БҚО-да 766 білім беру мекемесі бар. Онда барлығы 15 104 мұғалім білім береді. Білім беру саласының қызметкерлері биыл да әдеттегідей тамыз кеңесінде бас қосып, жаңа оқу жылын ашық деп жариялады.
Қауіпсіздікті қадағалауды қатаң тапсырды
560
оқылды

Тамыз кеңесіне Оқу-ағарту министрлігінің орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев пен аймақ басшысы Нариман Төреғалиев қатысты.

Облыстың білім саласына бөлінген бюджет қазіргі таңда 165,3 млрд теңгені құрайды. Оның 141,6 млрд теңгесі аудандық (қалалық) білім беру бөлімдеріне тиесілі. Бюджеттің 76,7%-ы еңбекақыға, 23,3%-ы білім мекемелерінің басқа да шығындарына жұмсалмақ. Бұл туралы кеңесте алғаш болып сөз алған облыстық Білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева айтты. 

Тамыз кеңесінде сапалы білім беруді, балалардың тасымалын қауіпсіз ұйымдастыру, мектептердегі қауіпсіздік шараларын күшейту бойынша жасалуы керек жұмыстар айтылды. Мысалы, облыстағы білім беру мекемелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге 511 млн 980 мың теңге қаражат бөлініпті. Бұл қаржыға мектептерге бейнебақылау жүйесі мен турникеттер орнату көзделген. 

Балалардың қауіпсіздігін сақтау, жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу мәселесіне ерекше назар аударылды. Кеңесте сөз алған облыс әкімі Нариман Төреғалиев те қауіпсіздік мәселесіне ерекше ден қоюды тапсырды. 

– Білім мекемелері талапқа сәйкес жабдықталуы қажет, яғни оқу жылы басталғанға дейін нұсқаулыққа сәйкес толық қамтамасыз етілуін қатаң бақылауға алынуы тиіс. Жас ұрпақтың өмірін, денсаулығын, қауіпсіздігін және құқығын қорғау – жауапты міндет. Өкінішке қарай, биылғы жаз мезгілінде 4 кәмелетке толмаған жасөспірім су айдындарында қаза болды. Білім басқармасы, аудан, қала әкімдері жазатайым оқиғалардың орын алуын болдырмау мен алдын алу мақсатында  ата-аналар және оқушылар, көлік жүргізушілері арасында түсіндірме жұмыстарын күшейту керек.  Бүгінгі таңда облыста кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс деректерінің артып отырғандығы алаңдатпай қоймайды. Сол себепті тәрбие үрдісінде әлеуметтік жағынан осал, өмірлік қиын жағдайдағы балаларды анықтап, оларға көмек беру, құқықбұзушылық пен қылмыс жасауға бейім балалармен жұмыс, жасөспірімдер арасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмысын жетілдіру қажет, – деді Нариман Төреғалиев.

Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,

Батыс Қазақстан облысы