Жиынға Парламент Мәжілісінің депутаттары, салалық ведомстволардың вице-министрлері, кітапханашылар және БАҚ өкілдері қатысты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Ұлттық құрылтайда кітап оқитын ел зиялы ұлтқа айналатынын айта келе, жас ұрпақтың кітап оқуға деген құштарлығын ояту қажет екенін алға тартқан еді. Сөз басында Мәжілістегі «AMANAT» фракциясының депутаты Жұлдыз Сүлейменова елімізде 7 500-ден астам мектеп, 124-тен астам жоғары оқу орны бар екенін, алайда ондағы кітапханашылардың жалақысы өспей отырғанын атап өтті.
«Жыл сайын мәдениет саласындағы кітапханашылардың еңбекақысы 15-30%-ға артып келе жатқанымен, білім саласындағы, соның ішінде мектеп кітапханашыларының жалақысы жоғарыламай отыр. Бұл – аса маңызды мәселе. Кітапханашылар арасындағы мұндай теңсіздікке жол беруге болмайды. Соның салдарынан, алдағы 3 жылда 6 мыңға жуық кітапхана қызметкерінің тапшылығы пайда болады деген болжам бар. Сәйкесінше, біз «Кітапхана ісі» мамандығына мемлекеттік грант санын 30%-ға арттыруды ұсындық. Бұл ұсыныс оң шешімін тапты», – деді халық қалаулысы.
Бұл ретте Мәдениет және спорт вице-министрі Арман Жүдебаев мұрағат пен кітапхананы бөлуге болмайтынын және кітапханашылардың жалақысын арттыру мақсатында өзге ведомстволармен бірге жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын жеткізді.
«Мәдениет және спорт министрлігінің 2023 жылға арналған тұжырымдамасы бекітілді. Біз осы тұжырымдама аясында нақты жұмыс атқарып жатырмыз. «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында мәдениет, мұрағат және кітапхана қызметкерлерінің жалақысын өсіру көзделгенін жақсы білесіздер. 2023-2025 жылдар аралығында мұрағат саласы мамандарының жалақысын 100%-ға дейін көтеруді жоспарлап отырмыз. Мұрағат пен кітапхананы бөлуге болмайды. Сондықтан министрлік кітапхана, мұрағат қызметкерлерінің жалақысын жоғарылату мақсатында өзге ведомстволармен бірге жүйелі жұмысты жолға қойды», – деді вице-министр.
Өз кезегінде елордадағы Ұлттық академиялық кітапхана директоры Ғазиза Құдайбергенқызы кітапхана қызметкерлері мардымсыз айлық алатынын айтып, қазіргідей қымбатшылық заманында бұл қаражат мамандардың әл-ауқатын арттыра алмайтынын тілге тиек етті.
«25 жылдық еңбек өтілі бар кітапхана басшылары – 172 мың теңге, ал «С» блогындағы кітапхана қызметкерлері небәрі 94 мың теңге жалақы алады. Әрине, былтырдан бері кітапхана қызметкерлерінің жалақысы жыл сайын шамамен 20%-ға артып келеді. Қымбатшылық қос бүйірден қысып тұрған кезде осы мәселеге де баса мән беріп, кітапханашылардың жағдайын жақсартуға назар аудару қажет», – деді Ғазиза Құдайбергенқызы.
Осы орайда Оқу-ағарту министрлігіне қарасты республикалық ғылыми-педагогикалық кітапхана директоры Әлия Сайдембаева білім беру ұйымдарындағы 25 жыл еңбек өтілі бар кітапханашылардың айлығы 130 мың теңге болғанымен, қолға бар болғаны 110 мың теңге алатынын, сондай-ақ ең төменгі айлық 85 мың теңгені құрайтынын жеткізді.
«Елімізде осы салада 8 300 кітапханашы қызмет атқарады. Оның 5 900-і – жоғары білімді, қалғаны – орта білімді мамандар. Жалақы мөлшері төмен болған соң маман тапшылығы мәселесі де өте өзекті. Мектеп кітапханаларында көбіне зейнет жасындағы мамандар еңбек етеді. Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты кітапханашыларға қарағанда мектеп кітапханашыларының айлығы 50-60 мың теңгеге аз», – деді Әлия Сайдембаева.
Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаев азаматтық қызметшілерге арналған жаңа әдістеме әзірленіп жатқанын және бұл құжат жыл соңына дейін дайын болатынын айтты.
«Азаматтық қызметшілердің мемлекеттік сектордағы үлесі шамамен 36%-ды немесе елдегі барлық жұмыс күшінің 13%-ын құрайды. Оларға еңбекақы төлеу жүйесі қолданыстағы заңнамаға сәйкес есептеледі. Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2022 жылдан бері жалақы жыл сайын 20%-ға артып келеді. Соған қарамастан, азаматтық қызметшілердің айлығына қатысты қоғам тарапынан көп мәселе көтерілуде. Бұл ретте, министрлікте арнайы жұмыс тобы құрылып, оның құрамына түрлі саланың өкілдері енді. Аталған жұмыс тобы зерттеу жұмысын жүргізіп, азаматтық қызметшілерге арналған жаңа әдістемені әзірлеп жатыр. Бұл әдістеме жыл соңына дейін дайын болады», – деді вице-министр.
Мәжілістегі «AMANAT» фракциясының мүшесі, депутат Еркін Әбіл «Кітапхана ісі» мамандығы бойынша мемлекеттік грант саны артқанымен, кітапханашылардың жалақысы жоғарыламайынша, осы салада еңбек етуге ұмтылатын жастар саны артпайтынын айтып отыр.
«Білім беру саласындағы кітапханашылардың жалақысын мәдениет саласындағы кітапханашылардың жалақысымен теңестіру үшін 3 жылға шамамен 5 млрд теңге қажет. Яғни, жыл сайын 1,5-2 млрд теңге аралығында бөліп отыру керек. Ел бюджеті үшін бұл аса көп қаражат емес. Сондықтан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қолға алған жаңа әдістеменің әзірленуін күтіп отырмай, кітапханашылар жалақысын жоғарылату жөнінде шешім қабылдау керек. Вице-министрдің айтуынша, әдістеме тек жыл соңында дайын болады. Оны талқылап, бекіту үшін де кемі жарты жыл уақыт қажет. Бұл әдістеме айналдырған 1-2 айда бекітілмейді. Біз жаңа әдістеменің әзірленуін күтіп жүргенде бюджет бекітіліп кетеді», – деді депутат.
Өз кезегінде, Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Бану Нарбекова білім ордаларындағы кітапхана қызметкерлерінің жалақысын, кәсіби дағдысын арттыру бойынша бірқатар жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.
«Еліміздегі жоғары оқу орындарында 185 кітапхана бар. Онда 1 382 кітапхана қызметкері еңбек етеді. Олардың орташа еңбекақысы – 200 мың теңге. Бұл – қатардағы қызметкерлердің жалақысы болса, кітапхана басшыларының орташа айлығы шамамен 500 мың теңгеге жеткен. Ендігі мақсат – жастарды осы кітапхана саласында еңбек етуге ынталандыру, олардың бойына жаңа кәсіби дағдыларды сіңіру. Ол үшін, әрине ең алдымен кітапхана қызметкерлерінің жалақысын арттыру қажет. Сондай-ақ бүгінде цифрлы кітапханаларға көп көңіл бөліп жатырмыз. Былтыр Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындары кітапханаларының қауымдастығы құрылды. Аталған қауымдастықта жоғары оқу орындарындағы кітапхана қызметкерлерін толғандырған әлеуметтік мәселелер талқыланып, мамандардың кәсіби дағдылары дамытылады», – деді комитет төрағасының орынбасары.
Жиын соңында БАҚ өкілдері өздерін толғандырған сауалдарын жолдап, тиісті жауап алды. «AMANAT»-тың сайлауалды бағдарламасында қамтылған бастамалардың жүйелі жүзеге асырылуы алдағы уақытта да партия назарында болады.