Ал 17-18 тамызда халқымыздың ғұламаларының бірі Салық Зиманов айтқандай, «...қазақ елі тарихындағы тұтас бір құбылыс» болған Қожаберген жырау дастанының тойы туған жерінде аталып өтті.
Петропавлдағы Оқушылар сарайында «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» заманының «Елім-ай» дастанына – 300 жыл» атты ғылыми-практикалық конференцияны СҚО әкімі Айдарбек Сапаров ашып, құттықтау сөз сөйледі. Ол ХVІІІ ғасыр қазақ тарихында жер бетінен құрып кете жаздаған сұрапыл жылдар болғанын еске сала келіп, сол жылдардың шындығы, жоңғар шапқыншылығының қанқұйлығы, басқарған қонтайшылары мен батырлары, күшеюі себептері, шапқыншылықтың географиялық аумағы, жер-су атаулары – бәрі-бәрі «Елім-ай» дастанында суреттелгенін жеткізді. Сөзінің қорытындысында ол қазақ бар кезде «Елім-ай» дастанының ұмытылмайтынын, қай кездегі, қай замандағы билік буындарына, елдің сөзін ұстайтын адамдарына, зиялы қауымға сабақ бола беретінін айтты.
Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, ақын Қасымхан Бегман өзінің құттықтау сөзін Жазушылар одағының жаңа басшысы Мереке Құлкеновтің атынан айтып, Қожаберген жыраудың «Елім-ай» дастанының қазақ әдебиеті мен тарихындағы орны ерекше екенін атап өтті.
«Жеті жарғы және Қожаберген жырау» халықаралық қоғамдық қайырымдылық қорының төрағасы Бекет Тұрғараев өзінің құттықтау сөзінде Түркістанда атқарылған мерейтойлық шаралар туралы айта келіп:
«Біз бүгін үш ғасыр өткен оқиғаны еске алып, ұлы бабаларымыздың рухына бас иіп, «Кеудеңде шыбын жаның болса егер, Жоғалтпа жер бетінен қазақ атын» деген Қожаберген жыраудың «Елім-ай» жырының мәнін түсініп бас қосып отырмыз. «Елім-ай» жыры – тәуелсіздіктің жемісі, соның арқасында жарыққа шығып халыққа жетуіне мүмкіндік туды. Алдыңғы толқын ағаларымыз кешегі кеңестік кезеңде, мұндай шыңғырып тұрып шындықты айтқан шығарманы дәріптеуге мұршасы болмады. Өйткені кеңестік идеология орыс пиғылының әшкереленуіне жол бермеді», – деді.
Одан әрі ол халық жадынан өшпеген ұлы тұлға Қожаберген жырау Толыбайұлын тарих қойнауынан аршып алып, оның ел тағдырын айқындаған тарихи оқиға – «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаға» арналған «Елім-ай» жыр дастаны ел игілігіне, халық қазынасына айналып отырған ұлы шығарма екенін айтты. Сондай-ақ Б.Тұрғараев өзі сөзінде «Қожаберген жырау болмаған, «Елім-ай» дастаны қолдан жасалған» деп жырдың тарихи маңызын ескермей, әдеби көркемдігінен мін тауып, әлеуметтік желіде жоққа шығарғысы келіп жүргендер туралы да айтып өтті.
«Осындай халық санасынан өшпеген, жүрегінің тереңінде сақталып, ауыздан-ауызға жатталып, бүгінге жеткен ұлы жырды ұлықтаудың орнына «бұл қайдан келді, кімнің шатпағы» деп шалқасынан түсіп жатқан кейбір ұлы көшке, ұлы дастанға топырақ шашып, көңілге көлеңке түсіріп жүрген өресі төмен азаматтарға «санаңды сілкіндір, есіңді жиып, көпке топырақ шашпа!» дегіміз келеді», – деді.
Одан әрі 300 жылдық тарихы бар «Елім-ай» дастанын мәңгілік есте қалдыру үшін қасиетті Қаратаудың беласуына тұғыртас орнатылып, «Елім-ай» дастанында сипатталған ел тағдырының қасіретті кезеңінен мағлұмат беріп, мәңгілік өшпес ерліктің иесі халық екенін болашаққа хабардар етіп тасқа таңбаланғаны айтылды. «Елім-ай» жыры 2007 жылы құрылған «Жеті жарғы және Қожаберген жырау» халықаралық қоғамдық қайырымдылық қорының бастамасымен 15 мың дана болып шығарылып, халыққа тегін таратылғаны да белгілі болды.
«Қаһармандар» қорының төрағасы, «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын жаппай ақтау жөніндегі» мемлекеттік комиссия құрылуының ұйытқысы болған Сабыр Қасымов да жиын барысында сөз сөйледі.
«300 жыл бұрын жазылған дастанда көрсетілген барлық жер, су атаулары, қай жерлерге бабаларымыздың қаны төгіліп, көмілгені, олардың басына қойылған белгілер жерімізге көз алартқан кеудемсоқтарға өңірдің нақ кімдікі екенін көзге шұқып көрсетіп беретін дәлелдер. Әсіресе, осы жағынан алғанда «Елім-ай» баға жетпес құнды дерек көзі екені даусыз. Басқа халықтар осындай ежелгі дастандарын тарихи мұра ретінде пайдаланып, сол кездегі бабаларының ақыл-ойын, көзқарас өрісінің кеңдігін, ел үшін жасаған еңбегін, ұрпақ қамын қалай ойлағанын, билеушілері мен халқының қатынастарын көреді, дереккөз ретінде пайдаланады. Ал біздің арамыздағы кейбіреулер дастанның тілінің көркемдігінен, кейбір сөздердің сол заман тарихына сәйкес емесінен кінәрат тауып, ауыздан-ауызға тарағанда қосылған қоспалары үшін «Елім-айды» жоққа шығарғысы келетіні өз тарихымызды балтамен шабуға ұмтылу десе болады», – деді заңгер.
Одан әрі спикер Қызылжарда және басқа өңірлерде өткен Қожабергенге арналған ғылыми-тәжірибелік конференцияларда айтылған ұсыныстардың толық орындалмағанын сынады. Мектеп, орта және ЖОО бағдарламаларында тым үстірт айтылатынын тілге тиек етті.
Алматы мен Астанадан ат терлетіп жеткен ақын-жазушылар, тарихшы, әдебиетші, заңгер ғалымдар қатарында елімізге танымал азаматтар Бексұлтан Нұржеке, Кәдірбек Сегізбайұлы, Иран-Ғайып Оразбай, Қасымхан Бегманов, Серік Негимов, Аманжол Күзембайұлы, Құлбек Ергөбек, Зиябек Қабылдинов, Сұлтанхан Аққұлұлы, Кәрібай Мұсырман және жергілікті өлкетанушылар Ербақыт Амантай, Сәуле Мәлікова – бәрі де конференцияда өздерінің ғылыми баяндамалары мен сөздерін оқыды.
«Елім-ай» дастаны – тарихи дерек» атты баяндама жасаған тарихшы, профессор Аманжол Күзембайұлы бүкіл әлемдік тарихта жазбаша дерек жоқ болған жағдайда ауызша деректер пайдаланылатынын атап өтіп:
«Сондай ауызша мағлұматтардың бірі және бірегейі – Қожаберген жырау шығармалары. Өкінішке қарай, осы құнды деректер талдаудан, саралаудан, тексеруден өткізіліп, осы күнге дейін тарих ғылымының кәдесіне жарамай отыр», – деді.
Одан әрі жырау шығармаларының зерттелуіне тоқталған ғалым оны алғаш рет 1927 жылы Сәкен Сейфуллин, 1936 жылы Б.Майлин, І.Жансүгіров, Ғ.Мүсірепов бастаған арнайы тарихи-этнографиялық экспедиция зерттегенін айтып, аласапыран заманда бұл материалдар із-түзсіз жоғалып кеткенін жеткізді.
«Содан кейін тәуелсіздіктің елең-алаңында жазушы Нәбиден Әбутәлиев Қожаберген мұраларын жүйелеп, жинап, бастыруға үлкен еңбек сіңірген. Ал 1993 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғылыми-зерттеу тобы Қызылжар өңіріне келіп, жыраудың басына зиярат етіп, көнекөз қариялардан мол мағлұмат алып қайтқан екен. Аты-жөні Ш.Нұрғожаұлы, М.Тырақаев, Н.Сатин сияқты ақсақалдар жыраудың Қаратай Биғожин әдеби мұралар қорына тапсырған шығармаларынан басқа да жырларын айтып берген. Одан бері Қызылжардағы «Асыл мұра» тобының іздеушілері Қожабергенге қатысты бірнеше кітаптың жарық көруіне мұрындық болған. 2000 жылы республикалық конференция өткізіліп, онда академик Манаш Қозыбаев және басқалар баяндама жасап, «Қожабергентану» орталығын ашу туралы ұсыныс болады. «Елім-ай» дастанының алғашқы нұсқасын Қаратай Биғожин тапқан, ал екінші нұсқасын Мәдина Дастанова деген зерттеуші жариялады. Көлемі 9 баспа табақ, онда жыраудың «Елім-ай»-дан басқа шығармалары да енгізілген. Екі нұсқаның кейбір өзгешеліктері болмаса мазмұны бір мәселеге арналған. Ол XVIII ғасырдағы қазақ-жоңғар соғысы», – деді А.Күзембайұлы.
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Серік Негимов өзінің баяндамасында Бұқар жыраудың «Қамалды бұзған құлшына» өлеңінің мына жолдары:
«Күрзімен жауды басқа ұрған,
Қалмақтың ханын састырған.
Жаралы дұшпан басшысын
Ат тұяғына бастырған», – деген жыр жолдарын ұстазы Қожабергенге арнағанын тілге тиек етті.
«Елім-ай» – ұлы дала тарихында ұлы бабаларымыздың ұлт, халық, мемлекет, жер қорғау қайғысынан туған аяулы, асыл түйдекті лебіз. Тарихи-этнографиялық, тілдік, палеосемантикалық қымбат құндылықтар мен ақпараттарға бай Орхон жазба ескерткіштеріндегі «Елім-ай!», «Туған жерім-ай!», «Бектерім-ай!» (152 мәрте), «Қонысым-ау!» (749 рет), «Қара жерім-ай!», «Жоғарыда Тәңірім-ай!», «Қара орманым-ай!», «Ынтымақ-ай!» және т.с.с. Ұлы дала жұртының бойтұмарындай киелі, жұлынды сөздері «Елім-ай!» дастанын оқығанда тарихи сабақтастық тайға таңба басқандай жалғастық танытады. «Елім-ай!» дастанында геостратегиялық жағдай, әскери колонизация, соғыстың тактикасы мен стратегиясы, саяси мақсат пен пиғыл, жаһандық билік мәнісі терең, толық сипатталған», – деді.
Одан әрі Серік Негимов «Елім-ай» дастанының ел арасына ауызша да, қолжазба күйінде де тарағанын айтты.
Конференцияда сондай-ақ филология ғылымдарының докторы Құлбек Ергөбек, журналист, қоғам қайраткері Кәрібай Мұсырман, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зиябек Қабылдинов, журналист Ербақыт Амантай, архивариус, тарих ғылымдарының кандидаты Сәуле Мәлікова баяндама жасады.
Конференцияның қорытындысы бойынша қарар қабылданып, онда Қызылжардағы әскери институтты Қожаберген жыраудың атына беру, мектеп оқулықтарына Қожаберген жыраудың өмірі мен шығармашылығынан деректер беру, «Елім-ай» дастанынан үзінділер беру секілді ұсыныстар Оқу-ағарту, Қорғаныс министрліктеріне жолданатыны айтылды.
Жақсыбай САМРАТ