Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы жанындағы Білім беру және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі Республикалық кеңес төрайымы Жұлдыз Сүлейменованың төрағалығымен өткен жиынның күн тәртібі жаңа оқу жылына дайындыққа қатысты үш мәселеге арналды. Олар – Жол картасында қарастырылғандай мектептердің құрылыс және жөндеу жұмыстарының барысы, колледж бен жоғары оқу орындары студенттері үшін жатақханалардағы орынның жеткілікті болуы, халықтың әлеуметтік осал топтарындағы балаларды мектеп формасымен және құралдарымен қамтамасыз ету, жазғы демалыс кезінде болған төтенше жағдайлар мен ондағы білім беру ұйымдарының жауапкершілігі туралы. Бұл мәселелер туралы Ғылым және жоғары оқу вице-министрі Талғат Ешенқұлов пен Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан баяндама жасады. Баяндама барысы талқылау және сұрақ-жауаппен өрбіп отырды.
Талғат Ілиясұлының айтуынша, ЖОО-лардың инфрақұрылымдарын оқу жылына дайындау кең ауқымда жүруде. Бүгінде 22 ЖОО, 14 жатақхана, 7 кітапхана, 4 асхана күрделі жөндеуден, 91 ЖОО, 215 жатақхана, 65 кітапхана корпусы, 69 асхана ғимараты ағымдағы жөндеуден өтуде. Бұл жұмыстар 15 тамызға дейін бітуі тиіс. Жатақхана мақсатында 106 977 орындық 345 нысан дайындалып қойылған. Әйтсе де, әлі де болса кем дегенде 28 272 төсек-орын тапшылығы сезілуі мүмкін екен. Өйткені барлығы 134 645 орын қажет. Ең көп қажеттілік Алматы қаласында. Онда 60 мыңға жуық орын керек. Оқу орындары жатақхана тапшылығы мәселесін шешу үшін хостелдермен келісім- шартқа отырған. Бүгінде жалпы орын саны 18 897 бірлік болатын 119 нысанды жалға алу бойынша меншік иелерімен келісімшарттар жасалған.
Десе де, кеңес мүшелері былтыр қоғамда резонанс тудырған жатақхана тапшылығы проблемасын шешуде дәрменсіздік танытып отырған министрлікті сынға алды. Өйткені биыл да сондай жағдай болып, 30 мыңдай студенттің қаңғып қалу қаупі жоқ емес. Бұл тұрғыда Ғылым және жоғары оқу вице-министрі Талғат Ешенқұлов тұшымды жауап бере алмай, жиынға онлайн және оффлайн қатысып отырған депутаттар мен қоғамдық ұйым мүшелерін сендіре алмады. Оның айтуынша, орын тапшылығы күтіліп отырғаннан екі есе болуы да ықтимал екен. Мұндай проблема негізінен мегаполистерге тән. Сондықтан да бұл мәселе басы ашық күйінде қалып отыр. Хостелдердің санитарлық-қоғамдық жағдайы да кеңес мүшелерінің көңілін көншітпей отыр. Өйткені «ондағы контингент әртүрлі болатындықтан, студенттердің қауіпсіздігі алаңдатады», – дейді олар.
Күн тәртібіндегі келесі мәселе – жалпы білім беру нысандары туралы болды. Жол картасы бойынша алдағы бес жылда елімізде 1,5 миллионнан астам жаңа оқушы орнын құру, 1 000 мектепті жаңғырту, мүмкіндігі шектеулі балалар үшін инклюзияны қолдау кабинетін ашу жоспарланған. Осы ретте өз баяндамасында Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан елімізде өткен үш жылда 340 мың орындық 626 мектеп іске қосылғанын, ал биыл 132 мың орынға 154 мектеп пайдалануға берілетінін хабарлады. Соның ішінде ең көбі 31 мектеп Түркістан облысында екен. Мектептерді жөндеу, жарақтандыру және жаңғырту бойынша биыл 1 000 мектепте жұмыс жүріп жатыр. Әзірге олардың тек 54,6%-ы дайын. Ал биылға жоспарланған инклюзивті кабинеттер саны – 42. Оның 5-еуі бүгінде Ақмола (1), Атырау (2) және Жамбыл (2) облыстарында ашылған. 2024-2025 оқу жылдары 41 кабинеттен, 2026-2027 оқу жылдары 38 кабинеттен ашылу жоспарлануда. Сонда мүгедектігі бар балалар жалпы саны 200 кабинетпен қамтылмақ. Одан бөлек, Оқу-ағарту вице-министрі колледж студенттерін жатақханамен қамтамасыз ету, жалпыға білім беру қорынан балаларды қолдау, «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы, балалардың демалысын, сауықтыруын ұйымдастыру туралы мәлімет берді.
Мұнда да вице-министрге қойылған сұрақ өте көп болды. Сол секілді тұшымды жауап ала алмаған кеңес мүшелері министрлік өкілдерінің дайындықсыз келгенін ескертті. Партиялықтар Еділ Оспанның Астанада үстіне футбол қақпасы құлап қайтыс болған баламен болған оқиғадан министрлікті ақтап алуға тырысқан әрекетін сынға алды. Қалай болғанда да, жаңа оқу жылына дайындық мәселесін «AMANAT» партиясы тікелей назарында ұстайтын болады.
Нұрлан ҚОСАЙ