Оқиға осы жылдың сәуір айында болған.
Қазалыда жасөспірімді ұрып-соққан 5 оқушыға сот үкім шығарды
1,454
оқылды

Қызылорда облысы Қазалы ауданында жасөспірімді ұрып-соққан 5 оқушыға сот үкімі шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат

 

Биылғы сәуір айында 3 оқушы 15 жастағы жасөспірімді ұрып-соғып, салдарынан ол жедел жәрдем бригадасымен ауруханаға жеткізілген болатын. Бұзақылар ұсталып, аудандық полиция бөліміне жеткізілді.

Қылмыстық іс Қызылорда облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды. Күдіктілерге Қылмыстық кодекстің 293-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы, 107-бабының 2-бөлігі 5 және 8-тармақтары бойынша айып тағылды.

Сотта анықталғандай, айыпталушылар биылғы 6 сәуірде, сағат 14.00 шамасында саябақта жәбірленуші С.-мен сөзге келіп қалған. Оны қоршап алып, аяқ тұсынан теуіп құлатқан. Бет тұсынан төрт рет  жұдырықпен ұрып, кеуде және бас тұсынан 2 рет тепкен. Денсаулығына орташа дәрежеде қасақана зиян келтіріп, оқиға орнынан бой тасалаған.

Басты сот талқылауында айыпталушылардың екеуі өз кінәсін мойындаса, біреуі мойындаған жоқ.

Комиссиялық сарапшылар жасаған қорытындыға сәйкес, екі көзінің айналасы мен сол жақ самайына жарақаттың келтірілуі, кеудесінің ісініп кетуі және жабық бас-ми жарақатын алуы салдарынан жасөспірімнің денсаулығына «жеңіл» дәрежеде зиян тиген. Бетінің сол жақ тұсының жарақаты, қабырғасының сынуы, 1-ші мойын омыртқасының сыртқы жарақаттары денсаулығына «орта» дәрежеде зиян келтірген. Ал денесіндегі сыртқы жарақаттар өміріне қауіпті емес деп ұйғарылған.

Тергеу жүргізу барысында және сотта жәбірленушінің өкілі қандай да бір зиянның орнын толтыру жөнінде өтінішпен жүгінбеген.

Прокурор айыпталушыларға 1 жылға бас бостандығынан шектеу жазасын тағайындауды сұрады.

«Қылмыстық кодекстің 11-бабының 3-бөлігіне сәйкес, айыпталушылар жасаған қылмыстық құқықбұзушылық ауырлығы орташа қылмыстар санатына жатады. Ал Қылмыстық кодекстің 81-бабының 7-бөлігіне сай, онша ауыр емес қылмыс немесе қазаға ұшыратумен байланысты емес ауырлығы орташа қылмыс жасаған кәмелетке толмағандарға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалмайды.

Сот үкімімен кәмелетке толмаған үш айыпталушы кінәлі деп танылды.

Қылмыстық құқықбұзушылықтар жиынтығы бойынша түпкілікті 1 жылға бас бостандықтарынан шектеу жазасы тағайындалды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ»,  деп мәлім етті Қызылорда облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотынан.

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy