардың тың түрлерін шығаруға сан ұрпақ талай жылын жұмсады. Мәселен, академик Хисмет Үкібаев жетекшілік еткен мамандар мен ғалымдар «Атырау елтірілі, етті-майлы құйрықты қойы» тұқымын шығарумен ширек ғасырдан аса уақыт шұғылданды. Атап айтқанда, 1974-1998 жылдары қазақтың қылшық жүнді құйрықты қойы мен еділбай саулығын қаракөл тұқымының сұрхандариялық сұр түсті және қарақалпақтың тұқым ішіндік типтегі қошқарларымен күрделі өндіре будандастыру жүзеге асырылды. Кейін екінші ұрпақтағы будандарды «өз ішінде» өсіру мәреге жеткізілді. Міне, соның бәрін шыдамдылықпен күтіп, күні-түні селекциялық шарамен шұғылданған ғалымдар мен мамандардың мінсіз қызметіне таңғалмасқа бола ма?
Мал тұқымдарының жаңа түрлері мен сүлелерін шығару, өнімділігін арттыру – бүгіннің, яғни нарықтық экономиканың сұранысы мен талаптарына байланысты. Өмір өзгерістеріне орай малдың жаңа тұқымын шығару қажеттігі де туындауы әбден ықтимал.
– Сонда не істеу керек? Қазіргі мал өсірумен айналысушылар қандай міндеттерге назар аударуы қажет?
– Қазіргі күнделікті құбылмалы өзгерістер қажетті өнімге деген сұранысты, өнімнің сапасы мен құрамын түрлендіріп отыруды талап етеді. Ал қазіргі мал өсірумен айналысатын шаруашылық құрылымдардың көпшілігінде зоотехник маман болмағандықтан, зоотехникалық жұмыстар нақты жүргізілмейді. Жергілікті шаруашылықтарда селекциялық асылдандыру жұмыстарын жүзеге асыра алатын, малдың тұқымдық сапасы мен қасиеттерін ажырата білетін мамандар аса керек. Себебі «іс тетігін кадр шешеді» деген қағида қай заман болса да өз күшінде қалады, оны өмірдің өзі дәлелде-ген.
Егемендік жылдары ауыл шаруашылығын жосықсыз жекешелендіріп, қыруар малды ұстағанның қолына беріп жіберген соң зоотехника да ұмыт болды. Бұған бұл бағытта жүргізілген жөнсіз реформалар кінәлі. Бұрынғы ұжымдық құрылымдар тарап, бар шаруа жекенің қолына көшкен соң әркім өзінше тірлік жасауға көшті. «Мал менікі, не істесем де, өзім білемін» деген түсінік қалыптасты. Расында да, әркімнің ауласында тұрған төрт түлікке көлденең кісі иелік ете алмайды ғой. Ал кейін сол малынан ауру табылса, атқарушы билікке жүгіреді. Бәрін мемлекет есебінен толтыруға тырысады. Бұл – бұрыннан қалыптасқан масылдықтың белгісі. Соны жеңе алмай келеміз.
– Қазіргі қалыптасқан ахуал мал шаруашылығына ғылыми негіздердің жетпей жатқанын көрсететіндей. Сіз қалай ойлайсыз?
– Жалпы, ауыл шаруашылығына түпкілікті жаңа көзқарас керек. Төрт түлікпен ғылыми тұрғыда жұмыс істеуге көшкен дұрыс. Мұны мемлекеттік тұрғыда маңызды мәселе деп түсінген жөн. Сөз жоқ, өткен 30 жылда бұл бағытта талай бағдарлама қабылданды. Бірінен екіншісі озық тәрізді көрінді. Ешқайсысын да жатсынғанымыз жоқ, бәрін қабылдадық. Бірақ біреуі де жүйелі жүзеге асқан жоқ. Өйткені саланың министрі ауысса, жаңа басшы өз бастамасын ұсынады. Мемлекет басшысы кезінде бұл бағытта лайықты сын айтқан-ды. Расында, қолға алынған шаруа неге мәреге жеткізілмейді? Орта жолда тұралап қалатыны қалай? Президентіміз ауыл шаруашылығын дамытуға соңғы жылдары ғана миллиардтаған теңге жұмсалғанын айтқан. Соның қайтарымы қайда? Міне, жауапкершіліктің сұралатын жері. Мұны бірінші деп қоялық.
Екіншіден, ірілі-ұсақты құрылымдарда ғылыми негізде жұмыс істейтін адам қалмады. Біз секілді сексеннің сеңгіріне жақындаған ғалымдар әлі іс басында болғанымен, шаруаны әрі қарай жалғастырып кететін жастар қайда? Оқу орындарын бітіріп жатқан азды-көпті мамандарды қалай қызықтыруға болады? «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бұларды айналып өткені ме? Мәселен, Атырауда аграрлы-техникалық колледжі бар. Кеңестік кезде ауыл шаруашылығы техникумы аталған-ды. Шындығында, байырғы мамандардың дені бастапқы білімді осында алатын. Мұны бітірген мамандарды қаладан шығара алмайсың. Дипломын қолтықтап, көшеде әртүрлі шаруамен айналысып жүр, бірақ ауылға қатысы жоқ. Ендеше несіне оқиды? Ата-ананың аузынан жырып берген ақшасын далаға шашқаны ма? Осы орайда кейбір шешімді шараларды жүзеге асыру қажет. Алдымен ауыл шаруашылығын ғылыми тұрғыдан басқаруға батыл бет бұру керек. Ауыл шаруашылығы саласының ғалымдары мен мамандарын барынша қолдау қажет. Жастардың зоотехник мамандығына қызығушылығын арттыру керек. Атадан балаға мұра болып қалған кәсіпті жан-жақты насихаттаған жөн. Қазір жұмысшы мамандығын дәріптеп жатырмыз ғой. Мұнда да сондай тәсіл қолданған абзал. Бейнероликтер даярлап, соны теледидардан жиі көрсеткен дұрыс. Оқу орындарында осы мамандыққа студенттер қабылдауда ауыл балаларына ден қойылса, оларға емтихан тапсыру барысында жеңілдіктер жасалса, кейбір мәселе шешіліп те қалуы мүмкін.
– Кейде дипломы бар маман болғанымен, шаруашылық басында оған сұраныс бола бермеуі де мүмкін ғой...
– Сол себепті шаруашылықтарда зоотехник мамандығын енгізуді міндеттеу керек деп ойлаймын. Бұл ретте фермерлердің жекеменшік екені алға тартылар. Әйтсе де, мал шаруашылығын дамыту, төрт түлікті өз төлінен өсіру, оны асылдандыру, сапалы өнім өндіру мен өткізу мемлекеттік міндет емес пе? Адамдар әрі қолжетімді, әрі қауіпсіз ас тұтынуы керек қой. Егер осы саланы сауықтыра алсақ, қазіргідей сыртқа тәуелділіктен құтылмаймыз ба? Жасыратыны жоқ, бүгінде республикаға азық-түліктің дені тыстан тасылып жатыр. Мұның түбі жақсылыққа соқтырмайды.
Сондай-ақ малдан тарайтын жұқпалы аурулар адамға жұғады. Әр жылы түрлі дерттің салдарынан төрт түлік қырғынға ұшырап жатады. Тәжірибелі зоотехниктер «Малды іріктемесең, тұқымы азады, қонысын жаңартпасаң, өрісі тозады» дейді. Бірақ соған кім құлақ асып жатыр? Расында да, өнімділігі төмен, тұқымдық қасиеті нашар малды ұзақ уақыт бағу одан алынатын ет пен сүттің сапасына кері әсер етеді. Мал ағзасы түрлі табиғи факторға төзімсіз болады. Ал дұрыс тамақтанбаса, ауруға шалдығып, шетіней бастайды. Мұндайда амалсыз пышаққа жығуға тура келеді. Міне, бұл жерде де зоотехник мамандығының рөлі зор екені түсінікті.
Қазір ауылда жүрген аз ғана мал мамандарының жалақысы мардымсыз. Олардың айлығы кеңестік кезде де төмен-ді, содан бері жақсарғаны шамалы. Шаруашылықтардың да кінәсі жоқ. Дені субсидиямен күн көріп отыр. Міне, 30 жыл болды, жүн мен тері мәселесі шешілмей келеді. Бұл қосымша табыс көзі болар еді. Шаруалар шығындарын ақтау үшін өнімдерін қымбатқа сатуға мәжбүр. Ал мұны мемлекеттік тежеу тетігі тағы бар. Тіпті, азық-түлік бағасын өсіру елде инфляция деңгейінің көтерілуіне әкеліп соқтырады. Үкімет бұған рұқсат ете ме? Әрине, жоқ. Ендеше «қой да аман, қасқыр да тоқ» дегендей, тығырықтан шығатын жол бар ма?
Қазақ «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дейді. «Ауру астан» деген де бар. Қайткенде де, ғұмырын төрт түлікпен байланыстырған ауыл үшін зоотехник өте қажет. Бүгінде ауылда маман түгілі мал бағатын адам қалмаған. Ел бойынша солай шығар, ал Атырауда ерлі-зайыпты бақташы іздеген хабарландыру газет бетінен түспейді. Демек, табылмай жатқаны ғой. Мұның соңы шаруашылықтардың тарап кетуіне апарады.
– Сонымен, шұғыл түрде мемлекет тарапынан қандай шаралар қабылдануы қажет деп санайсыз?
– Қазір кейбір әкімдердің өздері басқарған аймақта жүздеген гектар жерді заңсыз рәсімдегені айтылуда. Кейбір елді мекен төңірегі сым қоршаумен бөлінген. Иелері өздері де пайдаланбайды, өзгеге де бермейді. Кейбір ауыл тұрғындары азды-көпті малын жаятын жер таба алмай жүр. Қолданыстағы заңдылықтар бойынша, іргедегі жер ортақ меншік саналғанымен, әлділер әлдеқашан қожалық етуде.
Республикадағы қымбатшылыққа жауапты құрылымдар қатарында Ауыл шаруашылығы министрлігі де аталады. Жә, жазықтылар жазаланар. Бірақ одан ортақ ахуал сауыға ма? Мақсат – біреуді кінәлап, оны айыпқа жығу емес, тығырықтан шығар жолды бірлесіп табу. Мүмкін жауапкершілікті арттыратын заңдылықтар қабылдау қажет шығар? Тіпті, барлық билікті министрлікке топтағанша, кейбір мәселені жергілікті атқарушы билікке берген дұрыс тәрізді. Солар өңірдің өзгешелігін көбірек біледі ғой. Тосын жағдай бола қалса, Астанаға жалтақтамай, шұғыл шешім де қабылдар еді.
Жоғарыда айтқанымдай, зоотехник мамандығының маңызын көтеру керек. «Ғалым-зоотехник» кімнен кем еді? Оның бағасы неге түсіп кетті? Шұғыл шара қажет. Әйтпесе, ауыл шаруашылығына жұмсалған қыруар қаражаттың қайтарымы болмайды. Еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төнеді. Ал оны болдырмау – баршамыздың ортақ міндетіміз.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Баян ЖАНҰЗАҚОВА