Елімізде жыл сайын тіл мәртебесін арттыру жөнінде келелі кеңестер, жаппай жиындар өтіп, көптеген бағдарлама қабылданады, қыруар қаржы бөлінеді.
Аралас мектептер алаңдатып тұр
3,159
оқылды

Ал болашақ ұрпақтың мемлекеттік тілде білім алуына қаншалықты көңіл бөліп жүрміз? БАҚ беттерінде, әлеуметтік желілерде аралас мектептер туралы мәселелер аз көтеріліп жүрген жоқ. Осы ретте еліміздегі қазақтілді және аралас мектептер төңірегінде біршама зерттеу жүргізіп көрдік. 

Қазақ даласын алғаш отарлау басталған кезеңде аралас мектептер қазақ жастарын орыстандыру, тілінен, ділінен айыру үшін қолданылған саяси бағдарлама болғанын тарихтан жақсы білеміз. Ең алғашқы аралас мектеп ХІХ ғасырда Перовскіде ашылған болатын. Сырдария губернаторы орыс-түзем мектебіндегі орыс тілін меңгеріп жатқан қазақ балаларын бақылауға келгенде тапсыр­маның орындалып жатқанына қанығады. Ал сыныптан шыға сала, бір-бірімен қазақша шүйіркелесіп жүрген балаларды көріп, қара домалақтарға орыс балаларды қосады. Осы­лайша, аралас мектептер отарлық саясаттың негізгі күшіне айналған. Белгілі ғалым Мекемтас Мырзахметұлы 1937-1938 жылдары елімізде 478 аралас мектеп болғанын айтып, «Аралас мектеп – отарлық саясаттың класси­калық түрі» деген қорытынды жасайды. 1940-1941 жылы елімізде аралас мектеп саны 841 болып, екі есе өссе, 1954-1955 жылдары 1 228-ге жетіп, үш есе көбейді. КСРО-ның дәуір­­леп тұрған кезеңі ХХ ғасырдың 70 жыл­дары Қазақстанда 1 689 аралас мектеп болыпты. Сол 60-80 жылдары елде 700-ден астам қазақ мектебі жабылып, Алматыда тек бір ғана қазақ мектебі ғана қалатын деңгейге жетеді. Тек 1986 жылы ғана белгілі сатирик Шона Смаханұлының бастамасымен қазақ мектептері қайтадан ашыла бастады. Ал бүгінгі таңдағы білім ошақтарындағы ахуал қандай?! 

Аралас мектептер 1937 жылдан бері бес еседен астам көбейген

Еліміздегі аралас тілді мектептердің соң­ғы 6-7 жылдағы жағдайына қарасақ, 2016 жы­лы – 2 045 мектеп, 2017 жылы – 2 037 мектеп, 2018 жылы – 2 046 мектеп, 2019 жылы – 2 054 мектеп болған. Ал 2020 жылы аралас тілді 2 043, 2021 жылы 2 047 мектеп болса, өткен жылы бұл көрсеткіш 2 778-ге бір-ақ қарғыпты. Демек, 2016 жылмен салыстыр­ғанда осындай мектептерде оқитындардың өсу тенденциясы әжептеуір қарқын алған. Еліміздегі аралас мектеп басым өңірлер қатарына Алматы, Ақтөбе және Түркістан облыстары жатады екен. 

2010 жылы Қазақстандағы мектептердің 68,5 пайызы қазақтілді болса, 2020 жылы бұл көрсеткіш 51,2 пайызға дейін құлдыраған. Сол 2020-2021 оқу жылында елордада қазақ сыны­бында – 108 мың, орыс сыныбында 85 мың бала оқыған екен. Өңірлер бойынша сол жылы Шымкентте қазақ сыныбында – 152 мың, орыс сыныбында – 54 мың бала білім алыпты. Ал Алматыда қазақ сыныптарындағы 140 мың оқушы оқыса, орыс сыныптарында 153 мың­нан басым болып шықты. Ақмола об­лы­сында да сол, 555 жалпы білім беретін мектептің 157-сі ғана қазақша, 217-сі аралас болған. 

Ұлттық бюро статистикасының мәліме­тіне сүйенсек, елде қазақтардың жалпы саны 14 млн-ға жуықтап, 70,65 пайызға жетіп отыр. Орыс ұлты 3 млн адам, яғни Қазақстан халқы­ның 15,2 пайызын құрайды. Кеңес одағында 1989 жылы жүргізілген халық санағы бойын­ша 39,7% болған қазақтар саны тәуелсіздік жылдары екі есеге өсіп отыр деген сөз. Қазақ­тардың демографиялық өсімі қуантқанымен, елдегі аралас мектептердің статистикасы көңіл көншітерлік емес. Былтырғы жаңа оқу жылында 3,7 миллион баланы қамтитын 7 637 мектеп жұмыс істеп, оның 3 738-і қа­зақтілді, 1 121-і орыстілді, 2 778 аралас мектеп бол­ған. Қазақтілді мектеп – 49 пайыз, орыс­тілді мектеп – 15 пайыз, ал қазақ және орыс тілдерінде білім беретін мектеп 36 пайызды құраған. 

Ал бүгінгі таңда Оқу ағарту министрлігінің мәліметіне сәйкес, барлық мектеп саны 7 724 болса, оның 3 957-сі – қазақ тілінде, 1 203-сі – орыс тілінде, аралас тілде – 2 551 мектеп бар екен. Жоғарыда 1937-1938 жылдары елімізде 478 аралас мектеп болғанын айттық. Қазіргі оның саны 2 551-ге жетсе, яғни 1937 жылдан бері аралас мектептер санының бес еседен астам өскендігі байқалады. Осы ретте «Аралас мектеп ада қазақтар мен шала қа­зақтардың жыл асқан сайын еселене көбеюі­нің фабри­касына айналып кетті», – деп ғалым Мекемтас Мырзахметұлының дабыл қағуы орынсыз емес екендігіне көзімізді жет­кіземіз. Себебі елімізде 70,6 пайыз қазақ тұ­ра­тынын ескерсек, орыстілді мектептер мен аралас мектептердің шәкірттерінің басым бөлігі қазақ балалары екенін бағамдау қиын емес.

Бірінші сыныптағылардың 70%-ы қазақ тілін таңдаған

Қазақта «Күн шықпаймын десе де, таң атпасына қоймайды» деген сөз бар. Соңғы уақытта елімізде қазақтілді мектепке деген сұраныс артып келетінін айтпай кетпеске болмайды. Күні кеше Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында өңірлердің жаңа оқу жылына дайындығы қаралды. Онда Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев 1 қыр­күйектен бастап 7,7 мың білім беру ұйымында 3,9 млн бала білім алатынын, олардың 364 мыңы бірінші сыныпқа баратынын айтты. Сонымен қатар биыл балалардың 68,2 пайы­зы мемлекеттік тілде оқуды таңдағанын мәлімдеді. Еске салайық, 2021 жылы ба­лалар­дың 64 пайызы қазақ тілінде білім алуды таңдаған болатын. Яғни, мемлекеттік тілге деген сұраныс артып келеді деуге негіз бар. Бұған бірнеше себепті атауға бола­тындай. 2019 жылға дейін мектеп түлектеріне грант бөлгенде 50\50 қағидаты сақталға­нымен, тек жуырда ғана тілге қарап бөлмей, жалпы ҰБТ қорытындысы бойынша қа­былдау жолға қойылды. Соның нәтижесі елімізде қазақтілді мектептердің сапасы жоғары екенін тайға таңба басқандай дә­лелдеді. Мемлекеттік грант­тың 70-80 пайы­зын қазақ сыныптары­ның түлектері ие­ленуде. Тіпті, 200 мыңнан астам өзге диас­пораның баласы қазақ мекте­бінде оқып жатыр. Яғни өзге ұлттардың өзі мұндағы келешек қазақ тілімен тығыз бай­ланысты екенін түсіне бастаған. 

Қазақстанда тәуелсіздік алғалы бері 60 мыңнан астам бала мектепті алтын медальмен бітірген болса, соның 50 мыңнан астамы – қазақ мектептерінің түлектері. Халықаралық олимпиадаларда 70 мыңдай медаль алған оқушылардың 60 мыңға жуығы – қазақ мек­теп­терін оқыған, бітірген балалар екен. Осы­ған қарап, қазақтілді мектептердің білім сапасы орыстілді мектептерден кем деген қасаң қағиданың күл-талқаны шығатынына көз жеткізуге болады. 

Ұлытау облысында орыс тіліндегі мектептер жабылды

Ұлытау облысында барлығы 88 мектеп бар. Өткен оқу жылында мұнда барлығы 39 601 оқушы оқыған. Соның 19 153-і – қазақ, 18 795-сі – аралас, 1 653-і орыс мектептерінде білім алған. Бұл – былтырғы көрсеткіштер. Биылғы ахуал мүлде басқа. Жаңа оқу жылын Ұлытау облысының білім беру ұйымдары таза орыс тілінде сабақ жүргізетін бірде-бір мек­тепсіз бастамақ. Облыста бұған дейін бар-жоғы үш қана орыс мектебі, атап айтқанда, Сәтбаев қаласында – 2, Қаражал қаласында 1 мектеп болған екен. Биыл бұл мектептерде алғаш рет қазақ сыныптары ашылатын болды. Таза орыс мектептерінің жойылуы – облыста былтырдан бері басталған үрдіс. Өткен оқу жылында ашылғаннан бері орыс мектебі болып келе жатқан Жезқазғандағы №26 мектепте алғаш рет қазақ сыныптары пайда болып, 1-сыныпқа оқушылар қабыл­дан­ған еді. Екіншіден, облыспен аттас – Ұлытау ауда­нында аралас мектептердегі орыс сыныптары­на құжат қабылдау мүлдем тоқ­татылды. Үшін­шіден, биыл облыс бойынша 4 342 бала мектеп табалдырығын аттағалы тұр. Осы балалардың 81,3 пайызы, яғни 3 519-ы қазақ сыныптарына таңдау жасапты. Ал қазақ сыныбын таңдау өткен оқу жылында 1-сы­ныпқа барғандардың арасында 67 пайызды құраған еді.

Мәселенің мәнісі

Осы жылы 14 маусымда өткен Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» фракциясы мүшесі Қа­зыбек Иса қазақ мектептерінің ауыр жағ­дайына тоқталып, аралас мектеп жүйесін тоқтатуды талап еткен болатын. Ол Оқу-ағарту министрі Ғ.Бейсенбаевқа, Шығыс Қазақстан облысы әкімі Д.Ахметовке жол­даған сауалында Риддер қаласындағы жалғыз қазақ мектебі – шаңырағы құлайын деп тұрған «Шаңырақ» мектебінің апатты жағ­дайы туралы ата-аналар хатын оқыды. 

Хатта белгілі болғандай, 550-дей оқушы оқитын алғашқы қазақ мектебі әйгілі Желтоқсан көтерілісінен кейін 1987 жылы қазақ мектебін ашуға деген талап күшейіп, алдымен кешкі мектеп болып ашылған. Бірақ Тәуелсіздік алсақ та, жағдай сол Кеңес одағы кезіндегіден оңалып кеткені шамалы... 550-дей қазақ баласы оқитын жалғыз қазақ мектебі өткен ғасырдың басында, 1936 жылы және 1952 жылы салынған ескі тозығы жеткен, құлайын деп тұрған жайда отыр екен. 

«Риддердегі жалпы 16 мектептің 1-еуі ғана қазақша, 12-сі орысша, 3-еуі – аралас мектеп. Қазақ елінде қазақ мектебі 20 жылдан бері жаңа ғимарат сұрап зарлап келеді. Риддерде қазақша мектеп жетіспейтіндіктен, қазақ балаларына дискриммнация жасалып, оқуға жағдай жасалмай, зардап шегуде. Соның өзінде бұл қазақ мектебі білімі бойын­ша қаладағы ең үздік мектеп, Қазақстанның 100 мектебі тізіміне енген. «Шаңырақ» мектебіндегі 550 баладан басқа қалада тағы 700-дей бала қаладағы әр аралас мектепте оқып жатыр. Осыған байланысты халық осы өткір мәселені шешіп беруін, қазақ мектептері ашылып, жаңа ғимарат салынуын талап етуде», – делінген хатта.

Осыған ұқсас жағдай Алматы облысы Талғар ауданындағы мектептерге де тән екені талай жазылып, мәселе көтерілген болатын. Өткен 2022-2023 оқу жылында қазақ жур­налистері мен сондағы ата-аналар қанша жерден шулап, қарсылық көрсетсе де №25 мектеп аралас мектеп болып ашылған еді. Сонымен қатар дәл осылай Алматы қаласы, Алатау ауданынан да №209 қазақ-орыс аралас мектебі пайдалануға берілді. 

Ал Қостанай облысының Фёдоров пен Денисов ауданында және Лисаковск қаласында мемлекеттік тілде білім беретін бір ғана мектеп бар екені белгілі болған-ды.

 

Түйін: 

Ұлт көсемі Ахмет Байтұрсынұлы: «Аралас мектептің санын арттыру – ұлтты ұлт ретінде жоюдың бірден-бір жолы» десе, Мұстафа Кемал Ататүрік «көп тілді, көп дінді, көп ділді мемлекеттің өмірі ұзаққа бармайды» дейді. Ендеше, ұлтымыз ұтылмасын десек, мән берген жөн-ау.

Наурызбек САРША