Ынтымақтастықты жандандыру үшін ауған тарапына Герат қаласындағы Қазақстанның сауда үйінің әлеуетін пайдалану және Қазақстанда өзінің сауда өкілдігін ашу ұсынылды.
Серік Жұманғарин Ауғанстанның сауда министрімен ынтымақтастық аспектілерін талқылады
751
оқылды

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин мен Ауғанстанның сауда және өнеркәсіп министрі Алхадж Нұриддин Азизи ынтымақтастықтың негізгі аспектілерін талқылады. Бұл туралы ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі хабарлады.

Серік Жұманғарин сәуір айында Кабулға сапары кезінде тараптар елдер арасындағы тауар айналымының көлемін $1 млрд-тан $3 млрд-қа дейін ұлғайту міндетін қойғанын атап өтті.

«Қазақстандық компаниялардың Кабулға соңғы сапарының қорытындысы бойынша біздің энергетикалық сусындарымыз, ұн өнімдері, минералды тыңайтқыштардың алғашқы жөнелтілімі болды, күнбағыс майына да қызығушылық бар. Ауғанстаннан импортта ауылшаруашылық өнімдерімен қатар тоқыма бұйымдары пайда болды. Белсенділік танытатын жұмыс бағытымыз бар», — деді Серік Жұманғарин.

Ынтымақтастықты жандандыру үшін ауған тарапына Герат қаласындағы Қазақстанның сауда үйінің әлеуетін пайдалану және Қазақстанда өзінің сауда өкілдігін ашу ұсынылды.

Кездесуге қатысушылар қолданыстағы сауда жолдарын дамыту, Ауғанстан және оның аумағы арқылы тауарларды жеткізудің баламалы бағыттарын құру мүмкіндіктерін талқылады.

Қазақстан отандық компаниялардың Ауғанстанда, әсіресе көлік, тау-кен, телекоммуникация және ауыл шаруашылығы салаларында іске асырылатын басқа да экономикалық жобаларға қатысуын қарастыруда.

Атап айтқанда, биыл сәуір айында қазақстандық делегацияның Кабулға сапарынан кейін «Қазақтелеком» АҚ Ауғанстанға коммерциялық негізде талшықты-оптикалық интернетті жеткізуге ауған тарапымен келісімшартқа қол қойды.

Қазақстан мен Ауғанстан білім беру бағытында да ынтымақтасады. Бүгінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Ауғанстанның 130 студенті білім алуда.

Серік Жұманғарин қызығушылық танытқан жағдайда Қазақстанда Ауғанстаннан келген студенттердің санын көбейтуді ұсынды.