Xiaomi-дің қытайлық нарықтағы позициясының нашарлауы күтпеген жағдай болды. Дегенмен компания әлемдік нарықта өскен, Apple үлгісіндегі сатылым дүкендерінің желісін кеңейтіп, Үндістан мен Еуропада сатылым көлемін арттырған.
Қымбат смартфондар арзандайды
5,642
оқылды

Премиум смартфондар сапалы құрастырылады, модельдер тез ескірмейді және ұзақ қызмет етеді. Бұл тұтынушыға тиімді болғанымен, өндірушілер жаңа модельдерді жиі шығарып,  нарықта өздерінің ережесін қалыптастырып, бақылауында ұстағысы келеді. Жақында Financial Times басылымында қымбат смартфондар нарығында сұраныстың қысқарғаны туралы материал жарияланды. Aikyn.kz мұндай өзгерістердің себебін түсіндіреді. 

Фото Versus сайтынан алынды

2019 жылға дейін ұялы байланыс компанияларымен жасалған келісімшарттар тұтынушыларды екі жыл сайын смартфондарын ауыстыруға ынталандырды. Содан бері жаңарту циклдері біртіндеп ұзарып келеді. Қытайлық тұтынушылар смартфондарын шамамен 40 ай бойы пайдаланады. Бұған Apple смартфондарының беделі мен танымалдылығын қоссаңыз, жергілікті өндірушілер үшін қиындықтар көбейгенін байқаймыз.

Counterpoint Research компаниясының бағалауынша, смартфондардың жаһандық өндірісі биылғы жылы 6 пайызға азайып, 1,15 миллиард смартфонды құрады. Бұл соңғы онжылдықтағы ең әлсіз көрсеткіш. Оның басты себебі – Қытай экономикасының тоқырауы. Екінші тоқсанда да смартфондар сатылымы соңғы 10 жылдағы ең төменгі деңгейге жеткен.

Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторы: Qi Yang

Apple – бұл трендке қарсы жүзетін бірнеше брендтің көшін бастайды. Алмалы брендінің екінші тоқсанда сату көлемі 7 пайызға өсіп, нарықтағы үлесі 17 пайыздан асты. Америкалық технологиялық алпауыты қытайлық нарықта жергілікті өндіруші Vivo-мен бірінші орынды бөлісіп келеді.

Әрбір iPhone-ның жаңа шығарылымын тағатсыздана күтетін Қытай жастары өздерінің әлеуметтік мәртебесін осы смартфонның жаңа моделімен байланыстыратынға ұқсайды.

Бұл қытайлық компанияларды жергілікті брендтерді ұнататын сатып алушылар үшін бәсекелесуге мәжбүр етеді. Үздіктер қатарында бес компания тұр: Vivo, Oppo, Realme, Honor және Xiaomi. Соңғы екеуінің сатылымы биыл төмендеген.

Фото Appleinsider.ru сайтынан алынды

Xiaomi-дің қытайлық нарықтағы позициясының нашарлауы күтпеген жағдай болды. Өйткені компания әлемдік электроника нарығында жақсы өсім көрсетуде. Компания Қытайда Apple үлгісіндегі сатылым дүкендерінің желісін жасады, Үндістан мен Еуропада сатылым көлемін өсірді. Бұндай маркетингтік стратегия өз жемісін беруде.

Дегенмен Xiaomi премиум смартфондар шығаруда әлемдік трендке ілесе алмады. Мысалы, Үндістанда Xiaomi 2022 жылдың соңғы тоқсанында өзінің бірінші орнын Samsung-ке беруге мәжбүр болған. Оңтүстіккореялық топ өз елінде жеңіл қаржыландыру көздерін тауып, жоғары деңгейлі модельдерді көптеп шығара бастады. Xiaomi компаниясының осы тоқсандағы сатылымының рекордтық төмендеуі де қытайлық өндірушінің проблемаларының күшейгенін көрсетеді.

Оның акциялары өткен жылдың басынан бері 37 пайызға төмендеген, бұл операциялық табыстың көлемін едәуір азайтты. Бұл көрсеткіш соңғы екі жылда екі еседен астамға азайып, шамамен 2 пайызды құрады.

Премиум смартфондардың сапалы құрастырылуы олардың ұзақ қызмет ететінін және аз ауыстыруды қажет ететінін білдіреді. Жойқын бәсекенің, технологиялық тізбектердің өзгеруінен нарықтың бұл сегментінде баға төмендеуі мүмкін. Қаржылық сарапшылар Қытай өндірушілерінің акцияларының бағасы да құлдырайтынын болжауда.