Сұлтанмахмұт үшін күрес – Алашорда үшін күрес еді ғой, бәтір-ау. Сұлтанмахмұт «Алаш ұранын» жазды. Алаш ұранын жазғаны өзіне сор болды. Алашорданың өзге аймүйіздері тірідей қудаланып, бірде кешіріліп, бірде қайыра қудаланып, ақыры сотталып, атылып кетуіне себепкер болса, Сұлтанмахмұттың өлідей сәт сайын «сана сотына» түсіп, сан рет большевиктік айыпталуына себепкер – сол «Алаш ұраны!» мен Алаш рухты шығармалары».
Әкедей әзіз Бейсекең, профессор Бейсембай Кенжебайұлымен арадағы әңгіме тағы да осы бағытта өрбіген еді.
– Ақынның тұңғыш жыр жинағы 1922 жылы Қазанда басылды, – деп бастады әңгімесін әзіз жан сырқаулы денесін тіктеп. – Әдетте қазақтың ХХ ғасыр басындағы бірсыпыра кітабы қазақ тілінде Қазанда жарық көрген. Қазанда жарық көрген кітаптың бірі – Сұлтанмахмұт кітабы. Ғалымның қолында Қазанда басылған ақын жыр жинағының фотокөшірмесі. Мен таңырқап, профессор қолындағы көшірме кітап суретіне қарап қоямын. Олай болатын себебі Бейсекең қолында негізінен ХХ ғасыр басына дейін, ХХ ғасыр басында жарық көрген кітаптардың көшірмесі емес, өзі болатын. Бұл жолы көшірмесі...
– Бернияз Қазанда қайдан жүр? – деп қалдым.
– Бернияз Қазақстан мемлекетінің кітап бастыру ісі жөніндегі уәкілі болып тұрған ғой.
– Қазанда кітап басу ісі ертеден өркендеді деп талай рет айттыңыз.
Талай кітабын архивіңізден алып көрсеттіңіз. Бірсыпыра кітапты кітап тарихын зерттеуші Әбіш Жиреншинге бес-алты қағаз қап етіп бергеніңізді де айттыңыз. Мақсат «Қазақ кітаптары тарихының» екінші кітабын бірге жазу болғанын да талай рет өз аузыңыздан естідім. Сіз берген кітаптар негізінде кейін «Қазақтың кітап тарихы музейі» ұйымдастырылғаны да мәлім. Ал Бернияз құрастырған С.Торайғырұлының мына кітабының түпнұсқада болмай, фотокөшірме болып жетіп отырғаны несі Сізге?
– Қарағым, бізде кітаптың өзі де болды, фотокөшірме етіп те сақтадық кітапты. Біздің кітапханамыз, архивіміз талай рет тәркіге түскен, талай рет КГБ (Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті – Қ.Е.) тінткілеуінен өткен. Мен өзімді ертеден Сұлтанмахмұтты зерттеу, тану мәселесіне арнап кіріскен адаммын. Менде ақынның 1922 жылғы жинағы да, 1933 жылғы жинағы да болған. Амал қанша, қиын-қыстау күндері айырылып қалдық. Өзімде ұстау қауіпті күшейткен кездері кітаптарды көңілжетер дос-жар азаматтарға беріп, солардың қолында ұстаған кездерім де бар, қарағым. Кейін талапты, сенімді студент, тақырып алған аспиранттарыма да тақырыбына орай, сирек кездесер кітаптарды тақырыпқа қоса беріп, дипломдық, диссертациялық жұмысына пайдалануға және ұқыпты сақтауға деп берер едім. Жә, ол басқа әңгіме.
Досы Мұхтар Әуезовше, «жә-жәлей» бастаған соң әңгіме ауаны қайтадан Бернияз ақынға қарай ойысатынын біліп, тағы да бір сұрақты елшілікке жөнелттім.
– Қазақ кітаптарының Орынборда басылмай, Қазанда басылуы, Ленинградта (Санкт-Петербург. Қ.Е.) басылмай, Қазанда басылуы қайран қалдырады, Бейсеке?
– Орынбор – әуелден қазақ, татар, башқұрттың ортақ астанасы ретінде танылған шаһар. Ол үшін Рычковты оқу керек. Орынбор 1920 жылдан Қазақ автономиясының астанасы. Бірақ қазақ тілінде баспа орны жоқ ол кезде. Ал Ленинградта Мемлекеттік университетті Бекетов басқарған кезде ашылған «Түркістан институты» жабылып қалған. «Түркістан институты» жанындағы баяғы Бораганский баспасы да жабылған, бұл кезде. Кітап басу ісі Қазанда ғана қалған уақыт. Кейін ғой, СССР-де кітап басу ісі Мәскеуге қарап, оның басына Нәзір (Н.Төреқұлов) ағайдың келетіні. Біз Нәзір ағай ұйымдастырған «Күншығыс халықтарының кіндік баспасынан» да кітап шығарғанбыз кезінде, 20-(жиырмасыншы. Қ.Е.) жылдары... Ол өз алдына дербес әңгіме.
Ішіне сыр бүккен бір жұмбақты бір жұмбаққа қосып әңгіме айтып отыр әкедей әзіз Бейсекең.
– Ол шығармаларды Бернияз қайдан, қалай жинақтады деп ойлайсыз, аға?
– Бернияз Сұлтанмахмұттың ол шығармаларын арнайы жинақтамаған тәрізді. Кездейсоқ қолына түскендерін жариялаумен шектелген деп білемін.
– Қалайша?
Қолыма қағаз, қалам алып тұқшыңдап жазып отырған. Мен жүзімді тіктеп Бейсекеңе шаншыла қарасам керек.
– Неге десеңіз, Бернияз жинаққа жазған алғы сөзінде былай дейді:
«Мезгілсіз дүние салған жас ақыныңыз С.Торайғыровтың өлеңдерінен менің қолыма түскені осы үш поэма. Басқаларын, қара сөздерін, өлеңдеріне сын һәм тәржіме халін түсіре алмадым... Сұлтанмахмұт өлеңдерінен менің қолымда бары – осы. Басқаларын табуға амалым болмады. Түрлі кісінің қолындағы, түрлі газет-журналдағы өлеңдері жоғалып кетпей тұрып, тезірек жиналып, ақынның өлеңдері һәм басқалары тезірек бірге басылып шықсын деді...».
О, құдірет Абай, Сұлтанмахмұт, Мағжан өлеңдерін жатқа айтатын Бейсекең Бернияз ақынның әңгіме арқауына айналып отырған асау жүректі ақынның жыр жинағына жазған алғы сөзін жанынан суырып салып айтқанын қайтерсіз?! Кейін салыстырдым. Тұп-тура, сөзбе-сөз! Міне, бұрынғылардың жады дегеніңіз!
– Сонда ақынның үш поэмасын жариялаумен шектелген ғой. Ол қай поэмалары ақынның?
– «Адасқан өмір», «Кедей», «Айтыс» (қала ақыны мен дала ақынының айтысқаны). Міне, Бернияз Сұлтанмахмұттың қолына түскен осы үш поэмасын Қазанда «Адасқан өмір» – деген атпен 1922 жылы кітап етіп бастырған.
– Әлгі Сіз атап айтып отырған үш поэманы кімнен, қалай алғаны да белгісіз бе? Ол жайында Бернияз ләм деп ештеңе айтпай ма? Сіздің өзіңіздің долбар пайымыңыз қалай?
– Ол жайында тіс жарып, ештеңе айтпайды, сыр ашып ештеңе деп жазбайды кітапта.
– Сұлтанмахмұт өзінің тұңғыш жыр жинағын, яғни кітабын көрген бе, сонда?
– Жоқ. Көрмеген...
– Атақты блоктанушы, орыс әдебиеттануында өзіндік айрықша орны болған В.Орловта Александр Блокта жоқ Блоктың поэзия кітабы болған деседі. Александр Блоктың жанашырлары ақынның сыртынан кітабын шығарған. Бірақ ақынның өзі білмейді. Білмей өтіпті Блок кітабының шыққанын. Блоктың биографы В.Орлов ХХ ғасыр басында аздаған тиражбен жарық көрген ақын жинағын тауып, кітапханасында ұстапты. Не деген ұқыптылық!? Сол секілді Сұлтанмахмұт кітабының жарыққа шыққанын білмейтін болып отыр ғой, сонда?
– Александр Блок –
Мәңгі жас жүрек
Үмітін бір үзбеген.
Батып алтын ойға,
Талмай қарап Айға,
«Әдемі әйел» іздеген.
Көрінер деп күнде,
Табылар деп түнде,
Шарқ ұрудан талмаған.
Александр Блок –
Мәңгі жас жүрек,
Қай жерге ол бармаған?!
«Әдемі әйел» – идеал,
«Әдемі әйел» – бір қиял,
Блоктың басын байлаған.
«Әдемі әйел» – бір гүл,
Блок – бір бұлбұл,
Блок – бұлбұл сайраған.
Сайраған Блок,
Ойнаған жүрек –
Кейде үміт, кейде зар.
Өтеді өмір,
Бітеді жыр,
«Әйелден» бірақ жоқ ошар.
Күндерде бір күн,
Түндерде бір түн
Улы балды бітті жыр.
Төсекте Блок
Көз ашып көред,–
Алдында бір кемпір тұр.
«Әдемі әйел» – идеал,
«Әдемі әйел» – бір қиял,
Идеал, қиял – бір сағым.
Жанады жүрек,
Жылады Блок,
Көріп сөнген шырағын.
«Әйел» – идеал,
Кемпір – ажал
Тұр Блокқа үңіліп.
Сөнді енді өмір,
Бітті енді жыр,
«Әйел» қалды жыр болып.
... Қарт ғалым термелеп кетті. Термелеп емес-ау, өлең оқығанда «айкезбеленіп» кеткендей болды. Жасында оқыған, оқығанда жатталып қалған Мағжан ұстазының махаббат жырын балбырап, беріліп оқып жөнелді. Тіпті, алдындағы мені де көріп отырмағандай қиял теңізіне сүңгіп кетті....
Әлден уақытта қиял әлемінен қайтып, бүгінгі ащы өмірге оралды.
Аузы кермек тати отырып, тағы бір әңгіме сабақтады. Оған себеп тағы да менің сұрағым:
– Мағжан айтып отырған «әдемі әйел» Любовь Дмитриевна ғой? Менделеевтің қызы?
– Блок неміс қой. Оның анасы Бекетова. Нағашысы Бекетов – түрік жұртынан. Татар ма екен, башқұрт па екен, арғы тегі? Өзі, әрине, орыс зиялысы. Санкт-Петербург университетінің ректоры. Ол ректор болып тұрғанда шығыс халықтарымен байланыс орнатқысы келді ме, тегіне тартқаны ма, әйтеуір университет іргесінен әлгінде айтқан «Түркістан институтын» ашқан. Шығысты зерттейтін институт. Өзінің баспасы болған. Институт Ғылыми кеңесі арқылы кітаптар бастырып отырған. Менде Бартольдтың бір кітабы бар. Сол «Түркістан институтында» басылған. Мен ол кітапты тамаша археолог Бернштамнан алған едім. Баспа ісін Бораған есімді татар басқарған. Бораганский ғой баяғы. Бүгінде «Түркістан институты» да, оның баспасы да жоқ. Большевиктер түріктік көп нәрсені, небір асыл істі жойып жіберді, жоқ етті ғой...
Бекетовтің үш қызы болған. Бірі – неміс, бірі – француз, бірі – ағылшын тілінен шығарма аударған білімді, талантты шығарма жаратушылық адамдары. Александр Блоктың анасы – сол қыздардың бірі. Аудармашы – жазушы.
Александр Блок атасы мен анасы айырылысып кетуіне байланысты, нағашы атасы Бекетовтің үйінде тәрбиеленген. Ұлты неміс. Бекетов үйі – орыс зиялысының үйі. Оның үйінде кәдімгі театр болған. Үй театры. Блок сол үй сахнасында бала жастан Шекспир шығармалары бойынша қойылған спектакльдерде ойнап өскен бала. Өзі де жастай драматургия жазған. Мағжан ағай айтып отырған «Әдемі әйел» – жары Любовь Дмитриевна Менделееваға арналған тұтас жыр кітабы. Ол қыздың әкесі – атақты химик Д.Менделеев. Менің бір жерден оқығаныма сенсек, арғы тегі Сібір татарлары, Меңдәлі байдың қызы... Арғы тегі Алтын Орданың Тоқтамыс ханымен бірге жорықтас болып, ақырында Сібір татарлары арасына бірге келіп қалып қойған, азуы алты қарыс бидің бірі болуы мүмкін...
Блок Белыймен дос болған. Блоктың жары – Любовь Дмитриевнаға Андрей Белыйдың ышқы (ғашық болады деген мағынады. Қ.Е.) кетеді. Ақыры екеуі көңіл қосады. Итырғылжың. Отбасының шыныдай шытынауына әкеледі. Блок та сүйеді. Белый да сүйеді «әдемі әйелді»... «Әдемі әйелге» де оңайға түспейді бұл жағдай. Мағжан ағайдың айтып отырғаны тұрмыста бақытсыз, МУЗАДА – бақытты сол «Әдемі әйел»...
Бұл трагедия Александр Блокқа жайсыз әсер еткен. Ақын жүйкесі сырқатқа ұшыраған. Шамасы, әлгі Сен айтып отырған өлең кітабы сол кезде жарық көрген. Жүйкесі сырқат Александр Блок кітабының жарыққа шыққанын білмейтін себебі, міне осыдан.
– Солай шығар, асылы. Әйтеуір, өз аманаты бойынша Орловтың бай кітапханасын «Блоктың музейіне» тапсырады ғой мұрагерлері. Тапсыру кезінде қараса блоктанушы Орловта бар кітап Блоктың музейінде жоқ. Экспозициясын жасап, жасақтап ашқан музей қызметкерлері айтыпты: «Орловтың кітапханасынан табылып отырған бұл кітап Александр Блоктың өзінде болмаған...»-деп. «Блок жинақтарына» сілтеме жасап, «Александр Блок бұл жыр жинағының жарыққа шыққанын білмеген»дегенді қосыпты тағы. «Литературная газета» «сенсация» тұтып жазды осы жайларды. Сөздің жиынтығы Сұлтанмахмұт Торайғырұлы мен Блок Александр өзара тағдырлас екен дә. Тіпті, дүниетанымы да, махаббат трагедиясы да ұқсайтын сияқты-ау...
– Солай болып тұр ғой. Көріп отырсың ғой, Александр Блоктың соңғы кітабын өзі көріп, біліп, қолына ұстамай өткені секілді Сұлтанмахмұт та Бернияз Көпейұлы Қазанда 1922 жылы «Адасқан өмір» атап, бастырған кітабын көрмей, білмей өтіп кете барады. Оның үстіне, бұл кітап шығар кезде Сұлтанмахмұт дүниеден өтіп кеткен ғой. Тіпті, өлім аузында жатқан ақын кітабының Қазанда жиналып, басылғалы жүргенін білмейді. Басымен қайғы. Кітабының шыққанын қайдан білсін?! Қолжазбасын Қазанға, Берниязға өзі де жібере алмағаны. ХХ ғасыр басында-ақ әбден мойындалған ақын Сұлтанмахмұт. Мағжан сөздің қазақ үшін парқы қашты деп жырлағанымен, Сұлтанмахмұтты оқыған қазақ білген, таныған, мойындаған. Асылында, Сұлтанмахмұт поэмаларын тауып, Қазанға жіберген жолдас, Наркомпростың маңында істейтін, тіпті Бернияздың қазақтың Қазанға кітап бастыру ісі бойынша уәкілі болып кетуіне себепкер жан болуы мүмкін.
– Алайда ақын мұрасын қайдан алып, қалай бастырғаны жайында ең болмаса, Бернияз ақынның жеке архивінде де еш мәлімет жоқ па, аға?
– Бернияздың жеке архивінде болуы мүмкін.
– Қазақстанның іші-сыртында Сіз болған, Сіз ақтармаған архив сирек қой, Бейсеке. Бернияздың жеке архиві сақталған ба? Көзіңізге түспеді ме?
– Берниязда бірсыпыра архив болуы керек. Өйткені бір республиканың Қазандағы баспа ісі өкілі болып тұрған адам ғой. Оған республикадан қаншама қолжазба түседі. Қаншама хат, тілек жазылады? – дегендей.
– Ақын архиві сақталмағаны ма?
– Бернияз ақын өзін Мағжанның шәкірті санайтын, өлеңдерінде жүрек қылын нәзік шертетін лирик еді. Сұлтанмахмұт өр кеуделі ақын. Өзі айтқандай, асау жүректі, адуын мінезді. Ештеңеден беті қайтпаған, қайсар жан. Ал лирик ақын өлеңде ғана емес, өмірде де күйреуік келеді. Оның үстіне, сүйіспеншілік махаббаты құрғырың да кісіні не бақыт биігіне көтереді, не қасіретке ұшыратады.
– Бернияз татар қызына ғашық болып, бажаңызға айналса кәнеки...
– Е, сол бажама айнала алмады. Асылында, қазақтың алғашқы оқығандары, әсіресе Қазан, Өфеде медреседе оқыған бозымдары татар тутоштарына ғашық болған. Бейсекең ұстаз тағы да ерікті жырға берді.
– Бота көз, сиқырлы сөз, Гүлсім ханым,
Әр жерде өткізсек те өмір таңын,
Кей уақыт көзіңізге көзім түссе,
Ойнайды аласұрып неге жаным?!
Бота көз, сиқырлы сөз, ханым Гүлсім.
Көктегі күн күлмесін, Гүлсім күлсін!
Гүлсім – Күн, көкте ақырын жүзе білед –
Сүйдіріп, күйдіргенін қайдан білсін!
(ГҮЛСІМ ХАНЫМҒА )
Бұл жолы Москвада И.Сталин атындағы Күншығыс еңбекшілері коммунистік университетінде оқып жүрген кезінде әрі В.Брюсов ұйымдастырған Өнер институтының студенті, әрі КУТВ оқушыларына қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берген ұстазы (Мағжан Жұмабайұлы) үйіне (пәтеріне) жиі қатынайтын жетім бала Мағжан болып махаббат жырын жырлап қоя берді. Сосын ХХ ғасыр басында ұлы ақын Ғабдолла Тоқайдың сүйіктісі болған, кейін Ақчуриннің зайыбына айналатын татар тутошы Гүлсім Камалова жайында өзі білетін сырды маздатты келіп, маздатты келіп... Заматында күнделігіме түскен ол сырды бұл жерде кеңірек әңгімелеуге уақыт тар, әрине. Сағат, сәті келер бір...
Мен әңгімені Бернияз тағдырына қарай бұра бердім. Әзіз ұстаз әңгімесін әрі қарай сабақтады.
– Бернияз да Зәйнеп Ахмерова есімді сұлуға ғашық болады. Бернияздай көркем кескінді бозбала да Зейнеп сұлудың көңіліне құрт болып түседі. Әйелдің көңілі кетпесін, көңілі кетсе ештеңені тыңдамайды. Ақылды жаратылыс бола тұрып, небір ақымақ істерге де бара алады. Өйткені ер балаға қарағанда әйел баласы сезімнің жемісі. «Қисса сүл-әнбия» әпсанасына ден қойсаң, Адам ата мен Һау Ана тіпті мұздың үстінде кездеседі емес пе?! Бір-біріне деген ынтызар тілегімен ышқы сезімімен Жұмақтан қуылады. Ақырында қарапайым әйел болып қалады... Әйел табиғатын айтып жатқаным ғой.
Бернияз да осындай сезімі оттай лаулаған татар сұлуына жолығады. Әйел, әсіресе сұлу сезімдар әйел – от! От шарпыса жаны бірге күймес еркек болмайды, қарағым. Еркек – қанаты отқа күйген көбелек... Зәйнәп сұлуға ышқы кетіп, құлай берілген Бернияз да ғашықтық отына күйеді. Мың рет күйіп, күлге айналып, жанына сүйгенінен дауа ынтызар сөз есітіп, мың рет қайта тіріледі, бейне феникс. Екі жүрекке бірдей ғашықтық құрты түскен соң көлденең кездесер тосқауылды тыңдар болмайды. «Тірі жүрсек, бірге өмір кешеміз, өлі болсақ, бір молада жатамыз» деп серттеседі махаббат өрті шарпыған екі жас.
Алайда олардың алдында асу бермес ірі бөгесін жатыр еді. Зәйнептің әкесі татардың дәулетті кісісі. Бүкіл татарға, бүтін Татарстанға ықпалды жуан. Қазақша айтқанда, «шынжыр балақ, шұбар төстің» нақ өзі... Оқыған, зиялы дерлік татар. Ағасы оқыған, зиялы татар. Бірақ қазақты оятқан татар молдалары бола тұра, татардың байшыкештері қалың ұйқыда жатқан қазақтың баласын қайдан менсіне қойсын?! «Арқасын бит тескен қазақтың малайы(баласы)» дейді-дағы... Зәйнептің әкесі «арқасын бит тескен» қазақ бозымына қызын қайдан бере қойсын?! Бергісі келмейді. Қызының бетінен қағумен болады. Ақылды қыз, қазақтың бозбаласына өлердей ғашық қыз, тіпті Берниязға басы бүтін берілген қыз ештеңеден тайсалмай, сүйген жігітін ертіп алып ата-анасының алдына жетіп барып, жүгінеді де. Ата-ананың ризашылығын алғысы келіп, «қолын сұрайды»... Бірақ қызды перзентім деп сүйіп жақсы көрген атаның қара тас көңілі жібімейді... Анасының үгітін де қаперге ала қоймайды... Болмайды. Қасіретті күндер басталады. Қыз үшін қасіретті түндер өтеді басынан. Өзі күйрек Бернияз сан рет күйреп, қыздың жігерлендіруімен, асыл үмітімен сан рет қайта «тіріліп» жүріп жатады. Ақырында қыз ағасынан тиым күшейе түседі. Махаббат сезім дүниесі. Оны күшке салсаң, шыныдай шытынайды, жүректегі нәзік жіпті үзесің, үзесің нәзік жіпті... Солай болады да.
«Өмірде бір төсек бұйырсын, өлімде бір мола бұйырсын» деген екі жас ақыреттік шешімге бет бұрады. Ол жылдары ақын, жазушы, қайраткер мансап иелері бөксесіне наган байлап жүретін еді. Берниязда да болыпты бір наган. Қазан қаласында, Бернияздың пәтерінде, екі сүйіскен жас адал жаназа бұйырмас әрекетке бел байлайды. Күйректеу өлең жазып жүрген махаббаттың тозақ отына күйе-күйе қанаты қырқылған бозбала тағы бір күйрек лириканы боздатып жазады да іске кіріседі. Сүйгенінің шешімін сүйіскен Зәйнеп те жылай тұрып, көз жасын бұлай тұрып, ата-анасына нәлет айта тұрып, көнеді. Көнеді емес-ау, құмбыл-құмбыл келіседі. Келіседі де ақын жігіттің құшағына кіре береді, кіре береді, екі жүрек бір жүрекке айналып сүйіскен екі жас бір жанға ғана емес, бір тәнге айналып шыға келеді. Құшағы айқасып тұрған сәт. Екеуі бір-бірінен көзін алмайды. Мұңды жанар сөну орнына ұшқын атады. Ақыры Бернияз қызды қысып құшақтап тұрған оң қолын босатып, қолын оң жамбасқа байланған қалбыр-кабураға апара береді. Апарады да наганын алып, жанындай сүйген Зәйнептің арқасынан өзіне қаратып тұрып шүріппені басып-басып жібереді... Ақылсыз оқ бір жанға ғана емес, бір тәнге айналып аймаласып, құшақтасып тұрған екі жастың денесін әп-сәтте тесіп өтеді. Зәйнептің өкпе тұсынан өткен оқ Бернияздың жүрегін тас-талқан етеді. Айқасқан құшақ сіресіп қалған қолдардың құдіретімен ажырамай, екі өлік құшақтасқан күйі бірге жайрай жығылады, сұлап түседі...
– Аянышты өлім екен, – дедім Мен. – Бұл да «Адасқан өмір» ме?
Әзіз Бейсекеңнің мұңды әңгімесін тыңдап отырып, көңілім босады, жылап жіберуге шақ отырмын. – Серттескендей оларды бір молаға қойды ма? Сұрауды үстін-үстін қаузадым. Әзіз адам, шежіре ғалым әңгімесін әрі сабақтады.
– Жоқ. Олай етпеген. Зәйнеп сұлудың өлімі оның әкесіне, ағасына да жайсыз тисе керек. Қанша айтқанда ол «Қозы Көрпеш – Баян сұлудағы» Қарабай емес қой, оқыған, тоқығаны мол, татар зиялысы. Жақсы көріп, жанындай сүйген қызын қасынан алыстатқысы жоқ атабейілді адам. Бәрібір қызын бөлек татар моласына жерлеген. Қан құсып, қайғы шеккен.
– Ал Бернияз ше, Бернияз? Берниязды қайда қойған?
– Бернияздың туған жері Ресеймен шекаралас Бөрте деген елді мекен.
(Бүгінде Ресей жерінде жатса керек.Қ.Е.) Елден аңырап Анасы келіп, Берниязды жерлеп қайтқан қайғы жұтып.
– Өкінішті. Сүйіскен екі жастың өлідей аманаты да орындалмады-ау, сірә?
– Орындалмады.
– Бөрте Шыңғысханның жарының атымен аталатын жер атауы емес пе?
– Солай болуы да мүмкін. Қазақ, татар жерінде Бөрте есімді ауыл, разъезд, елді мекендер бірсыпыра болатын бұрын. Бүгінде қайдан білейін қайсысының сақталып, қайсысының сақталмағанын?
Қарт профессор күрсініп салды. Менің де ішімді бір өкініш уілдеп алып барады. Әкедей әзіз Бейсекең әңгімесін әрі қарай жалғады. – Бернияз жас ақын еді. Жас та болса, ол кез үшін күйрек сезімді өлеңдер аталғанымен, тамылжыған тамаша лирикалық өлеңдерімен Мағжанның ізінен ілескен талантты ақын болатын. Бернияздың өлімі, саяси лириканы сапырып «Тап маған бесікте-ақ белгі таққан, Бесікте уілдеп тап деп жатқам» (С.Мұқанов) деп жырлайтын кедейшіл ақындарды тергеп, тергемегенін білмеймін, ал өлең-жырды жан-жүрегімен түсінетін ақын-жазушылардың қай-қайсысын да күңірентіп кеткені анық. Тіпті, ұлы ақын, ұстазымыз Мағжан Жұмабайұлы да Бернияз ақынның өліміне арнап, тамаша жоқтау дерлік «мүнақып» өлең жазған. Шежіре әдебиетші тағы да кезекті жампоз ақынның жауһар жырына, қаралы қайғы өлеңіне кезек берді. Ол өлең мынау еді:
БЕРНИЯЗҒА
(...Ұлан өлді батып қанға,
Тыныштық тапты асау жан да)
Өмір – дала, ақын – бала қаңғырған,
Ақын – бөбек, өмір – көбік, тылсым-ды,
Ойнап, арбап, бөбекті естен тандырған.
Күңіренеді кеңес айтып қария,
Әлдеқайда жер шетінде дария:
Тұңғиықтың түбі толған тамаша,
Дарияның сыры жоқ қой жария.
Дарияның астында – алпыс ақ отау,
Ақ отаулар алтын уық, жібек бау,
Отау сайын судай сұлу толқын шаш,
Толқын тербеп: «Әлди, әлди!» –дейді бау.
Әлди-әлди, тербеледі ордалар,
Ордаларда өңшең сұлу ән салар.
Сұлу жанның күлкісі де сиқыр ғой,
Күлкілері көбік болып жорғалар.
Көрінсе егер сонау күміс күлкілер,
Жас ұланның жүрегін жүз тілгілер.
Шерлі ұланның көріп суға шомғанын
Мылқау жартас: «Жынды ма әлде?!» – деп күлер.
Кеңес айтып күңіренеді бір күні,
Есімде жоқ, әйтеуір сол бір күні:
Майдан құрып, қарсыласқан екі жау,
Таудай мылқау, бірінің де жоқ үні.
Екі жаудың біреуі – өлім; бірі – өмір,
Бір-біріне қайрасады тісі шықыр,
Бір мезгілде жаны жалын жас ұлан
Әлдеқайдан қан майданға келіп тұр.
Жап-жас бала келе сала қабағын
Түйіп тартқан екі жаққа садағын,
Тастан қайтқан оғы тиіп өзіне,
Қан майданда қайтыс болған қарағым!
Ұлан өлген, мұны көрген екі жау:
«Мына ұланның емес, сірә, дені сау, –
Деді-дағы, ішегі қатып күлісті,–
Әй, есалаң!... Ха, ха, ха ха, ха, ха-ау!»
Жаны жалын, жаны шерлі жеткіншек,
Күлсін саған, сөксін мейлі көк есек.
Мен сөкпеймін, Сені сонау толқынмен,
Хан майданға неге ғана кірдің деп.
Мен күңіренем ұлы ойлар кеп басыма,
Жырласаң ел шомылып көз жасыңа.
Тұйықтың түбіндегі тамаша
Өзі-ақ көшіп келмес пе еді қасыңа...
Өмір, өлім – мәңгі аңдысқан екі жау,
Екі жауды бауыр қылар жыр бар-ау.
Сол жыр таппай, садақ тартпай, сабыр ғып,
Қан майданда күңіренген еді, сор бала-ау!
Ойлаймын да, өкінемін ғапілдігіңе,
Жаным сеніп еді жақындығыңа...
Жастай сөнген жалын жанды жеткіншек,
Күнәң ауыр, кешем ақындығыңа.
Өмір – дала, ақын – бала қаңғырған,
Жан сусынын көз жасымен қандырған.
Ақын – бөбек, өмір – көбік, тылсым-ды
Ойнап, арбап, бөбекті естен тандырған!
Мұңды өлеңді тыңдап отырып (Өлеңді түгел оқыған жоқ, шумақтарын ғана оқыды. Қ.Е.) Мағжанды инсан ұстаз тұтып, тағзым етумен келе жатқан жырқұмар қария жүзіне тіктеп қарадым. Кәрі көздің жасы жүзіндегі әжімдерді қуалап төмен жылжып барады екен. Үні іріп, дауысы бұзылғанынан секем алған көңілмен ыңғайсыз жағдайда қылпылдап отырдым. Ал ол болса, кектеніп, кектесіп барып түйді ойын: «Осындай ақынды да өлімге қидық-ау, масқара... Мәскеуде қалып қойғанда Әзірет Әлінің қылышына ұшырамас па еді, өлмес пе еді?! «Халқыңа қызмет ет, Сені большевиктер кешеді...», – деп шақырып алып құрттық қой. Дәпкі орыстан шығар-ау, түбіне жеткен өзіміздің қазақ қой, қазақ қой...»
Шалдың көзі шапыраштанды. Ашуға мінгенінің белгісі.
– Мағжан ақын «жаны жақын...» шәкірті дерлік Бернияз баланы ой, жоқтаудай жоқтапты-ау. Ал татарлар ше?
– Е, Бернияз – Зәйнеп тағдыры татарларды да қатты толқытқан. Ана жылы Қазанға барғанмын. Профессор Мұхамәд Ғайнуллин досыммен әңгімеде Бернияз трагедиясын қозғағанмын. Татардың үлкен ғалымы профессор Ғайнулиннің айтуына қарағанда, Бернияз-Зәйнеп трагедиясынан татарлар «Наган жыры» аталатын өлең шығарып, ән мақамымен айтып жүріпті көпке дейін. Татардың газеттері қайғылы қазаны тәптіштеп жазыпты... Қазаққа көңіл айтыпты... Көшіріп алған газет материалдары архивімде бар болатын...
Есіме Сұлтанмахмұт шығармасы, Бернияздың архиві түсті.
Мағжанның терең тебіреністі жоқтауын жаныма сіңіре алмай тұрып, «Әңгіме Бернияздың архиві туралы еді ғой, Аға, – дедім жалма-жан. –Бернияздың өлеңдері, архиві шашылып қалмады ма, Қазанда?»
– Қайғы жұтқан Анасы ақылды кісі болуы керек. Қайғысын жеңе жүріп, жалғыз ерқарасының архивін түгелдеп еліне алып кетіпті.
– Ақын архиві аман болғай, архивінен Сұлтанмахмұттың да, Бернияздың да жақұт жырлары шыға келгей, дүйім қазақты қуантып?
– Жоқ, олай болмады, қарағым. Мен Сұлтанмахмұт жайында ғана емес, Бернияз жайында да ертеден ізденісте жүрген адаммын. Бернияз жайында да ертеден жаза бастадым. Архивін сұрастырдым. Осында әдебиетші Балым Ақмұқанова есімді әйел бар. Бернияздың немере, шөбере қарындасы. Құдайдың зарын қылып, талай айттым, өтіндім, сұрандым, «Бернияздың архивімен жұмыс істе» деп. «Бірге істейік» деп те талай айттым.
– Иә, сәт! Мен елпілдедім, Бейсекеңнің алдына түсіп, бейне Бернияз архивінен асау жүректі ақынның әдеби мұрасы шыға келердей...
– Күйеудегі кісі ғой. Еліне бара қоймады. Жол түспеді. Бірде еліне барыпты, ағасы Бернияздың архивін алып келіпті. Бірақ өтініш айтып жүрген Маған ұсынудың орнына, өзімен академияда бірге істейтін Ысқақ Дүйсенбаевқа беріпті. Содан Аллауһ-акбар...
Қыңыр шал «Аллауһ-акбар»-лап бетін сипады...
– Сұлтанмахмұттың басты зерттеушісі Сіз, тіпті Сізді «сұлтанмахмұттану ілімінің негізін салушы» деп те жаздым. Расы да солай. Неге Ысқақ Дүйсенбаевқа емес, Сізге бермеді архив материалдарын? Бермеген күнде, Ысқақ Дүйсенбаевтан Бернияз архивін неге сұрап алмадыңыз?
– Ысқақ екеуміз Сұлтанмахмұт жөнінде екіайыр пікірде жүріп келе жатқан екідай адамдармыз. Сұлтанмахмұттың шығармалар жинағын қырғыншы (Бейсекең солай қолданады. Қ.Е.) жылдары бір рет, елуінші жылдары екі рет, алпысыншы жылдары екі томдық етіп, мәтіндік сүзгіден өткізіп тағы кітап етіп құрастырған Мен. «Қазақ әдебиетінің тарихы» академиялық жинаққа Сұлтанмахмұт жайында арнайы тарау жазған, жетпісінші жылдары менен тартып алғандай етіп, екі томдығын құрастырған Ысқақ. Екеуміз ғылымда бақталас жандардай болдық. Ол Мені Мұхтар Әуезовке жамандаумен, өсектеумен жүрді. Кейін Ғабит Мүсіреповке жамандап, аузына сөз салып, Мені сынатып бақты. Мен Ысқақты «Ара» журналына фельетон етіп жазумен болдым. Мені сынаған Ғабитқа да жабық хат жаздым. Архивімде сақтаулы. Ысқақпен жиын, тойларда да қырбайлау отырар едік... Бір жиында шәкіртім Мырзабекке жығып бергенім де бар... Бәрі де қу пендешілік... Ал сондай өмірде қырбай жүрген, ғылымда көп қайшыласқан адам Маған Бернияздың архивін берер ме? Бермейді ғой. Бір тәуір жері Бернияздың «Айтшы, ақ қайың..» аталатын жыр жинағын алғысөзбен жарыққа шығарды. Мен қуанып, кітапқа қоштап, қолпаштап рецензия жаздым... Сұлтанмахмұттың архиві, жинаған Жүсіпбек Аймауытұлы архивіне айналып, басқа бір қиырдан келіп, Ысқақтың қолына түскені тағы бар... Оны да бауырына басқан күйі өтті ғой, өмірден... Саналы өмірінің жарымын Сұлтанмахмұттай асау жүректі ақынның өмірі мен әдеби мұрасына – тұтас тағдырына арнаған қарт ғалым күрсінді. Сұлтанмахмұт үшін өмір бойы сор кешкен, «екі күймек бір жанға әділет пе?» (Абай) дегендей, екі мәрте емес, жыр сұлтаны үшін сан рет күйген (күйдірген қазақтар, әріптестері, бәсекелес күндестері... Қ.Е.) сынық жанның өкініші еді күрсінісі!
– Өзіңізге жылы шырай танытпады делік, шәкіртіңіздің бірін жұмсамадыңыз ба, Ысқақ «досыңызға»?
– Жұмсадым бір шәкіртімді. Талантты ақын Жарасхан Әбдірәшевті жұмсап едім...
– Ә, айтқандай, өткенде Шөмішбай Сариев екеуі Сіздің көңіліңізді сұрай үйге келгенде, Жарасхан «Парасат пен парыз» сын кітабын: «Әкедей әзіз Бейсекеңе!» деп бастап, көл-көсір ықыласын кітап бетіне түсіріп сыйлап әкелгенде айтып еді-ау. Тіпті, көзіне жас алып еді: «Аға, Сіз менен үлкен зерттеушілік күттіңіз. Бернияз Күлеевті тақырып етіп ұсынып, кафедрада бекіттіріп, ХХ ғасыр басында жасаған орыс ақындары жайында, Александр Блок творчествосы жайында жазылған бір орыс зерттеушісінің кітабын ұсынып, «қайтарымы кандидаттық!» деп едіңіз. Берниязды қазып зерттей бастадым. Қазған сайын арғы қабатынан Мағжан шыға келеді. Әрі қарай жүрегім дауаламады. Зерттеу кітаптарыңызды да қайтармадым, Берниязды кандидаттық та жасай алмадым, Мен балаңызды кешіңіз!...» деп көзіне жас алып еді-ау...
– Иә, Құлбек қарағым, солай! Тірідей махаббат отына күйіп, бағы жанбаған Бернияздың ақындық бағын да жандыра алмадым. Бірер мақала жазумен шектелдім. Қарт ғалым жүзін төмен салды, «Осымен Бернияз жайында әңгіме тәмам...» деген шыраймен. Мен соңғы сұрағымды жұптадым.
– «Асау жүректі» (Б.Кенжебайұлы қолданысы – Қ.Е.) ақын Сұлтанмахмұт Торайғырұлының өмірі мен шығармашылығын тұңғыш сөз еткен биографы деп Берниязды тануға бола ма?
– Неге болмасын? Болады! Бернияз – сөз басын жазып, ақынның тұңғыш кітабын шығарушы ғой. Ал Сұлтанмахмұт жайында мақалалардың жөні бір басқа....
«Мақалалардың жөні бір басқа...» деген ғалым сөзін ішімде сақтай, сұхбатты да аяқтадым... Бұл 1980 жылдардың жуан ортасы... Күнделікте күні, айы, жылы көрсетілмепті... Ендігі бір қосарым Бернияз – Зәйнеп трагедиясынан татардың көрнекті қаламгері, Татарстан Жазушылар одағы төрағасы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ркайл Зайдулла, кейін бір тамаша шығарма жаратты. Ол жайында тағы бірде әңгімелермін.
Алаш рухымен тыныстап, Алаш жоқшысына айналып өткен профессор Бейсембай Кенжебайұлымен бұл әңгіме 1985 жылдың бір күнінде өрбіген еді...
Құлбек ЕРГӨБЕК,
әдебиет зерттеушісі, профессор