«AMANAT» фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев Президенттің Жолдауы мен партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыру бойынша ақпараттық есепті жариялады.
Айтуынша, бүгін Мәжілісте «AMANAT» фракциясының кезекті отырысы өткен. Жиынға келген Үкімет басшысы фракция депутаттарына Президент Жолдауында көрсетілген тапсырмалардың жүзеге асу барысы туралы ақпараттық есеп берді.
«Өздеріңіз білетіндей, былтыр Президенттің бастамасымен елімізде болған референдум – Қазақстанның саяси және әлеуметтік өміріндегі үлкен өзгерістердің бастауы болған еді. Нақты реформалар қабылданып, қазір олар жүзеге асып жатыр. Биыл жаңа форматта өткен Мәжіліс пен мәслихаттардың сайлауы, жеңімпаз партияның Премьер-Министр кандидатурасын ұсынуы – сол реформалардың логикалық жалғасы. Міне, достар, біз бүгін жаңа саяси маусым алдында тағы бір дәстүрді қалыптастырдық. Фракцияның отырысына алғаш рет Үкімет басшысы Әлихан Смайылов келіп, Президенттің Жолдауы мен партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыру бойынша ақпараттық есеп берді»,– деп жазды Елнұр Бейсенбаев.
Есте болса, Мемлекет басшысының былтырғы Жолдауында бизнеске қолдау көрсетіп, халықтың табысын арттыруға, ауылшаруашылық саласын дамытуға басымдық берілген болатын.
«Осы бағытта Үкімет биыл айтарлықтай нәтижеге қол жеткізіп отыр. Біріншіден, шағын және орта бизнестегі субъектілер саны 27% өсіп, 1,8 миллионнан асты. Бұл салада қазір 4,1 миллион адам еңбек етіп жүр. Сондай-ақ бизнестегі бюрократиялық кедергілер де анықталып, алынып тасталған. Екіншіден, көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы көлемі ұлғайды. Жыл сайын мұғалімдер мен медицина қызметкерлерінің жалақысы, студенттердің жәрдемақысы өсіп отырады. Үшіншіден, ауылшаруашылық саласын қолдау мақсатында бөлінетін субсидия көлемі 430 млрд теңгеге дейін өсті. Партиялық «Жер аманаты» жобасы аясында 8 миллион гектар жер мемлекетке қайтарылып, қарапайым шаруаларға беріліп жатыр», – дейді Мәжіліс депутаты.
Елнұр Бейсенбаевтың айтуынша, «AMANAT» фракциясы Президент Жолдауы мен сайлауалды бағдарламамыздың жүзеге асуын бақылауда ұстап, Үкіметпен одан әрі иық тіресе жұмыс істейді.
«Достар, бұл жиын фракцияның кезекті жұмыс отырысы. Сайлауалды уәделердің уақытылы орындалуын қадағалау үшін Үкімет мүшелерімен мұндай кездесулер Мәжіліс қабырғасында тұрақты өтіп отырады. Біздің фракция Үкіметтің алдына нақты міндеттер қойды. Осы міндеттердің орындалуын бақылау үшін Министрлер кабинетінің есебін биыл қазан айында тағы тыңдаймыз», – деді ол.