Мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлердің айтуынша, мұндай жағдай жыл сайын қайталанып келеді. Қанша мәрте полицияға арызданса да, жергілікті әкімдікке мәселесін жеткізсе де, нәтиже болмай тұрғанын алға тартады. Есесіне, жыл өткен сайын жағдай ушығып бара жатқаны байқалады. Арыздарына тиісті жауап ала алмай жүргендеріне де ашынады.
Жалпы, мал ұрлығы ең көп тіркелетін аймақтарда Қызылорда облысының көрсеткіші басым. Әсіресе, облысқа қарасты аудандардағы ахуалды ауыздықтау мүмкін болар емес. Ең өкініштісі, малды атып алып, тиеп келетіндерге қатаң шара қолданылмай отыр. Шырылдаған шаруалар жергілікті құзырлы орындардың дәрменсіздігіне ашынады.
Соның бірі – облыс орталығымен іргелес қоныстанған Жалағаш кентіндегі мал шаруашылығын өрістетіп отырған қожалық иесі Нұрлан Биманов малдарына қырғидай тиген ұрылардың әрекетінен әбден қажығанын айтады. Бір өзі барымташылардың бассыздығынан жыл сайын ондаған малынан айырылады. Әр қожалық жиі осындай шығынға ұшырап жатқанын ескерсек, жағдайдың қаншалықты қордаланып бара жатқанын бағамдау қиынға соқпайды.
«Ұры алыстан келмейді» деп бекер айтылмаған. Кенттегі келеңсіздіктер – соның айқын дәлелі. Биыл да жыл басынан бері 12 бас малым жоғалды. Ішкі істер органына арыздандым. Бірақ әлі күнге нақты жауап ала алмадым. Өз күшіммен төрт бас малым табылды. Қалғандары ізім-қайым жоқ. Ең болмаса, іздестіру жұмыстарының нәтижесі жайында жауап ала алмай отырғанымызға қынжыламыз», – дейді «Сыр сыйы» шаруа қожалығының өкілі.
Кәсіпкердің айтуынша, ауданда мал ұрлығы толастар емес. Соңғы екі жыл көлемінде 100 бастан астам мал ұрланған. Алайда іс жүргізіліп, күдікті ретінде ұстанған адамдарға ешқандай шара көрілмей тұрғанын атап өтті.
«Мал ұрлығын кәсіпке айналдырғандар бұған дейін төрт түлікті тірідей қолды қылатын. Бүгінде қарумен атып алуға көшіпті. Әсіресе, аңшы мылтығымен ірі қара малдарды жайратып салатындар қатары үдеп барады. Мұндай жағдайдың жиі болуынан өзге шаруашылықтар да жапа шегіп отыр. Көп жағдайда ұрылар құлындарға қол салып жатыр. Мұндай бассыздыққа қалай тосқауыл қоярымызды біле алмай отырмыз», – дейді Нұрлан Биманов.
Ішкі істер органдарынан қайыр болмағандықтан төрт түлігін түлетіп отырған шаруалар облыстық Кәсіпкерлік палатасынан араша сұрап келген. Соған орай бұл мәселе облыстық ауылшаруашылығы және жер қатынастары басқармасы, Полиция департаменті мен өзге де мемлекеттік орган өкілдерінің қатысуымен палата жанындағы Агроөнеркәсіп кешені кеңесінің отырысында да қаралыпты. Кеңесте кәсіпкерлер мал ұрлығына қатысты қылмыстардың көп жағдайда ашылмай қалып жатқанына алаңдаушылық білдірген.
Қызылорда облыстық полиция департаментінің мәлімдеуінше, биылғы 7 айда облыс аумағында 36 мал ұрлығы болған. Соған сәйкес, жедел іздестіру шаралары нәтижесінде 13 қылмыскер құрықталыпты. Оның ішінде 5 қылмыстық топ анықталған.
Құқық қорғаушылар тарапынан көп жағдайда ұрылар өрісте қараусыз жүрген малға көз салатынын алға тартады. Сондықтан әрбір шаруа қожалығы иелері төрт түліктерін көзден таса қылмауы тиіс деп санайды.
«Малдың басым бөлігі өрісте, қараусыз жүріп ұрланады. Сондай-ақ азаматтардың малдың жоғалғаны туралы кеш хабарлауынан қылмысты ашу қиындық туғызып жатады. Себебі кеш хабарлауы салдарынан іздестіру жұмыстарын жеңілдететін маңызды айғақтар мен іздер жойылып кетеді. Сонымен қатар мал иелерінің арасында малын құжаттандыру, таңбалау, сырғалау жұмыстары әлі де болса жеткіліксіз. Соның салдарынан осындай келеңсіздіктер орын алып, мал ұрлығын ауыздықтау мүмкін болмай тұр», – деп түсіндірді бұл жайында облыстық полиция департаменті тарапынан.
Қай кезде де қылмыстың өтеуі – жаза. Бұл тұрғыда полиция департаменті мал ұрлығын жасағандарға 5 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылғанын айтады. Соның негізінде шаруалардың ұсынған әр дәйегіне сәйкес зерттеу жұмыстары жүргізілетінін мәлімдеді.
Ал мал ұрлығынан мазасы қашқан шаруалар болса әрбір қылмыс жіті тексеріліп, кінәлілер лайықты жазасын алса деген талабын қойып отыр.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы