(Әзіл-шыны аралас)
Тектіден текті туады
8,309
оқылды

Алпыстың асуын бағындырған Талғат Құмарғалиұлын мен танығалы бері 35 жыл уақыт сырғып өте шығыпты. 1988 жылы мен журфактың студенті атанғанда, ол Тарих факультетінің 3 курс студенті болатын. Әрі ҚазМУ қалашығы ОКД-сының басшысы еді. Сол кездегі ҚазҰУ студенттері КСРО-ның Бас хатшысын танымауы мүмкін. Ректордың аты-жөнін білмей қалуы да ықтимал. Бірақ Талғат Мекебаевты түп-тұқиянына дейін түгел танитын. Түнгі сағат төртте түртіп оятып, Тәкеңнің жеті атасын сұрасаң, мүдірмей жауап берері хақ. Өйткені ол кезде ҚазҰУ қалашығында ОКД-сыз шыбын ұшып, маса ызыңдап, мазаңды алмайтын. Қызығы мол студенттік шақтың әрбір мәдени шарасын өткізу үшін, ОКД-ның келісімі керек. Тіпті туған күніңді атап өту үшін де әлгі ұйымның рұқсаты қажет. Сондықтан ОКД басшысының атақ-абыройынан ат үркіп, қолтырауынның өзі қалтырып қоя беретін. Бұл енді сатирик болғандықтан әсірелеп һәм әзілдеп айтып жатқаным ғой. Дей тұрсақ та осы сипаттамам шындықтан көп алшақтай қоймасы тағы анық. Солай бола тұра, Талғаттың қызметін асыра пайдаланып, бақырып-шақырып, біреуге тізе батырып, жапа шектіріп, залал келтіргенін көрген де, естіген де емеспін. Дүйім халық, мұқым елден алғыс алмаса, қарғыс алған жері жоқ.

Мен өзі – журфактың ардагер абитуриентімін. Осы оқу орнына үш рет келіп, оның екеуінде құлап, үшіншісінде әупірімдеп жүріп, әрең түскен қайсар да қайтпас талапкермін. Сондықтан ба, етім тірілеу боп, сол алғашқы курстың өзінде-ақ той басқардым. Ұстазым – сол кездегі атақты асаба Шоқан Шөжеев. Рухани кураторым – айтыскер ақын, таңдайы тақылдаған термеші Мұхтар Бөпетаев. Осы үшеумізді желеп-жебеуші һәм қорғаушы – Ұзақбай Серікбаев. Қысқасы, осы үш арыстың арқасында екінің бірінің қолы жете бермейтін Талғат Құмарғалиұлының қолын алып, пірге қол бергендей күй кештік. Бұл жетістік мен үшін Қытай қамалын алғаннан бір мысқал кем түскен жоқ. Содан бастап тарих факультеті студенттерінің, тіпті одан қала берсе, Талғаттың туған-туыс, тамыр-таныстарының тойын басқарып, келе бере туған бауырдай етене араласып кеттік. Осы жылдар ішінде бір-бірімізге өкпе айтқан, ренжіскен кезіміз жоқ. Ол ағалық қамқорлығын көрсетсе, мен інілік ізетімді жасап келемін. Әсіресе «Айқын» газетінде жұмыс істеп жүрген кезімде маған да тыныштық бермейтін, өзі де тыным таппайтын. Апта сайын ақпарат, маусым сайын мақала, жыл сайын жылнама жазып, оның жарық көруін маған тапсыратын. Тіпті басқа басылымға шығуына да мұрындық болатынмын. Соның арқасында «Қалам мен қарым» атты кітап жазып тастады. Ол жинақтың құрастырылуына себепкер болғаным да рас. Бұл басылымның дайын болғанына да екі жылдың жүзі болды. Бірақ Тәкең кітаптың тасқа басылуына асықпады. Өйткені ол мақтаншақтардың сойынан емес. «Ең болмаса, алпыс жылдық мерейтойыңыздың қарсаңында тасқа басайық» деп едім, оған да илікпеді. «Сол мерейтойға байланысты тағы да біраз шығармалар жазылады. Солардың бәрін қосып, бір-ақ шығарайық» деді. «Оныңыз да жөн екен» деп қостадық. Міне, сол жинақ тасқа басылып, өз оқырманына жол тартып барады. Бұл кітап «ҚазҰУ – әлем назарында», «Келбет», «Болмыс», «Құрмет» атты төрт бөлімнен тұрады. Жинаққа автордың соңғы жыл бедерінде республикалық басылымдарда жарық көрген мақалалары және ұстаздары һәм әріптестер туралы жазған естеліктері мен эсселері топтастырылған. Жалпы, осы басылым арқылы Талғат Құмарғалиұлының бүтін болмыс-бітімін білуге болады.

Талғат Құмарғалиұлы – тектіден туған тұяқ. Асылдың сынығы. Жақсының көзі. Оның ата-бабалары бай да, би де, көсем де, шешен де, қажет болса, қажы да болған екен. Кезінде қажы атанған Әлпеш бабасы Меккеден келгеннен кейін дүниеге келген перзентіне Мекебай деп ат қойып, айдар таққан екен. Қасиетті Қағбада һәм Арафатта тұрып сұраған дұғалары қабыл болып, өзі азан шақырып, ат қойған Мекебайдан тараған ұрпақ елге елеулі, халыққа қалаулы болды. Соның бірі – Талғат Құмарғалиұлы болса, екіншісі – Асхат Талғатұлы. Мақаланың өн бойында Талғаттың өмірі мен шығармашылығы һәм қызметі туралы егжей-тегжейлі айтылатындықтан, әңгіме ауанын Асхатқа бұрғанды жөн санап отырмын.

Асхат Талғатұлы – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлегі. Ұлттық қауіпсіздік қызметінің қызметкері ретінде бұйрық шыққанына қарамастан, ол жерде жұмыс істеуден бас тартып, жеке кәсіппен айналысуды құп көреді. Сөйтіп бір емес, бірнеше кәсіп ашып, әбден шыңдалады. Соның нәтижесінде ол Zheka's Doner House, Salam Bro, Marmelad bar, Zheka's Ice секілді бірнеше кәсіп жүйесін құрып, соны дөңгелетіп, абыроймен басқарып келеді. Ол да ата-бабалары һәм әкесі секілді халыққа қамқор болып, елге қызмет етудің үлгісін көрсетуде. Сөзіміз нанымды болу үшін мына бір ғана мысалды айтсақ та жеткілікті.

Нұр-Мүбарак университеті өз ауласынан оқу ғимаратын салып жатқаны мұқым елге мәлім. Соның құрылысына қаржы жетпей жатқанын естіген Асхат құны жүз миллион теңгеден астам тұратын өзінің темір тұлпарын сатып, бүкіл қаражатты ғимарат құрылысына аударады. Бұл не деген Атымтай жомарттық?! Дәл осылай қайырымдылық жасау – кез келген бай-бағландардың қолынан келе бермейтін мәрттік. Өйткені ол – Әлпеш бабасы, Талғат әкесі, Айша анасы секілді қажы. Асхат дәл осы қасиетті парызды бір емес, бірнеше рет орындады. Ал қажылар – Алланың сүйікті құлы һәм қонағы, қашанда халық жанашыры! «Дүниең үшін дініңді емес, дінің үшін дүниеңді сарп ет!» деген хадис бар. Сол айтқандай, Асхат – дүниесін дін үшін сарп етіп жүрген азамат. Сондай-ақ ол «Ата-анасына жақсылық жасаған адамның өмір жасы ұзақ және ризығы берекелі болады» деген қағиданы басшылыққа алып, ата-анасына ылғи да сый-құрмет көрсетіп келеді. Жыл сайын олардың ем мен дем алуларын ұйымдастырып отырады. Екеуінің де қажылыққа баруына ықпал етті. Әкесі Талғатқа темір тұлпардың төресін сыйлады. Қысқасы, Асхаттың ата-анасына жасаған жақсылықтарын айтып тауыса алмайсыз. Алла Тағала оның дұға-тілектерін қабыл етіп, әрбір ізгі істерін сауаптан жазсын!

Талғат Мекебаев – сегіз қырлы, бір сырлы азамат. Мінезі салмақты, өзі салиқалы әрі байсалды да байыпты. Қандай шаруаны қолға алса да, аспай, саспай, таспай һәм тастай қып істейді. «Асықпаған, арбамен қоян қуып аладының» нақ өзі. Анда-санда Алатау қозғалуы мүмкін, бірақ Талғат қозғала қоймайды. Оған сан емес, сапа қажет. Осы қасиетінің арқасында ол біраз асуларды алып, біраз биіктерді бағындырды. Алғашқы қызметін ассистенттіктен бастап, тарих факультеті деканының орынбасары, Сырттай бөлім деканы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ бірінші проректорының орынбасары, Оқу ісі жөніндегі проректордың көмекшісі қызметтерін абыройлы атқарды. 1996 жылы есімі елге мәлім тарихшы, профессор Мәмбет Қойгелдиевтің жетекшілігімен «Уақытша үкіметтің Қазақстандағы билік орындарының қызметі (1917 жылдың ақпаны – 1918 жылдың басы)» атты тақырыпта кандидаттық диссертациясын сәтті қорғады. Өз мамандығының майталманы ретінде ғылыммен терең айналысып, індете ізденді, жете зерттеді. Соның нәтижесінде жүзден аса ғылыми мақалалар жазды. Олардың бірі де бірегейі Scopus ғылыми базасы тізіміне кіретін журналдарда жарық көрді. Сонымен бірге ол ондаған оқулықтар мен оқу құралдарының және монографиялардың авторы. Ал 2011 жылдан бері Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қызметкерлері «Парасат» кәсіподағының төрағасы болып ерен еңбек етіп келеді. Кәсіподақтың негізгі міндеті – қызметкерлерінің әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін қорғау. Олардың сапалы еңбек етіп, ем мен демалуын ұйымдастыру. Қажет болса, әлеуметтік қолдау көрсетіп, демеушілік қызмет жасау. Мұның бәрін атқару оңай шаруа емес. Соған қарамастан кәсіподақ басшысы ізгі де ілкімді іс істеудің үлгісін көрсетіп келеді. Басқаны айтпағанда, соңғы жылдары Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 118 қызметкері Талғат Мекебаевтың ұйытқы болуымен пәтер алды. Бұл – жоғарыда айтқан сөзіміздің айғағы. Сондай-ақ ол Лепсідегі өзі оқыған мектебін оқу құралдарымен және соңғы үлгідегі техникалармен жабдықтап, оқушыларға қамқорлық жасады. Аудан орталығындағы Алдияр батырға арналған ескерткіштің тұғырға қонуына да Талғат Құмарғалиұлы демеушілік қызмет көрсетті. Осы орайда 1986 жылы Чернобыль атом станциясындағы жарылыс кезінде университетте жасақталған құрылыс отрядына өз еркімен жазылып, апат аймағында тұрғын үй салуға белсене ат салысты. Ал 2010 жылы Алматы облысындағы Қызылағаш ауылындағы су тасқыны кезінде де білім ордасы тарапынан зардап шеккендерге көмек қолын созғандардың бірі де бірегейі – осы Құмарғалидың Талғаты болатын.

Талғат Мекебаевтың ел игілігі үшін атқарған қызметі үкімет және қоғамдық ұйым тараптарынан дер кезінде бағаланып келеді. Ол – «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ге – 75 жыл», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне – 20 жыл», «М. Тынышбаевтың туғанына 130 жыл», «Ерен еңбегі үшін», «Ы. Алтынсарин», Б. Момышұлының туғанына 100 жыл толуына орай шыққан «Шапағат», «Әл-Фараби» күміс медалдарының иегері. Білім беру ісінің құрметті қызметкері. Білім және ғылым министрлігінің «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы». Мәдениет саласының үздігі. Сарқан ауданының құрметті азаматы. Бұл атақ-абыройдың барлығы – адал еңбек пен маңдай тердің өтеуі.

Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар хадистерінің бірінде: «Тату-тәтті тұрған жұбайларды құдіреті күшті Құдай қиямет күні мейіріммен қарап, жаннатқа кіргізеді» дейді. Отыз жылдан астам уақыт бойы Айша ханыммен бірге үлгілі отбасын құрып, Асхат пен Рахаттай ұл һәм бірнеше немере сүйіп отырған Талғат Құмарғалиұлының әулетін Алла Тағала екі дүниенің нығметіне бөлесін!

Ермахан Шайхыұлы,
Халықаралық Махамбет

атындағы сыйлықтың лауреаты.
Мәдениет және Ақпарат
саласының үздігі.