Астана қаласында инфрақұрылымды жөндеуге байланысты кейбір көшелер жабылады.
Нақты айтқанда, LRT жобасын салу шеңберінде Сығанақ көшесінің бойында монолитті темірбетон арқалықты орнату жұмыстары жүріп жатыр. Сондықтан «Номад» тұрғын үй кешені мен Ақмешіт көшесіне дейінгі учаске жабылады. Сауран және Ақмешіт көшелері бойынша көлденең өтуге болады. Жөндеу жұмыстары 29 тамызда басталды, жол 30 қарашаға дейін жабық болады.
Елорда әкімдігінің мәліметінше, аталған учаскеден өтетін қоғамдық көлік қозғалысы өзгермейді.
Сондай-ақ Өндіріс көшесінің жол төсеміне орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осыған байланысты Солтүстік айналма жолдан көлік айырымына дейінгі учаскеде автокөлік қозғалысы ішінара жабылады. Қозғалыс 7 қыркүйекте қайта ашылады.
Бұдан бөлек, Республика даңғылы бойынша Ж.Тәшенов көшесінен А.Иманов көшесіне дейінгі учаскеде жол төсемін орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сәйкесінше 26-31 тамыз күндері автокөлік қозғалысы ішінара жабылады.
Осындай жөндеу жұмыстары Түркістан көшесінде – Достық көшесінен Сығанақ көшесіне дейінгі аралықта жүріп жатыр. Бұл учаскеде 26-31 тамыз күндері автокөлік қозғалысы толығымен жабылады.
31 тамызға дейін Мәңгілік ел даңғылы мен Сарайшық көшесінің қиылысындағы көлік айрығынан М1 көпіріне қарай оң жақ қозғалыстың жол төсеміне жөндеу жүргізіледі. Осыған байланысты аталған учаскеде автокөлік қозғалысы толығымен жабық болады.