Бүгін – ұлы ақын, ағартушы, философ, композитор, аудармашы, саяси қайраткер, жазба әдебиеті мен қазақ әдеби тілінің негізін салушы, реформатор Абай Құнанбайұлының туған күні. Осыған орай халқымыздың ұлы тұлғасы Абайдың ұрпағының қайда, немен айналысып жүргенін білмек болдық. Абайдың анасының есімі – Ұлжан. Ұлжан Құнанбайдың екінші әйелі болған. Ұлжаннан – Тәңірберді (Тәкежан), Ибраһим, Ысқақ, Оспан.
Абай ғылым іздеуді өз басына ғана алмай, балаларын да барынша оқытуға тырысқан. Бәйбішесі Ділдәдан – Ақылбай, Әбдірахман, Күлбадан, Әкімбай, Мағауия мен Райхан, екінші әйелі Әйгерімнен – Тұрағұл, Мекайыл, Ізкайіл мен Кенже, барлығы 7 ұл, 3 қыз сүйген. Ал Еркежаннан ұрпақ көрген жоқ.
Ақынның көп талап қойған ұлдарының бірі – тұңғышы Ақылбай. М.Әуезовтің деректерінде: «Ақылбай – Абай төңірегіндегі әр жақты талантты шәкірттерінің бірі. Оның ақындығымен бірге ән шығаратын композиторлық өнері, әнші, домбырашы, скрипкашы болған». Талантты Ақылбайдың «Дағыстан» («Кәрі Жүсіп»), «Зұлыс», «Жаррах батыр» секілді дастандары ұрпаққа мұра боп қалған.
Ал Абайдың әлем ақындарының жауһарларын аударуына ықпал жасаған балаларының бірі – Әбдірахман. Ол неміс тілін жетік біліп, Г.Р. Державин, Н.М. Карамзин, В.А.Жуковский, И.А. Крылов, М.Ю. Лермонтов, А.С.Пушкин, Н.В. Гоголь, А.С. Грибоедов, И.В. Гете шығармаларын ден қоя оқыған. Абайдың арнау өлеңдерінің көпшілігі осы Әбдірахман атына жазылған. Әбдірахман 90-шы жылдары құрт ауруынан қайтыс болды. Оның артынан сүйеніші болып жүрген мықты інісі Оспан өледі. Осы екі өлім Абайға бас қайғысының ішіндегі үлкен қаза болып тиеді.
Абай Күлбаданды қыз баласы демей, Мағауиямен қосақтап, орысша білім алуға Семейге аттандырады. Ниязбек Алдажаров Күлбадан жайлы: «Ұзын бойлы, қыр мұрын, сары еді, адуындап сөйлейтін, былапыт сөздерді араластырып айтатын бейпіл ауыз кісі еді» деп есіне алады.
Ал Ділдәдан туған тағы бір ұлы Әкімбай, жеті жасында қайтыс болған.
Мағауия болса, Абайға ел жұмысына көмектескен балаларының бірі. Ақындыққа бет бұрып, көптеген ұсақ өлеңдер мен көлемді поэмалар да жазған. «Еңлік-Кебек», «Абылай», «Медғат-Қасым» сынды оқырман қауымға етене таныс поэмалар Мағауия Абайұлына тиесілі.
Ұлы ақын жайында көп естелік қалдырған қызы – Райхан. Оның әкесі туралы естеліктері Абайдың республикалық әдеби-мемориалдық музейінде сақтаулы тұр.
Абайдың көркем образын жасап, әлемге танылуға түрткі болған жазушы М.Әуезов болса, сол жазушының ақын өмірі жайлы, шығармашылығы жайлы деректің бірден-бір көзі Абайдың Әйгерімнен туған ұлы – Тұрағұлдың «Әкем Абай туралы» атты естелігі.
Тұрағұл Абайұлы – кешегі қазақтың ақтаңгер ұлдары Ә.Бөкейхан, М.Дулатов, Ж.Аймауытұлылармен бір сапта, қазақтың көзі ашылып, алға қадам басуына ілкі қызмет еткен азамат. Сондай-ақ, орыс тіліне жетік Тұрағұл аудармашы да болған. М.Горький, Д.Лондон, А.Неверов, Г.Сперанский сынды қаламгерлердің шығармаларын аударып, қазақтың қараңғы көзінің ашылуына үлесін қосқан. Абайтану ілімінің қалыптасуына да түрткі болған.
Абайдың көп қуғын көрген балаларының бірі – Мекайыл. 1931 жылы бай баласы ретінде ұсталған. Ол да арабша мен орысшаға жетік, домбыра тартып, ән айтып ортасына өнерін сыйлаған зерделі жастың бірі болған.
Тұрағұл мен Мекайылдан кейінгі Абайдың Әйгерімнен туған ұлы – Ізкәйіл скрипкада ойнаған. Сонымен қатар қазақ даласында ең алғаш рет Ойқұдық жайлауында, Әйгерімнің отауында қойылған «Еңлік-Кебек» қойылымында рөл сомдап, актерлік қырынан көрінеді.
Абайдың ең кіші қызы – Кенже. Абай әндерінің халық арасына таралуына көп үлесін қосқан жан. Түрлі жиындарда Абай әндерін нақышына келтіре орындаған.
Абай бауырдан да, баладан да кенде болмаған дегенмен, ұрпағының көп қуғын көргенін тарихтан білеміз. Олардың айдауға түскендегі бар айыбы – бай-бағланның, қазақтың ілгері дамуына үлес қосқан ағартушының ізін жалғар ұрпағы болғаны. Көпшілігі жер аударылып, қиындық көрсе, кей ұрпағы интернат табалдырығында тәбиеленіп, тарыдай шашылып кеткен-ді. Одан қалды, 1941-1945 жылдар аралығындағы КСРО мен нацистік Германия арасындағы соғыста да 10-нан астам ұрпағы ерлікпен қаза тапқан.
Абайдың бесінші, алтыншы ұрпақтары бүгінде Алматы қаласында өмір сүруде. Олар Ақылбайдан тараған ұрпағы – Айдос Ақылбаев пен Данияр Ақылбаев. Екеуі де орта жастан асқан. Айдос Ақылбаевтың – Александра, Данияр Ақылбаевтың – Дана, Кәмила, Меруерт есімді қыздары бар.
Жақында мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан өзінің Facebook-тегі парақшасында Абай Құнанбайұлының бесінші ұрпағы Алматыда аула сыпырушы болып жүргенін жазған. «Қазақшаға шорқақтау екен. Асылдың сынығы, алтынның ұнтағы емес пе, болмысынан тектілік, зиялылық, ақсүйектік аңқып тұр. Көзінің оты бар. Ұлы бабасына келбеті де келетіндей. Бойын жаман әдеттерден мүлде аулақ ұстайтынын айтты. Алматының «Арбатындағы» мәлім мейрамханалардың бірінде аула сыпырушы болып жұмыс істейді екен. Еңбекақысы – 150 мың теңге. Осыны естігенде жанымыз жүдеп, көңіліміз алай-дүлей болып кетті», – дейді ол.
Оған қоса, Айдос Ақылбаевтың 1967 жылы Алматы қаласында дүниеге келгенін, жалғыз қызы – Александра осы күндері Саратов қаласында тұратынына тоқталған. Бүгінде еркек атаулыдан қалған осы екеуі ғана...
фото: halyq-uni.kz