Партиялықтар Мемлекет басшысы Жолдауының жүзеге асырылу барысы туралы Үкімет ұсынған мәліметті тыңдады.
Партия Төрағасы Ерлан Қошанов: «Қасым-Жомарт Кемелұлы елімізде әділдік пен демократия принциптерін орнықтыру және нығайту жолында жүйелі түрде, кезең-кезеңімен жағдай жасауда. Соның дәлелі – көппартиялы Мәжіліс жасақталды. Әртүрлі көзқарастағы азаматтар депутат мандатын алды. Тағы бір көрінісі – Мемлекет басшысының бастамасымен биыл алғаш рет жеңіске жеткен партия Премьер-Министрдің кандидатурасын ұсынды.
Бүгін жаңа саяси маусымның қарсаңында біз тағы бір дәстүрді бастағалы отырмыз. Алғаш рет фракция отырысында Президенттің Жолдауларының орындалуы жөнінде Премьер-Министрдің ақпаратын тыңдайтын боламыз. Сондықтан басым дауысқа ие болған партия ретінде фракция отырысына Үкімет басшысын арнайы шақырып отырмыз», – деді.
Үкімет Президент жүктеген міндеттерді орындап жатыр.
Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың айтуынша, Мемлекет басшысының Жолдауларын іске асыру шеңберінде әлеуметтік салада жүйелі жұмыс жүргізілуде.
Жаңа Әлеуметтік кодекс енгізілді. Ол азаматтарды туғаннан бастап егде жасқа жеткенге дейін әлеуметтік қолдауды көздейді. Балалары бар отбасыларды әлеуметтік қолдау үшін бала күтімі кезеңі 1,5 жасқа дейін ұлғайтылды. Көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы артты. Бүгінде бұл жәрдемақыны 750 мыңнан астам ана алады.
1 қыркүйектен бастап жалпы білім беретін мектептердің 1-4-сыныптағы балалары тегін тамақтандырумен қамтамасыз етіледі.
Сондай-ақ биыл әлеуметтік жағынан осал отбасылардан шыққан 97 мың баланың балабақшаларда тегін тамақтану мәселесі шешілді.
Осылайша, мемлекет осы санаттағы балалардың мектепке дейінгі білім беру шығынын өз мойнына алды.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, мүгедектігі бар және асыраушысынан айырылған адамдарға берілетін әлеуметтік жәрдемақы 23 пайызға артты.
2 миллионнан астам зейнеткердің зейнетақысын саралап арттыру жүргізілді.
Бүгінде мемлекеттің зейнетақы бағдарламасы бойынша шығыстар 3 трлн теңгеден асады.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, әйелдердің зейнет жасы 2028 жылға дейін 61 жас деңгейінде бекітілді.
Осыған байланысты зейнетақыға арналған шығыстар 800 млрд теңгеден астам қосымша соманы құрайды.
Биыл азаматтарға өз зейнетақы жинақтарын басқару құқығы берілді.
Салымшылар зейнетақы жинақтары сомасының 50 пайызын өздері таңдаған жеке басқарушы компанияларға бере алады.
Бұдан басқа, 1 миллионнан астам адам зейнетақы жинақтарын тұрғын үй жағдайларын жақсартуға және емделуге пайдаланды.
Үкімет Отбасының цифрлық картасын енгізді. 500 мыңнан астам қазақстандыққа проактивті әлеуметтік қолдау көрсетілді.