Бір айдан соң жаңа оқу жылы басталады. Cтуденттің алаңсыз білім алуы үшін жайлы жатақханамен қамтудың маңызы зор. Жыл сайын жатақхана жетіспеушілігі, жайлы да арзан пәтер табу мәселесі студенттердің бас ауруына айналып кеткен.
Жатақхана «жыры» жалғаса ма?
964
оқылды

Әсіресе, Алматы, Астана секілді үлкен қалаларда бұл мәселе тіпті күрделі десек болады. Жалпы, елімізде 1 миллионнан астам студент білім алады. Былтыр жаңа оқу жылында жатақханаға мұқтаж студенттердің саны 89 мыңнан асса, биыл жатақхана тапшылығы 70 мыңға жуық орынды құрап отыр. Яғни, осыншама студент пәтер жағалайды деген сөз. Осы ретте жатақхананың биылғы «жырын» анықтауға тырыстық.

Министрлік не дейді?

Былтыр еліміз бойынша 89 мың сту­­­дентке жатақхана жетіспеген. Тұр­ғын жайдың тапшылығы рейтингін Алма­ты мен Астана қалалары бастап, Ал­­­матыда 37 мың, бас қалада 14 мың сту­дентке жатақхана керек болған еді. Сон­дай-ақ солтүстік көрші мемлекетте жап­пай мобилизация жарияланып, елі­мізге келген мигранттардың аса көп­ті­гі­нен пәтер құны аспандап, студенттердің да­лада қалып, олардың көшеде, мет­ро­лар­да түнегені туралы ақпарат желдей ес­кен болатын. Жатақханадан орын же­­­­­­­тіспей, пәтер жағалаған студенттерге бұл өте ауыр соққы болған. Ал биылғы жағ­­дай қалай болмақ? Жауапты құзырлы ме­­кемелер жаңа оқу жылына қан­ша­лық­ты дайын?

Осыған орай жаңа оқу жылына жа­тақ­хана тапшылығы қаншалықты дең­гейде екенін білу мақсатында Ғылым жә­­не жоғары білім министрлігіне ха­бар­лас­тық. Ведомствоның хабарлауынша, биыл еліміз бойынша жатақханалардағы орын­дарға қажеттілік 69 236 орынды құ­рап отыр. Оның ішінде Алматы қала­сын­да 30 328 орын, Астанада 13 834 орын, Ақмола облысында 3 049 орын же­тіспейді. Ал қажеттілік 109 ұйымда, оның ішінде 48 жоғары оқу орнында        61 техникалық және кәсіптік бі­лім беру ұйымында бар. Сонымен қатар осы жылдың соңына дейін 10 949 орын­дық 37 жатақхананы іске қосу жос­пар­лан­­­­­ған, оның ішінде 3 060 орын­­дық 9 жатақхана ендігісі пайдалануға бе­ріл­­ген. Астана мен Алматыға халықтың, оның ішінде студенттердің көптеп ағы­ла­тынын ескерсек, министрлік берген мә­ліметтер көңіл көншіте ме?!

Мәжілісмендер мәселе төңірегінде...

Жалпы, мәжіліс мінберінде жа­тақ­хана мәселесі аз көтеріліп жүр­ген жоқ. Әсіресе, жыл сайын бұл ту­ралы Мәжіліс депутаты, «АMANAT» пар­тиясы фракциясының жетекшісі  Елнұр Бей­сен­баев айтардай-ақ айтып келеді. Өткен ай­да да осы мәселе төңі­регінде Үкімет бас­шысына депутаттық сауал жолдаған де­путат жатақхананың жайы көңіл көн­шітерлік емес екенін алға тартқан еді. Оның айтуынша, осы жыл­дың жоспа­ры­на сәйкес 11 400 орындық 34 жатақ­ха­на іске қосылуы тиіс еді. Бірақ бұл про­­цестің өте баяу әрі тиімсіз шара­лар­­дың әсерінен орындалмай қалу қаупі жо­ғары. Жыл бел ортасына жетсе де, 

6 ай­да 11 мың орыннан астам салынуы тиіс жатақханалардың тек 900 орындық екеуі ғана, яғни 8 пайызы ғана іске қо­сыл­ған. Сонымен қатар сол тізімдегі жа­тақ­ханалардың 2,2 мың орны мүлдем са­лынбай қалу қаупінде тұрған көрінеді. Депутат жатақхана төңірегінде бірқатар мә­селенің мәнісін атады. Біріншіден, ай­мақтағы университеттерде сол ма­ман­дық­­тарға берілетін грант санының жоқ­тығы болса, екіншіден, университеттер сту­денттерді қабылдау кезінде ауди­то­рия, жатақханасы жеткілікті ме, асха­на­сы бар ма, оқытушы сағаттары жете ме де­ген сияқты мәселелерді ескермейді. Кей­бір университеттер студенттерді мүл­дем шамадан тыс қабылдауының сал­дарынан студенттері метро мен вок­залда түнеп, көше кезіп, арзан пәтерлерді қа­ланың шеткері аудандарынан іздеп кеткенін тілге тиек еткен депутат білім беру ұйымдарына жер бөлу, ғимарат­тар­дың нысаналы мақсатын өзгерту, қажетті құ­жаттарды реттеу бойынша жұмыстар­ды бюрократияға айналдырмау керегін айтты. 

Осы ретте біз талай жыл Шерхан Мұр­таза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтында рек­тор болған, бүгінде Мәжіліс депутаты Ер­болат Саурықовқа хабарласқан едік. Оның айтуынша, жатақхана мәселесін аз уақытта шешу оңайлыққа соқпайды. Се­бебі демографиялық өсімге байла­ныс­ты алдағы бес жылда студенттердің са­ны бірнеше есеге артпақ. Яғни, жатақ­хана тапшылығы алдағы уақытта күшейе түсуі мүмкін. Осы ретте жатақхана мәсе­ле­сін мемлекеттің қолдауынан бөлек жо­ғары оқу орындары жекеменшік се­рік­тестіктер арқылы, сонымен қатар ме­кеменің табысынан түскен қаржыға жә­не Ғылым және жоғары білім ми­нистр­лігінің қаржы орталығынан несие­лер алып, ескі ғимараттарды күрделі жөндеуден өткізіп, жатақханаларға ай­нал­дыру арқылы да шешу керегін алға тарт­ты. Сонымен қатар Ерболат Бай- ұ­зақ­ұлы студенттерге тек үлкен мего­по­листегі университетті таңдамай, өңірлік оқу орындарды да таңдауға кеңес берді. 

«Көптеген студент мамандықты таң­дамай, тек гранттар мен үлкен қала­лар­да­ғы танымал университеттерді таңдай­тын­ы рас. Үлкен мегаполистердегі білім беру мекемелеріндегі білім сапасы өз­ге өңірлерде де бар, тіпті кей жағдайда ар­тық. Бірақ осыған мемлекет те мүдделі бо­лып, білім беру гранттарын бөлу ке­зін­де осыны ескеріп, еліміздің басқа ай­­­мақтарындағы оқу орындарына мақ­сатты гранттарды көптеп беруді қарастыруы керек», – дейді депутат. 

«Өзіңіз ректор болып тұрғанда бұл мә­се­лені қалай шештіңіз?» деген сұра­ғы­мызға депутат институттың үнемдел­ген қаржысымен Тараздағы ке­зінде «Тараз» қонақүйі болған үлкен ғи­марат­ты сатып алып, реконструкция жа­сап, күрделі жөндеуден өткізіп, жа­тақ­ханаға үйлестіріп шешкенін айтты. 

«Қазір өзіміздің шығарған қаржы­мыз­­ды министрлік қайтарып жатыр. Жал­­пы, жатақхана мәселесінде жоғары оқу орнының басшылары тек Үкіметке аузын ашып қарап отыруға болмайды. Жо­­ғары­дағы біз жасаған үлгіні басқа да жо­ғары оқу орындары пайдаланса, со­нымен қатар екінші деңгейдегі банктегі несиелер арқылы да бірқатар мәселені шешуге болады», – дейді ол. 

Сондай-ақ мәжілісмен шетелдегі тә­жіри­белерді тілге тиек етті.

«Маңайымыздағы көршілерде де біз­дегі мәселе өзектілігін әлі жойған жоқ. Ал батыс мемлекеттерінде бұл мәселе жол­ға қойылған. Біріншіден, ондағы университеттердің бірнеше жүз жылдық тарихы бар. Ұзақ жылғы дамуды бастан өткергендіктен, бұл мәселе оларда түбе­гей­лі шешілген. Ал біз дамушы мемлекет қатарына жатқандықтан, бізге де бір­ша­ма уақыт керек. Ал Еуропа немесе АҚШ-тағы жоғары оқу орындарында бірінші келісімшартта студенттің гранты немесе ақылы оқуы туралы көрсетілсе, екінші келісімшартта жатар орның мен тамағың көр­сетіледі. Мысалы, Американың Маями қаласында Халықаралық қаты­нас­тар университеті бар. Сонда егер ақы­лы оқуға түссең, оқу ақысынан бөлек қо­сымша ақы төлеп жатақханаға орна­ласасың. Сол сомаға үш мезгіл тамағың да кіреді. Яғни, онда сенің білім алуыңа барлық жағдай жасалған. Грантқа түссең де, ақылы оқуға түссең де жатақхана мә­селе емес. Тағы бір айта кетерлігі – біз­дегі жатақханалардың сапасы. Біздегі көп жатақхана кезіндегі кеңес дәуірінен қалған, сол кезеңдегі стандарт бойынша салынған. Яғни, ортақ дәретхана, ортақ душ бөлмелері деген сынды. Қазіргі уа­қыт талабы басқа. Мысалы, біз Шерхан Мұр­таза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтында қонақүй са­тып алған кезде сол қонақүй стандар­тын сақтадық. Әр бөлмеде жеке душ бөл­месі мен дәретхана болды. Биыл екін­ші жатақхананы іске қостық. Ол жа­тақхана тіпті халықаралық заманауи стан­дартқа сай келеді. Онда әр бөлмеге жеке дәретхана мен душ бөлмелерін қос­пағанда, тіпті тамақтанатын бұрыш жа­садық. Арнайы демалатын коворкинг ор­талықтары мен демалатын, уақыт өт­кізетін бөлмелеріне дейін қарастырыл­ған», – дейді ол. 

Қыркүйекке дейін мәселені шешуді тапсырды

Жалпы 2018-2022 жылдар аралы­ғын­да 40 662 орындық 168 жа­тақ­хана пайдалануға беріліпті. Жыл сайын көші-қон мен миграцияның, де­мог­рафиялық өсу қарқынына қараған­да бұл көрсеткіш тым аз емес пе?! Мем­ле­кет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та өз сөзінде студенттік жатақхана мәсе­ле­сіне бейжай қарауға болмайтынын ай­тып, жастардың білімге ден қойып, бо­лашақ мамандықты толыққанды мең­геруіне осындай тұрмыстық сұрақтардың ке­дергі келтіретінін ескерткен болатын. 

Осы ретте күні кеше Премьер-Ми­нистр Әлихан Смайылов Мемлекет бас­шы­сы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әді­лет­ті Қазақстан: бәріміз және әрқай­сы­мыз үшін. Қазір және әрдайым» сай­лауал­ды бағдарламасын іске асыру жө­нін­дегі республикалық штабтың оты­ры­сында студенттік жатақханалардағы орын тапшылығы мәселесін талқы­ла­ған болатын. Онда Ғылым және жоғары бі­лім министрі Саясат Нұрбек биыл 11 мың орындық 37 нысан, оның ішінде ЖОО студенттеріне арналған – 26, кол­ледж студенттеріне арналған  11 жатақ­хана пайдалануға берілетінін, бірақ 1,4 мың орындық 4 нысан жоспарлы мер­зімін­де пайдалануға берілмеуі мүмкін еке­нін де айтты. Бұл – «Астана медицина уни­верситеті» КЕАҚ жатақханасын күр­делі жөндеу, Алматы қаласында 400 орын­дық жатақхана салу және 450 орын­дық екі жатақханаға күрделі жөндеу жүр­гізу сынды жобалар.

Сондай-ақ министр жатақханалар құры­лысы кезінде инвесторлар ке­зі­гетін негізгі проблемалар қатарында ны­сандардың мақсатын өзгерту, заттай грант­тар беру және коммуналдық же­лілерге қосылу мүмкіндігінің шектелуін­дегі қиындықтарды атаған болатын. Өз кезегінде Үкімет басшысы бұл мәселе уа­қытылы шешілмейтін болса, жағдай одан сайын қиындай беретінін ескертіп, бұл жөнінде бірқатар проблема барын айтты. 

«Көптеген университет басшылары сту­денттерге тиісті жағдай жасау өзде­рі­нің тікелей міндеті екенін іс жүзінде ұмы­тып кетті деуге болады. Өз кезегінде Ғы­лым және жоғары білім, Оқу-ағарту ми­нистрліктері университеттер мен кол­ледждердің сырттан келген студенттерді жа­тақханамен толық қамтамасыз ету та­­­­лап­тарының орындалуына қатысты жағдайды бақылап отырған жоқ. Сон­­дай-ақ әкімдіктердің тарапынан да үй­лес­тіру жұмыстары нашар», – деді Пре­мьер-Министр.

Оның айтуынша, оқуға қабыл­дан­ған сту­денттер жатақханада орын жоқ екенін орналасуға келген кез­де бір-ақ біледі. Сосын оқуға дайын­далу­дың орнына олар өз бетінше тұратын бас­пана іздеуге мәжбүр болады.

Әлихан Смайылов 1 қыркүйекке дейін студенттерге жатақханадан орын бөлу жұ­мыстарын барынша күшейтуді, сон­дай-ақ биылға жоспарланған 37 нысан­ның барлығының мерзімінде тапсы­рылуын қамтамасыз етуді міндеттеді. Ол үшін Ғылым және жоғары білім, оқу-аға­рту министрлері, облыс әкімдері ті­ке­лей жауапты екенін атап өтті.

Аймақтардағы ахуал қалай?

Статистикаға сәйкес, жатақханаға мұқ­таж студенттер саны бойынша бірінші орынды Алматы, екінші орынды Астана, үшінші орынды Түркістан обысы, төртінші орынды Ақмола облысы алып отыр. Алматының бірінші орыннан көріну себебі белгілі. Өйткені онда еліміздегі студенттердің шамамен үштен бірі тұрады. Жылдан-жылға мегаполиске келетін студенттер саны артып келеді. Осыған байланысты шаһарда студенттік жатақханаларға деген сұраныс жоғары. Алматыда 35 оқу орнында білім алатын 180 мыңнан астам студент бар. Қалада қа­зір жалпы саны 98 жатақхана қолда­ныс­та, бірақ тағы 37 мыңға жуық сту­дент­ке орын жоқ. Ақмола облысы Білім бас­қармасының  дерегінше, студенттік жатақханаларда орын тапшылығын ше­шу үшін облыс орталығында 4 студенттік жатақхананың құрылысы жүргізілуде. Жатақханаларда осы орындарды енгізу кезең-кезеңмен іске асады. 2023 жылы – 600 орын, 2024 жылы тағы 600 орын қол­­­­данысқа беріледі делінген. 

Ал Қызылордада 2022-2023 оқу жы­лын­да облыстағы жоғары оқу орын­да­рын­да, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында 36 238 студент білім алса, оның ішінде 5 793 студент жатақ­ха­намен қамтылған. Аймақтың 30 кол­лед­жіндегі 20 672 студенттің 3646-сына жатақхана берілген екен. 

Ал Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңір­­­­лік университетінің әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі про­рек­торы Есбол Муханбетқалиевтың ай­туын­ша, университетте жатақхана мә­селесі шешілген. Студенттерге арналған 2 200 орынды 3 студенттер үйі мен Жас­тар үйі бар. Студенттер үйіне орналасу үшін ашықтық пен айқындықты сақтау мақ­сатында Smart Arsu мобильді қосым­шасы арқылы жүзеге асырылады екен. Студенттер үйіне білім алушылардың әлеуметтік категориясы бойынша жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған студенттер тегін орналасады. 

Биылғы оқу жылында студенттер үйінде белсенділігі үшін 20 сту­дент­ке осы оқу жылында тегін тұруға рұқ­сат берілді. Студенттердің қажеттілігі туындаған жағдайда «Эрудит бизнес» (300 орын) және Salem Space (150 орын) студенттер үйлерімен меморандум жа­сал­ды. Сонымен қатар «Зерек» балалар­ды дамыту орталығы жабылып, студент­терді орналастыруға 50 орын дайындалып жатыр екен.

Елордадағы Назарбаев уни­вер­ситетіне хабарласқанымызда 2023-2024 оқу жылындағы жағдай бойын­ша Назарбаев университетінің жатақ­хана қоры 4 796 төсек-орынмен қамтыл­ғанын білдік. Бұл қазіргі докторантураны қоспағанда, барлық бағдарлама бойын­ша студенттердің жалпы санының 71 пайы­зын орналастыруға мүмкіндік бе­реді. Ал өткен оқу жылында (2022-2023) жа­тақханада 4 400-ге дейін адам тұрған, бұл сол кезеңдегі жалпы төсек-орын са­нының 98 пайызын және докторантура­дан басқа барлық бағдарлама бойын­ша оқитын студенттердің жалпы саны­ның 63 пайызын құраған.

«Жо­ғары оқу орнына дейінгі дайын­дық (Foundation) және бакалав­риат бағ­дарламалары бойынша оқитын ай­мақ­тардан, басқа қалалардан келген сту­денттің барлығы жатақханадан бас­па­намен қамтамасыз етілгенін атап өт­кен жөн. Студенттер оқу жылына бай­ла­ныс­ты екі, үш және төрт орынды бөл­мелерде тұрады.

«Бакалавриат пен магистратура бағ­дар­ламасында оқитын, Астана қаласы­ның тұрғыны болып табылмайтын (Аста­­на қаласында жылжымайтын мүлкі жоқ, тұрғылықты тіркелмеген және ата-анасының елордада жұмыс орны жоқ) барлық студент NU жатақханасына тұру­ға өтініш бере алады», – дейді уни­вер­ситеттің баспасөз қызметі өкілі.

 

P.S. 

Өкініштісі, тәуелсіздік алғалы   30 жылдан астам уақыт өтсе де бұл мәселе түбегейлі шешімін таппай келеді. Қиналатын – қара халық, студент пен оны күндіз-түні уайымдайтын ата-анасы. «Еліміздің болашағы – жастар» дегенді жиі айтамыз. Сол жастардың көп бөлігін құрайтын студенттердің сапалы білім алуы үшін жатақхана болса, ел болашағы да баянды болмақ. 

Наурызбек САРША