Солардың бірі – Қызылжар ауданына қарасты Чапаев ауылында тұратын Қаймақовтар отбасы. Бірнеше жылдан бері қымыз баптаумен айналысатын олар енді мал басын көбейтуге ниетті.
Қаймақовтардың отбасылық бизнесінің тасы өрге домалағалы бірнеше жылдың жүзі болды. Кәсіпкердің айтуынша, 2000 жылдардың бас кезінде ауылда екі қолға бір күрек табу мүмкін болмағандықтан, олар өз қорасындағы сиырдың сүті мен етін, сондай-ақ қой етін сатып, мал шаруашылығын табыс көзіне айналдырды. Кейін жалғыз биесін сауып, қымыз өндіруді қолға алған.
Отағасы Дулат көпбалалы отбасында тәрбиеленгендіктен, еңбекке ерте араласқан. Үйдегі он баланың барлығы жастайынан мал бағып, сиыр, бие саууды үйренген екен. Өз отбасын құрғаннан кейін кәсіпкер зайыбы Қарлығашты да бие сауып, қымыз баптауға үйреткенін айтады. Олар осы істі кәсіп еткелі жиырма жылдан асты. 2014 жылы республикалық «Бал қымыз» байқауында екінші орын алған.
Олардың баптаған қымызы бүгінде өз ауылдастары ғана емес, петропавлдықтар арасында да үлкен сұранысқа ие. Соған байланысты енді мал басын көбейтіп, өндірілетін өнім көлемін арттыру міндеті өзекті болып отыр. Бұл ретте «іздегенге – сұраған» дегендей, «AMANAT» партиясы мен ел Үкіметінің бірлескен «Ауыл аманаты» жобасы кәсіпкер үшін уақытылы қолға алынған шара болды.
Дулат Қаймақов бұл жоба туралы «AMANAT» партиясының Қызылжар аудандық филиалы төрайымы, аудандық мәслихат депутаты Гүлсім Кәрімованың Чапаев ауылының тұрғындарымен кездесуі барысында естіп біліпті. Тиімді несиелеу шарттары бірден оның қызығушылығын туғызған. Алдымен кәсіпкерге қажетті ақыл-кеңес беріліп, кейін бизнес-жоспар жасауға көмек көрсетілді. «Қарызсыз қоғам» партиялық жобасы аясында оқу курсын аяқтап, тиісті сертификат қолына тиді.
Бүгінде бағдарлама операторы – «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы оған 8,6 миллион теңге несие беруді мақұлдады. Қолына тиген бұл қаржыға шаруа жеті бас Қамбар ата түлігін және қымыз өндірісіне қажетті құрал-жабдық сатып алуды жоспарлап отыр. Қазір оның қорасында алты бие бар. Бұл аздық етіп отырған көрінеді.
«Бұған дейін біз «Ауыл аманаты» жобасы және оның мүмкіндіктері туралы естімеппіз. Бұл бастама – ауылдықтарға өз кәсібін дамытып, пайда табуға шынымен жақсы сеп. Ауылда басты табыс көзі мал шаруашылығы екені белгілі. Соңғы кезде барлығы, соның ішінде жем-шөп те, мал азығы да қымбаттауда. Шабындық жер тапшылығы сезілуде, құрғақшылық та бөгет жасайды. Сондықтан ауылдықтар қолдауға мұқтаж. Көпшілігі қиындықтан қорқып, мал ұстағысы келмейтіні рас. Бұл ретте «Ауыл аманаты» жобасы оларды мал шаруашылығын дамытуға ынталандыра түседі деген ойдамын. Банктің несиесі қымбат болғандықтан, оған аса жолай қоймаймыз. Шыным сол, бұдан басқа тиімді несие көргем жоқ. Әрі партия қызметкерлерінің өздері қажетті құжаттарды жинастырып, барлығын түсіндіріп, өз білгенімен бөліседі. Ауылдықтарды сөзбен емес, іспен қолдау деген осы», – дейді кәсіпкер Дулат Қаймақов.
Оның ойынша, Чапаев ауылының орналасқан жерінің ыңғайлылығын да пайдаланып қалған жөн. Елді мекен Астана-Петропавл тасжолының бойынша орналасқан. Осыған орай кәсіпкердің өзі өндірген қымызды сату нарығын да кеңейте түспек ойы бар.
«Ауыл аманаты» жобасы тұрғындардың табысын арттыруға бағытталған. Оның аясында ауылдықтар 2,5 пайыздық несие алып, кез келген кәсіп түрін дамыта алады, сонымен қатар әлеуметтік-өндірістік кооперативтерге бірігіп, мал және өсімдік шаруашылығымен айналысуына, лизингке техника сатып алуға да болады.
«AMANAT» партиясы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы баспасөз қызметінің мәліметінше, «Ауыл аманаты» жобасы басталғаннан бері Солтүстік Қазақстан облысы бойынша 2 миллиард 64 миллион теңгден астам сомаға 272 өтінім келіп түсті. Бүгінде шамамен 614 миллион теңгеге 79 өтінім мақұлданды.
Роза ШӘКЕН,
Солтүстік Қазақстан облысы