Сеулда дүниеге келген әнші Қазақстанды өзінің концерттік турымен аралап та үлгерген. Біз Сон Уон Сабқа хабарласып, қазақ әндері және шығармашылық жоспарлары жайлы сұхбаттастық.
– Сіз қазақ әндерін қашаннан бері кавер нұсқада шырқап жүрсіз. Қазақ музыкасына қызығуыңызға не себеп болды?
– Алғаш рет қазақ әншілерінің әнін үш жыл бұрын орындадым. Сол кезде Jah Khalib-тың «Медина» әнін шырқадым. Жалпы, қазақша әндерді корей тіліне аударып айтуыма негізі себеп болған оқырмандарым. Мені оқитындардың көбі – шетел азаматтары. Маған қазақ әуендерінің сілтемелерін жіберіп, осылай корей тілінде орындап көрсең деп ұсыныс тастады. Менің жеке аудармашым бар, сол кісі аударып береді. Сосын мен өзімнің дауысыма, Корей халқының менталитетіне сай әрлеп орындап шығамын. Ал қазақша әндерді орындап жүргеніме жеті ай болды. Және ол Мирас Жүгінісовтың «Зымыран» атты әнінен басталды. Қазақ әндеріне деген қызығушылығым Батырхан Шүкеновтің «Жаңбыр» әнінен кейін туындаған. Өз кезегінде бұл кавер тыңдармандардың да ерекше ықыласына ие болды. Осы туындыдан кейін қазақ әндерін орындауға деген батылдығым артып, ізденісімді одан әрі жалғастырдым.
– Сонда YouTube желісіне кавер түсіру пандемия кезінде келген идея ма?
– Иә, барлығы сияқты пандемия кезеңінде менде аздап депрессия болды. Мен үнемі әрі қарай қалай жүру керегін ойладым. Барлық жоспарланған концертті тоқтатуға тура келді. Коронавирус менің толық бағдарламамдағы жоспарларымды бұзды. Біраз уақыттан кейін мен бұлай қол қусырып отыра алмайтынымды түсіндім. Тағдырымды өз қолыма алып, алға жаңа мақсаттар қойдым. Сол кезде менде жаңа Ци энергиясы оянды деп айтуға болады. Мен әлдеқайда өнімді жұмыс істеп, жаңа әндер мен коверлер жаза бастадым. Менің ойымша, коронавирус менің шығармашылық идеяларымды ашып, сондай-ақ менің Sunrays жанкүйерлерімнің де санын арттырды.
– Өзіңіз туралы айтып беріңізші. Қандай отбасыдан шыққансыз? Қайда білім алдыңыз? Мамандығыңыз қандай?
– Менің ата -анам қарапайым кеңсе қызметкерлері. Отбасымызда менен үш жас үлкен ағам бар. Оның негізгі мамандығы – боксшы. Бірақ қазір ағам балаларға білім беру үшін бокс залын ашып, сонда жаттықтырушы болып жүр. Ал өзім Сеул ұлттық өнер университетінде тромбон аспабы бойынша білім алғанмын. Кейін тромбонист болып жұмыс істедім. Қазіргі айналысатын жұмыстарым да музыка саласында.
– Қазақша үйреніп жүрсіз бе? Сөздік қорыңызда қандай қазақ сөздері бар?
– Қазақша өте қарапайым сөздер мен сөйлемдерді ғана білемін. Менің ойымша, қазақ тілін үйрену оңай емес.
– Корей тілінде шырқалған қазақ әндерін тыңдармандарыңыз қалай қабылдауда?
–Егер мен тыңдармандарыма бір минуттық қуаныш пен әсер сыйласам ол мен үшін үлкен бақыт.
– Қазір қоржыныңызда қазақтың қандай әндері бар?
–Қазір қоржынымда қазақ тілінде 15-тен аса ән бар. Болашақта қазақ тілінде ән жазуды армандаймын.
– Жақында Шәмшінің әндерін кәрісше шырқадыңыз. Шәмші – қазақтың классикалық композиторы. Сізге бұл туынды несімен ұнады?
– Былтыр наурыз айында Алматыда әнші Мирас Жүгінісов маған Шәмшінің әнін ұсынды. Маған бұл әннің қатты ұнағаны соншалық, оны қалай айту керегін ұзақ ойландым. Сол күні кездесуде маған домбыра сыйлады. Кейін Шәмшінің әнін «домбырамен неге шырқамасқа» деген идея келді. Соның арқасында қазақтың жанын да түсінуге тырыстым. «Сыған серенадасы» әнінің сөздерін корей тіліне аудару қиын болды, оның мағынасы күрделі. Ән мені өмір туралы ойлануға мәжбүр етті. Мен сөздерді заманауи түрде өзгерттім. Олардың мағынасын оңтүстіккореялықтар жақсы түсінеді.
– Былтыр Қазақстанға келіп қайттыңыз. Алғашқы әсеріңіз қандай болды?
– Ең алғаш былтыр қыркүйек айында Қазақстанға іссапармен келдім. Алматыда, Астанада, Шымкентте, Петропавлда, Ақтауда болдым. Өзімді әртүрлі елде жүргендей сезіндім, әр қаланың өз айырмашылығы бар. Сол кезде Алматы қаласының атмосферасына және Шымбұлақтың сұлулығына ғашық болдым.
– Бір сұхбатыңызда қазақтың тойына да қатыстым депсіз?
– Иә, қазақтардың тойын көріп қатты таңғалдым. Үлкен дәрежедегі фестиваль сияқты дүркіреп өтеді екен. Ал Кореяда той тып-тыныш өтеді. Қонақтар келеді, құттықтап, тілегін айтып кетеді.
– Бос уақытыңызда немен айналысасыз?
– Көбіне ән жазамын, кейде кавер түсіремін. Сонымен қатар жақын достарыммен кездесемін. Тауға да жиі шығамын.
– Алдағы жоспарларыңыз қандай?
– Сапалы әндер мен каверлер дайындап, тыңдармандарыма ұсынғым келеді. Үлкен концерттер өткізу де ойымда бар.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Көктем ҚАРҚЫН