Шекара күзетінің жақсы бо­луы – заман талабы. Өйт­кені Қазақстан орна­лас­қан аймақтағы геосаяси ахуал күр­делі. Де­мек, шекара күзетіне кө­бі­рек көңіл бөлгеннің артықтығы жоқ. Алай­да шекарашылардың жағдайын көз­бен көріп, көңілге түйгенде ғана қор­­­даланған мәселелерге баға бе­ру­­ге болады.
Шекарада бірде-бір дрон көрген жоқпын – Самат Нұртаза
4,888
оқылды

Жуырда Парламент Мә­­жілісінің бірнеше депутаты 15 күн бойы шекарашылармен бірге ел ше­карасын күзеткен еді. Бұл сапар жай­лы олар әлеуметтік желілерде жаз­­ды. Сарбаздардың қасында өт­кен жарты ай уақытта депутаттар ше­­кара қызметінің жай-күйін, ше­ка­ра­шылардың жағдайын біршама зер­­делеп, біраз дүниені көкейге түйіп қайтқан болар деп үміттенеміз. Сол үмітпен Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік ко­митетінің мүшесі Самат Нұртазаға ха­барласып, сұхбат құрдық. Жуырда Парламент Мә­­жілісінің бірнеше депутаты 15 күн бойы шекарашылармен бірге ел ше­карасын күзеткен еді. Бұл сапар жай­лы олар әлеуметтік желілерде жаз­­ды. Сарбаздардың қасында өт­кен жарты ай уақытта депутаттар ше­­кара қызметінің жай-күйін, ше­ка­ра­шылардың жағдайын біршама зер­­делеп, біраз дүниені көкейге түйіп қайтқан болар деп үміттенеміз. Сол үмітпен Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік ко­митетінің мүшесі Самат Нұртазаға ха­барласып, сұхбат құрдық. 

– Самат Русланұлы, шекарашылармен жарты ай бірге болып, шекара күзетіне қатыстыңыз. Әдетте біз Қарулы күштерді сырттай немесе ақпарат құралдарындағы мәліметтер арқылы бағалауға құмармыз. Ал сіз әскер өмірін жауынгерлердің арасында жүріп бақыладыңыз. Сіздіңше шекара қа­лай күзетіліп жатыр? Көңіліңізден шықты ма?

– Жалпы шекара күзетіліп жатыр. Өзіңіз білесіз, Қазақстан Республикасы 5 мемлекетпен шектеседі. Біз Қырғыз Рес­публикасымен арадағы шекараға бардық. Аш­ы­ғын айту керек, біздің шекара Қыр­ғыз тарапына қарағанда жақсы күзетіледі екен. Тікенді сымдар тартылған, қару-жа­рақ, өзге де біршама дүние бар. Сарбаздар ше­карада қызметін атқарып жатыр. Ше­ка­раны жауынгерлер бақылауда ұстап отыр. Із кесетін иттері де бар. Шекара ше­бін бақылау үшін жауынгерлер күндіз-тү­ні атқа мініп шығады. Бір сөзбен айт­қан­да, шекара күзетін қамтамасыз ету бір­­­шама жолға қойылған. Бірақ арқаны кеңге салмай, қару-жарақ мәселесіне көңіл бөлу керек сияқты. Себебі шекара­шылар ұстап жүрген қару-жарақ ескіріп бара жатыр. Заманауи техниканы бай­қа­ма­дым. Кеңес кезінен қалған Калашников автоматтары, Драгунов снайперлік вин­тов­касы, Калашников пулеметі, өткен ға­сырдың 50 жылдарынан бері келе жат­қан Макаров тапаншасы сияқты қарулар әлі қолданыста жүр екен. Сондықтан са­ла­ға бір реформа керек-ау деп ойлаймын.

– Былтыр Мәжілістегі әріптестеріңіз бір­қатар шекара бекетін аралап, застава­лар­ға барған. Сол сапардан соң депутаттар оңтүстік, оңтүстік шығыс аймақтардағы зас­тавалар тозғанын айтқан. Сіз не бай­қа­дыңыз? Заставалар әлі күнге ескі ғимарат­тарда орналасқан күйі тұр ма екен?

– Жалпы елімізде 252 шекара зас­тава­сы бар екен. Шекарамыздың жалпы ұзын­ды­ғы – 15 мың шақырым. Ал шекара­шы­лар заставалардың жағдайын жалпылай ал­ғанда түсіндірді. Олардың айтуынша, КСРО мен Қытай шекарасында заста­ва­лар­дың құрылғанына биыл 100 жыл тол­ды. Яғни Өскемен, Семей, Талдықорған жақ­тағы, Алматы облысының шығы­сын­дағы заставалар КСРО кезінен бар. Кеңес одағы кезінде Қырғызстан, Өзбекстан, Түр­кіменстан, Ресеймен арада шекара зас­тавасы болған жоқ. Өйткені шекара кар­тада болғанымен, іс жүзінде жоқ еді. Ал бұл елдермен арадағы шекарадағы зас­тавалардың құрылғанына 30-ақ жыл бол­ған. Бірақ олар өткен ғасырдың тоқ­са­нын­шы жылдарындағы экономикалық дағ­дарыс, қиын-қыстау кезде жасақ­тал­ған­дықтан, орналасқан ғимараттары – бұрынғы балабақша, әкімшілік, аурухана немесе жеке үй дейсіз бе, әйтеуір тікелей әскери мақсатқа арналмаған құрылыстар. Біз Қарасу, Қарасай, Еңбек, Өтеген батыр және тағы басқа да заставаларға бардық. Сонда арнайы ғимараттар мәселесінен бө­лек, су тапшылығы бірден көзге түсті. Біз болған заставаларда су таңертеңгі сағат 9.00-ден түскі 13.00-ге дейін беріледі екен. Одан кейін су тоқтатылады. Осы уа­қыт аралығында адамдар суды түрлі ыдыс­тарға толтырып, келесі күнге дейін же­тетіндей етіп сақтап қояды. Дәл осы мә­селе – менің ойымша, ерекше назар ау­да­ра­тын жағдай. Мақтанатын дүние емес. 

Тағы бір байқағанымыз, шекарада адам­дар малды әрі-бері көп айдайды екен. Яғни контрабанда кездесетіні байқалды. Бұл жерде әңгіме қазақ-қырғыз шекара­сы­на қатысты екенін ескеру керек. Мал контрабандасына КСРО кезінде өңірді ме­кендеген адамдардың туыстық қарым-қатынасы әсер ететін сияқты. Бұрын бір ел­де болған адамдар – қазір екі мемле­кет­тің азаматтары. Шекараның арғы-бергі жа­ғында бір қазақтың немесе дүңгеннің аға-інісі, нағашы-жиені қалып қойған. Мә­селен, Қырғыз Республикасы шекара­сы­ның арғы жағында дүңгендердің ауылы тұр, біз жақта да Масанчи, Сортөбе тәрізді дүңгендер шоғырланған ауылдар орна­лас­қан. Сонда ағасы Қырғызстанның, інісі Қа­зақстанның азаматы болуы мүмкін. Төл­құжаттары әртүрлі болғанымен, кін­діктес туыс. Олар бір-біріне мал, дүние-мү­лік береді, апарады дегендей. Соғым не­месе торқалы той мен топырақты өлім­ге арналған сойыс малын апарып бергісі келетін кездері болады. Кейде осындай адамдар шекара бұзады. Барымташылар да кездесіп қалатыны бар. Дегенмен қазір ше­кара сызығының басым бөлігіне сым те­мір тартылған. Алайда таулы жерлерде әлі де сым темірі жоқ аумақтар кездесіп қа­­­лады. Ол жаққа сым темір тарту өте қиын. Бір сөзбен айтқанда, шекара күзе­тіне қатысты шешілуі керек мәселелер бар. Шекарашылармен жарты ай бірге бол­ған төрт депутаттың әрқайсысы өзін­ше ақпарат жинады. Көкейге біраз дүние түй­дік. Сарбаздармен, офицерлермен, жер­гілікті халықпен сөйлестік, жағдайға бір­шама қанықтық. Қару-жарақты өз кө­зі­мізбен көріп, қолымызбен ұстадық, оқ аттық. Шекара күзетіне кезекшілікке шық­тық. Түні бойы кірпік қақпай күзетте бол­дық. Қысқасы, шекарадағы жағдаймен бір­шама жақыннан таныстық. 

– Қазақстан қарулы күштері жайлы рес­ми мәліметтерде түрлі әскери бөлімдер ұш­қышсыз ұшатын құралдарды қолдана­тыны жайлы айтылатын. Skylark дрондары шекарашыларда да бар дегенді еститінбіз. Ал қазіргі заманда дрондардың рөлі кү­шейіп келеді. Шекарада осындай зама­науи құрал көрдіңіз бе? 

– 2020 жылы Қарабақтағы соғыс Bayraktar TB2 сияқты ұшқышсыз ұшатын құралдардың маңызын толық көрсетіп берді. Бір ғана ұшқышсыз ұшатын аппарат ондаған адамның өмірін сақтап қалаты­ны­на көзіміз жетті. Одан бөлек мұндай тех­­­ника аумақты бақылауда таптырмас құ­рал болып тұр. Мұндай құралдар ше­кара­шылардың жұмысын біршама жеңіл­д­етер еді. Мәселен, өзім куәмін, біз ше­карада жүргенде түнгі 04.00-де дабыл қа­ғылып, бір рота жауынгер орындарынан атып тұрып, дереу киініп, қару-жарағын, азық-түлігін алып, шекара сымы тар­тыл­ған аумаққа капитанмен бірге жүгіріп кет­ті. Сөйтсе, шекара сымынан қорқау қас­қыр өтпек болып, оралып қалыпты. Ол құтылмақ болып, жұлқынғанда, сым­да­ғы дабыл жүйесі іске қосылған. Сөйтіп, сар­баздар шекара бұзылды деп сым тар­тыл­ған жерге жүгіріп жетсе керек. Қорқау қас­қыр үшін барды сол жерге. Ал егер ол жер­де камера болса, ол жерде аумақты ба­қылап жүретін дрон болса, сарбаздар түн жарымда, таң алдында босқа жүгірмес еді. Сымға жақындаған адам ба, аң ба, мал ма – бірден дрон арқылы көрер еді. 24-30 са­ғат ұшатын дрон болмағанның өзінде ше­карадағы әр заставада сіз айтқан Skylark дрондары болса бірден ұшырып, жағ­дайға дер кезінде баға берер еді. Ал біздің сар­базд­ар әлі күнге шекара сымы тұрған жақ­тан дабыл белгісі шықса жүгіріп барады. 

Менің кейбір әріптестерімнің айтуын­ша, көрші Қытайдың шекара сызығы бойы тұтас камерамен жарақтандырылған деседі. Біздегі «Сергек» сияқты камералар дейді. Тіпті шекара периметрінде асфальт жол салынған көрінеді. Ал тікенді сым он­сыз да бар. Енді қараңыз, біздің сар­баз­дар шекарадан ескерту сигналы келсе, сол жаққа жүгіреді. Көлікпен барады. Бірақ шекара бойындағы жол – асфальт емес, ойлы-шұңқырлы даланың, таудың жолы. Көлік қанша жылдам дегеннің өзінде уақыттан ұтыламыз. Қытай заставасынан шыққан әскер шекара бұзылған жерге тез жетеді әрі шекараны кім немесе не бұзға­нын алдын ала біліп отырады. Өйткені он­да камера бар. Ал біздің сарбаздар ше­ка­раның қалай бұзылғанын нақты білмей, ко­мандирлер іштей түрлі болжам ойлап баруы мүмкін. Егер әр заставаны тым бол­­­мағанда шағын дрондармен қамта­ма­сыз етсек, шекараны камерамен бақы­ла­ма­ғанның өзінде оқиға орнын бірден анық­тап, жағдайды бағамдауға болар еді. 

Әрине, Қытай елі сияқты шекара бойы­на камера орнатып тастасақ тамаша бо­лары сөзсіз. Шекара сызығындағы жол­дарға асфальт төсей алмасақ та, камералар ор­натып, дрондармен қамтамасыз етуге бола­ды деген ойдамын. Әдетте жеріміздің кең­дігін айтып мақтанамыз ғой, сол кең жер­дің шекарасын күзетуге ерекше көңіл бөлу керек. Ал өз басым шекарада 15 күн жат­қанда бірде-бір рет дрон көрген жоқ­пын. 

– Техника мен құрал-жабдық – мәселе­нің бір жағы, ал шекарашыларымыз жайлы қан­дай ой түйдіңіз? Олардың арман-аңса­рын аңғарып, азамат ретінде көңіл түпкіріне үңі­ле алдыңыз ба? 

– Біз барған жердегі сарбаздар 2003 жы­лы дүниеге келген азаматтар екен. Қаң­тар оқиғасы кезінде олардың 4 қару­ла­сы мерт болыпты. Қазір олар үшінші ку­рс­ты аяқтап жатыр, ал ол кезде екінші курс­тың курсанттары екен. Дүрбелең ке­зінде сол курсанттардың 4-еуі қаза бо­лып­ты. Содан да болар, әлде әскери оқу ор­нын­­дағы тәртіп пен тәрбиеден бе, біз көр­­ген азаматтардың бәрі кәдімгідей есей­­ген. Олардың ешқайсысының қыз­мет­тен қашпайтынын байқадық. Барлығы да шекара күзетінде қалуға даяр. Бірақ көңілдерін алаң қылатын мәселелер де бар екен. Мәселен, әскери қызметшілерге пә­тер алуға немесе жалдауға арналған қар­жы қарастырылған. Жалақыдан бөлек. Сол қаржы әр облыста әртүрлі. Айталық, Алматыда қызмет істеген әскерилер адам басына 96 мың теңге алса, жамбылдықтар 33 мың теңге алады. Яғни пәтерге қарас­ты­рылған қаржының аймақтар бойынша айырмашылығы зор деген сөз. Ең жоғарғы және төменгі соманың айырмашылығы 3 есе. Егер әскери адамның әйелі, 2 баласы бол­са, Алматыда қызмет істеген сарбаз пә­тер жалдау ақысы ретінде 400 мың ала­ды. Жамбыл облысындағы сарбаз 120 мың алады. Ал бұл жағдай болашақ офи­цер­лерді аймақтар бойынша бөлгенде көп аза­маттың Алматы мен Астанаға ұм­тылуы­на алып келеді. Өзге аймақтарға бар­ған сарбаздар азырақ табыс табады. Бұл жағдай жастарды алаңдатады. «Біз ака­демияны бітірген соң, лейтенант бо­лып заставаларға кетеміз. Сонда баспана үшін жинауға қарастырылған қаржымен үй алу мүмкіндігіміз аз болады ғой» деген ой айтады. Өз басым есепшотқа айына 33 мың теңге салу арқылы баспананың бас­тап­қы жарнасын бірер жылда жинау мүм­кін дегенге сене алмадым. Бұл – ойлан­ды­ра­т­ын мәселе. Алайда барша өңірлер бойын­ша ортақ сома қарастыру да мүмкін емес екенін білемін. Алматы мен Пет­ро­павлдағы баға бірдей емес екені анық. Сон­дықтан бұл мәселені реттеу керек. Әс­керилер ең жоғарғы сома мен төменгі­нің арасы тым алшақ деген ойда екен. Мен келісемін. 

– Шекарашылардың болашақта бас­пана алуын былай қойғанда қазіргі тұрмысы дей­тін мәселе бар. Отбасын құрған офи­цер­лер болады. Олардың жұбайлары мен ба­ла­лары да әдетте застава маңында өмір сүре­ді. Шекаралық заставалардың өзінде не­месе соларға жақын елді мекендерде әс­керилер отбасыларының, балаларының мә­дени-рухани, физикалық тұрғыда дамуы­на ықпал ететін инфрақұрылым бар ма? Кітапханалар, спорт залдары, кино көретін орындар сияқты дүниелер көзіңізге түсті ме?

– Жоқ, ондай ештеңе көрмедім. Мә­де­ниет ошақтары, кино көретін орындар жоқ. Айтпақшы, шекара қызметінде алыс­тағы заставаларға жас, үйленбеген мамандарды немесе отставкаға шығуға тая­ған кадрларды жібереді екен. Арал жақ­­тағы, Алтайдың, Алатаудың жота­ларын­дағы заставаларға сондай мамандар барады. Себебі орта жастағы мамандарды жіберсе, олардың отбасындағы әйелдер жұмыссыз қалады. Ал жұмыссыз әйелдер ерте ме, кеш пе, мұндай өмірден жалығады және отағасымен сөзге келуі жиілеуі мүм­кін. Соның салдарынан ажырасу кө­бейеді де­седі. Шекара қызметі басшылығының бұл ұстанымын дұрыс деп есептеймін. Олар мұндай қадамға ұзақ жылдардағы тә­жірибе мен статистика негізінде барып отырғаны сөзсіз.

– Білуімше сарбаздардың бірер сағат бос уақыттары болады. Сол кезде не істейді екен?

– Шекарашылар әдетте сағат 9-10 ара­лығында сәл бос болады. Осы кезде олар телефон арқылы отбасылармен, қа­лың­дықтарымен сөйлеседі, әлеуметтік же­лілерге кіреді. Бос уақыты деген осы кез ғана. Өз басым лудомания мәселесіне на­зар аудардым. Өйткені мамырда Алма­тыдағы ҰҚК академиясының үшінші курс курсанты өзіне қол салған болатын. Кейін біздің Мәжілістегі әріптесіміз Руслан Бер­д­енов аталған курсанттың әлеуметтік же­­лілер арқылы өзіне хат жазғанын мә­лім­деген еді. Онда академияның жоғарғы курс курсанттарының арасында құмар ойын­дарына әуестік көп екенін жазыпты. Әл­бетте, бұл мәліметтер біздің назарымыз­дан тыс қалған жоқ. Сондықтан офицер­лер­ден курсанттар арасында лудомания­ның алдын алу мәселесі қалай ұйымдас­ты­рылатынын сұрастырдым. Қалай бол­ған­да да кешкі 21.00-22.00 аралығындағы бір сағатта жауынгерлер отбасыларымен күнде сөйлесе бермеуі мүмкін ғой. Мик­ро­қаржы ұйымдарынан қарыз алу, бәс тігу сияқты дүниелер кездесуі де ғажап емес. Ал офицерлердің айтуынша, жастар ака­демияға оқуға түскен сәтте офицерлер кур­санттардың ата-аналарына арнайы ақ­парат жолдайды екен. Курсаттың не­сиесі бар ма, жоқ па дегенді анықтап, бар болса ол жайында ата-анасын құлаққағыс қы­лады. Ата-анасына айтпастан микро­қаржы ұйымдарынан несие алып, құмар ойындарын ойнау деректері бар. Сон­дық­тан офицерлер бұл жағына айрықша көңіл бөлетінін айтады. Сарбаздар мен кур­сант­тардың телефондарын да мүмкіндігінше тексереді. Ал жалпы шекарашыларда бос уақыт жоқ қой.

– Сіздер курсанттардың арасында бол­дыңыздар. Жауынгерлерді даярлау, оқыту ісінде не көзіңізге түсті?

– Біздің назарымызды бірден аударған дүние бұйырықтардың қазақша берілуі еді. Маған кәдімгідей таңсық дүние бол­ды. Біз әскери кафедрада оқыған кезде құ­ла­ғымыз үйренген «Так точно!», «Смир­но!», «Равняйсь!» деген бұйрықтарды ес­ті­м­едім. Бұйрықтар «Тік тұр!», «Сап түзе!», «Дәл солай!» деп қазақша беріледі екен. «Зд­равия желаю!» дегенді «Саулығыңызды ті­лей­мін!» деп қазақша айту өзгеше әсер береді. Басында қазақша бұйрықтарға үй­ренісе алмай жүр едік, бірер күннен соң үйреншікті болып кетті. Екіншіден, кур­сант­тардың барлығы-дерлік – қазақ жігіт­тері. Өзге этнос өкілдері өте сирек. Әрі курсанттардың басым көпшілігі – ауылды жерлердің балалары. Қалалықтар өте аз. 

– Демек, шекара қызметі ауыл жастары үшін әлеуметтік лифт қызметін атқарып отыр ғой. Солай ма?

– Иә, біршама жастар үшін шекарада қыз­мет ету әлеуметтік лифт рөлін атқарып жа­тыр. Осы тұста біздің көзімізге түскен та­ғы бір детальды айтайын. Бұл саланы өз бо­лашағымен байланыстыратын жастар кө­біне шекаралық аймақтардан келеді екен. Яғни Абай, Шығыс Қазақстан, Маң­­­­ғыстау, Атырау, Алматы, Жамбыл облыс­тары сияқты аймақтардың өкілдері бар. Өзге елдермен шекараласпайтын Қара­ған­ды, Ақмола облыстарының жастарын кез­дестірмедік. 

– Әдетте депутаттар мен әкімдер, ми­нистрлер шекара маңында, ондағы бөлім­ше­лерде бірер сағат қана болады. Олар ке­леді дегенде шекара заставасының бас­тық­тары да тәуір дайындалады. Оны бай­қап жүрміз. Ал сіздер жарты ай шекара ше­бінде болдыңыздар. Онда бару идеясы қай­дан шықты?

– Өзіңіз білесіз, шекарада болған 4 де­­­путат Мәжілістің халықаралық істер, қор­ғаныс және қауіпсіздік комитетінің мү­ше­сіміз. Мәжіліске ҰҚК Шекара қыз­ме­ті­нің басшылары келіп есеп беріп, кейбір мә­селелерді талқылап тұрады. Бірақ ка­би­неттегі талқылаулар мен шекара ше­бін­де болу бөлек дүние екені белгілі. Сол се­­­­бепті жас депутаттар, атап айтқанда мен, Максим Рожин, Болат Керімбеков, Ол­жас Құпсеков төртеуіміз комитет төр­а­ғасы Айгүл Құспанға ұсыныспен шығып, «Ше­карадағы аймаққа, шекарашылардың қа­сына барып келейік. Бізге рұқсат бере­сіз бе?» деп өтініш айттық. Комитет төра­ға­сы бізді қолдады. Мәжіліс спикері Ер­лан Қошанов та қолдады. Сөйтіп, шека­ра­ға тартып кеттік. Шекарашылар да жақ­сы қарсы алды. Ал шекарашы сарбаз­дар үшін тіптен күтпеген оқиға болған сияқты. 

Біз сарбаздармен жеке сөйлескенде, офи­церлерге шатырдан шығып кету жай­лы өтінішін айтатынбыз. Өйткені сар­баз­дар қастарында офицерлер тұрса сырын айт­пайды. Ал оңаша қалып, біраз тілдес­кен соң, сырларын айта бастайды. Олар депутаттар келетінін естігенде бір-екі күн жүріп кетіп қалатын болар деген ойлапты. «Біз депутаттар осыншама уақыт бізбен бір­ге бір шатырда жатып, бір қазаннан та­мақ жейді деп ойламадық. Сіздер біздің арамызда екі-үш сағат болып, бірге фотоға түсіп, содан соң кетіп қалатын шығар деп ой­ладық» дейді. Тіпті кейбір құрдастар өза­ра бәстесіпті. Біреуі «кетіп қалады» десе, тағы біреуі «екі апта болады деді ғой, арамызда қалады» десе керек. «Депутат қаншаға шыдайды? Бір күннен кейін қа­шып кете ме, екі күннен соң кетіп қала ма?» деп бәстескендер де болыпты. «Әй, мынау шыдамайды-ау, ана біреуі біздің өмір­ге төтеп беруі мүмкін» десіп әңгіме ар­қауына айналдырғандар да болыпты. Мұ­ның бәрін соңында білдік. Оларға біз­дің әрекеттің таңсық көрінгені – бұрын-соң­ды ешбір депутат, әкім, министр сияқ­ты лауазымды тұлғалар шекара­шы­лармен бірге жарты ай бойы тауда, зас­тавада болмағандықтан да шығар. Ал шекарашылармен бірге өткізген екі апта ішінде көп сарбазбен кездестік, сөйлестік. Олар бізге сенді, мұң-мұқтаждарын айт­ты. Кейбіреуі біз депутат болғандықтан өті­ніштердің барлығын орындауға ықпал ете алады деп ойлайтын сияқты. Мәселен, бір курсант маған өтінішін айтты. Пав­ло­дар­дың тумасы екен. Академияны аяқ­та­ған соң туған жеріне кетуді қалайтынын айтты. «Әкем жоқ, жалғызбасты анам бар, сол кісінің қасында болғым келеді» деді. Та­ғы бір сарбаз «таулы жерде қан-қысы­мым көтеріліп кетеді, өзім үйренген құм­дарымда қызмет еткім келеді» дейді. Әри­не, біз Шекара қызметінің басшысы емес­піз, бұл саланың ішкі мәселесіне тіке­лей араласуға құқымыз жоқ. Мұндай мә­селелерді салаға жауапты басшылар ше­шеді. Дегенмен жастардың бізге сенім біл­діріп, сырларын айтқаны маңызды бол­ды деп ойлаймын. Ал шекарашылардың ара­сында жауынгер үйіне неғұрлым жа­қын жерде қызмет етсе, соғұрлым қыз­метті дұрыс атқармайды дейтін түсінік бар екен. Қызметтегі сарбазға достары, та­ныс­­тары келеді, тойға, қонаққа шақы­ра­ды, өлім-жітімге баруы керек болады де­­ген­дей түрлі сылтау қаптайды деседі. Мұн­дай жағдай қызметкерді «армия» дейтін ұғымнан, оның тәртібінен біршама алшақтатып жібереді дейді. Ал жас офи­цер­ді басқа аймақтарға жіберсе тез ысы­лады деген түсінік бар. Бәлкім ол да дұрыс шығар. 

– Сонда академия курсанттарының өзі осылай ойлай ма?

– Біз курсанттармен ғана емес, қатар­да­ғы жауынгерлермен де бірге болдық. Курсанттар өз өмірін әскери салаға арна­ған, санаулы жылда оқуды аяқтап заста­ва­да қызмет атқаруға кетеді. Олар қандай жер­де жұмыс істеуге бұйрық шықса, сонда аттанады. Әңгіме сарбаздарға қатысты. Мер­зімді қызметте де, келісімшартпен қыз­мет етсе де мен айтқан жағдай болуы мүм­кін. Одан бөлек, сарбаздар әскери мін­детін орындағаннан кейін армия са­пында қалып қоюы да мүмкін. Азаматтық са­лаға баруы да ықтимал. Дегенмен сар­баз­дар арасында «өмірімді әскермен бай­ланыстырсам ұтам ба, ұтылам ба?» деп ой­­ланатындар аз емес екен. Біз мұның бар­­лығын көкейге түйіп, қойын дәптер­ле­рі­мізге түртіп алдық. Одан бөлек, ше­кара­шы офицерлер қызмет бабымен әрі-бері көшіп, жұмыс ауыстырып жүр­ген­де үйде отырып қалатын жұбайларына ең­бек өтілі жүрсе деген тілек айтты. Өйт­кені офицердің жарына застава төңіре­гі­нен жұмыс үнемі табыла бермейді. Соны ескерсе дейді. 

– Айтпақшы, Қорғаныс министрлігі әскери борышын жақсы өтеген сарбаздарға тегін жоғары білім грантын ұсыну үшін 70-тен астам университетпен келісімге келгенін хабарлаған. Жылына 3 мың грант болуы керек. Бұл бастаманы шекарашылар қалай бағалайды екен?

– Негізі біледі екен біразы. Көбінің жа­нарында от бар, ынта бар. Бірақ бар­лығы оқуға түсіп маман болсам дейтін құл­шыныспен жүр деп өтірік айтпай-ақ қояйын. Тіпті шекара қызметінде не істеп жүр­генін сезіне қоймаған жігіттерді де кез­дестірдік. Отбасындағы түрлі әлеу­мет­тік мәселелерден қажып, шаршаған, сол мәселелерден құтылу үшін армияға тар­тып кеткен азаматтар да бар екен. Олармен пси­хологтар тұрақты түрде жұмыс істеуі ке­рек. Дегенмен сарбаздардың көбі бола­шақ­та маман болуды қалайтыны бай­қалды. 

– Психолог деп қалдыңыз. Әскери пси­хо­логтарды кездестірген шығарсыздар, көңі­ліңіз толды ма?

– Біз ҰҚК Академиясының пси­хо­ло­гы­мен сөйлестік. Ол бізге бір сеанс жүр­гізді. Әңгімелестік. Білікті екені бірден бай­қалып тұр. Бірақ дәл сондай білікті пси­холог елдегі 252 заставаның бар­лы­ғында бар дегенге өз басым сенбеймін. Ал іс жүзінде барлық заставадан сондай білікті психологтар болуға тиіс. Себебі қай зас­тавадан ши шығатынын ешкім біл­мей­ді. Осыдан он бір жыл бұрын Арқан­кер­генде болған оқиғаны білесіз, сол кезде ма­мандар В.Челахтың психикалық күйін дөп басып анықтай алмаған болар, бәл­кім. Салдары қандай болғаны белгілі. Ал әс­керде түрлі адам қызмет етеді. Жан дү­ниесі бір-бірімен үйлеспейтін, себепсіз-ақ бір-біріне тіс қайрап жүретін жігіттер де болады. Ренжіскендер, күндіз керісіп қал­ғандар да болуы мүмкін. Ондай адам­дар­ға түнде қолына қару беріп, шекара кү­зетіне жіберуге болмайды. «Ашу – дұш­пан» дейтін күй ғой. Әрине, әр сарбаздың көңіл күйі, мінезі бақылауда болады. Бір­ақ жалпы шекара саласына біршама ре­фор­ма жасау қажет сияқты. Шекара­шы­лар­дың қару-жарағынан бастап, әлеумет­тік жағдайына дейін жақсы болуы керек. Өйткені тәуелсіздік шекарадан басталады. 

– Әскер туралы айтқанда әлімжеттік мә­селесін айналып өте алмаймыз. Сарбаз­дар не дейді, әскерде әлімжеттік бар ма екен?

– Біз болған бөлімдегі сарбаздардың бар­лығы – 2003 жылы дүниеге келгендер. Бірақ әркімнің болмыс-бітімі әртүрлі. Біреуі бойшаң, біреуі орта бойлы дегендей. Біз әлімжеттік жайлы сұрастырдық. Әрі ба­қыладық. Сұрастырдық. Әлімжеттік эле­менттері көзге түспеді. Бірақ әскер де­ген ер-азаматтардың ұжымы екенін ұмыт­пау керек. Адамдарда әртүрлі мінез бо­лады. «Ер шекіспей, бекіспейді» демек­ші, кейде ұрсысып қалатындар, бір-бірі­нің жағасынан алатындар кездесуі мүмкін. Алайда мұндай оқиғаларды бөлімше ко­мандирлері, офицерлер назардан тыс қал­дырмауға тиіс. Бақылау күшті болуы керек. 

– Енді көп кешікпей Мәжілістің келесі сес­сиясы ашылады. Шекара мәселесіне бай­­ланысты қандай мәселе көтермек ой­ларыңыз бар?

– Әлбетте, біз көрген-білгенімізді қа­ғаз­ға түсіріп, ұсыныстарымызбен бірге ко­митет төрағасына береміз. Одан Мәжі­ліс спикеріне де жетеді деген ойдамын. Маңызды мәселелерді депутаттық сауал ре­тінде жолдамақ ниетіміз бар. Жалпы шекарашылардан қаржы аямау керек деген ойға бекіндік. Қарулы күштерге бөлінетін қаржыны көбейтіп, оның әр тиынына дейін бақылау жасаған дұрыс деп есептеймін. 

Ардақ СҰЛТАН