Ұшақ кешіксе, «кешіріммен» шектелгені дұрыс па? Дәл осындай жағдай Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Самат Мұсабаевтың да басынан өткен екен.
– Самат мырза, ұшақтың, пойыздың кешігуі қалыпты жағдайға айналған. Ұшақ кешіксе, жолаушы не істегені жөн?
– Дұрыс айтасыз, біздің елде ұшақтың да, пойыздың да кешігуі қалыпты жағдайға айналды, оның ішінде көп шағым түсетіні – SCAT компаниясы. Мен 20 жылдай бизнес саласында жұмыс істегенімде осы ұшақтардың уақытынан кешігіп ұшуынан көп қиындыққа тап болдым. Сондықтан 2022 жылы Парламентке «Көлік туралы» заң келіп түскенде, осы заңға бірнеше түзету енгіздім, соның бірі – ұшақ, пойыз, автобус, жалпы тасымал көліктері уақытынан кешіккен жағдайда әр сағатына 3 пайыздан өтемақы төлеу. Яғни, мысалы 7 сағат кешіксе, билет құнының 21 пайызын тұтынушыға қайтарады. Бұл заң Президент қол қойып, осы жылдың қаңтар айынан бастап күшіне енді. Жақын арада мұндай жағдай өз басымнан да өтті. Астана – Ақтау бағыты бойынша ұшақ 3,5-4 сағатқа кешігіп ұшты. Сосын мен осы заң қолданыста ма екен деп тексеріп көрдім, яғни шағым түсіріп, билет құнының 12 пайызын қайтарып алдым.
Нақтырақ айтсам, бірінші, компанияның ресми сайтына кіресіз. Тікелей сілтеме: help.airastana.com немесе шағымды eOtinish арқылы жазуға болады. Осы жерге толық аты-жөніңізді, билет нөмірін, рейс нөмірі, ұшу уақыты қаншаға кешіккені және электрон поштаңызды жазасыз. Яғни, шағым қалдырасыз.
Екінші, support@help.airastana.com тұтынушылардың қолдау бөлімінен жауап келеді, «Сіздің шағымыңыз тіркелді» деген жауап болады және қосымша анкета жолданады. Осы анкетадағы сұрақтарға жауап бересіз. Аты-жөніңіз бен ақшаны қайтару үшін есепшот нөміріңізді жазасыз.
Үшінші, «Өтінішіңіз бойынша талап еткен өтемақы сомасы сіздің шотыңызға жіберілді» деген хабарлама келеді. Осылайша, Сіз Мәжіліс қабылдаған заңның игілігін көресіз!
– Байқасаңыз, соңғы жылдары пойыздың кешігуі де жиілеп барады. Үш-төрт сағатқа, тіпті бес-алты сағатқа дейін кешігетіндер бар. Бірақ сол өтемақыны талап ететіндер көп емес. Өтемақы берілген күннің өзінде аз-маз ақша төленеді. Жолаушы үш сағатқа кешіккені үшін билеттің қанша пайызын қайтарып алуға құқылы?
– Жалпы, теміржол бағытындағы көліктердің, яғни пойыздардың кешігу жөнінде айтар болсақ, билет құны төмен болғандықтан, жолаушылар шағым жазуға ерінеді, азғантай сома үшін «құрсыншы» деп қолды бір сілтейді. Бірақ біз осы арқылы «Қазақстан темір жолы» сияқты тасымалдаушы компаниялардың міндеттемелерін орындамауына жол береміз. Сондықтан ел болып, қоғам болып, заңның орындалуын талап етуіміз керек. Пойыз кешіксе, мәселен, «Алматы – Маңғыстау» бағытындағы пойыз кешіксе, мыңдаған адам шағым түсірсе, не болмаса, 10 мыңдаған адам шағым айтса, олардың осылай монополист болып, білгенін жасамас еді, шығынға батпас үшін тәртіп орнатар еді.
– «Көлік туралы» заңға «тасымалдаушы тарап ұшақ, пойыз, автобус құралдарын кешіктірген әр сағатқа билет құнының 3% өтемақы ретінде қайтаруға тиіс» деген түзету енгізуге себепкер болдыңыз. Бұл оң өзгеріс әкелді ме?
– Жалпы, болашақта, әркім арыз жазып шағымданбай-ақ тиісті компаниялар жолаушының құқығы тапталған жағдайда өз еркімен кешірім сұрап, автоматты түрде өтемақыны есепшотына аударатын тиімді жолдарын қарастыру керек. Мұнымен министрлік айналысқаны жөн. Өйткені халықты ақпараттандыратын да министрлік.
Біздің міндетіміз – елге, халыққа пайдалы заңдар шығару, бұрынғы заңдарға түзету енгізу, бұл – ел Президентінің тікелей тапсырмасы. Осы Әуекеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы заңнаманың 86-бабы да елге тиімді қызмет етеді деп сенемін.
Дайындаған Айым БЕКТҰР