Жиынға «AMANAT» партиясының Хатшысы Эльдар Жұмағазиев және өңірдегі бастауыш партия ұйымдары мен аумақтық филиалдардан сайланған 160 делегат қатысты
AMANAT: Ақтөбе облысында 86 жаңа өнеркәсіп нысаны іске қосылды
1,255
оқылды

«AMANAT» партиясы Ақтөбе облыстық филиалының кезекті ХХХV конференциясында кейінгі екі жылда атқарылған жұмыстар қорытындыланды. Өңірде партиялық жобалар және Сайлауалды бағдарлама аясында толымды істер атқарылған.

Жиынға «AMANAT» партиясының Хатшысы Эльдар Жұмағазиев және өңірдегі бастауыш партия ұйымдары мен аумақтық филиалдардан  сайланған 160 делегат қатысты. Делегаттардың дауыс беруімен партия филиалдарындағы Саяси кеңестердің 214 мүшесі сайланып, құрамы 55 пайызға жаңарды. Оның ішінде әйелдер – 34,6 пайызды, ал жастар – 26,6 пайызды құрап отыр.

-«AMANAT»  партиясының басты мақсаты - халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту, әділетті қоғам құруға күш салып, азаматтардың құқығын қорғау. Халық бізден нақты нәтиже, сапалы көрсеткіш күтіп отыр. Партияның ішкі құрылымы да, стратегиясы да, имиджі де уақыт талабына сай болуы шарт. Сондықтан партия мүшелерін одан әрі бірлесе жемісті еңбек етіп, Әділетті Қазақстанды құруға лайықты үлес қосуға шақырамын, - деді Эльдар Жұмағазиев қатысушыларға.

Жиында 2021-2022 жылдарда атқарылған жұмысты қорытындылаған партияның Ақтөбе облыстық филиалы атқарушы хатшысы Ербол Данағұлов өңірлік сайлауалды бағдарламаның жүзеге асырылу барысына кеңірек тоқталды. Оның айтуынша облыстың өнеркәсібі дамып келеді. Бұл мақсатқа екі жылда 60,9 млрд. теңге инвестиция тартылып, 86 өнеркәсіп нысаны ашылған. Өңірде бетон бұйымдарын шығаратын, фарфордан және керамикалық плиткаларды жасайтын, минералды мақта, құрылыс материалдарын өндіретін кәсіпорындар, жиһаз цехы, сұйық сабын өндіру цехы пайда болды. Бұл жерлерде 1 700-ден астам жаңа жұмыс орны құрылды.

Сонымен бірге, 7 мектеп, 51 балабақша ашылып, 83 денешынықтыру нысандары салынды. Ал денсаулық сақтау саласында 12 нысан - 200 орындық перинаталдық орталық, 390 келушіге арналған гемодиализ орталығы, 290 келушіге 8 дәрігерлік амбулатория, 22 келушіге  2 медициналық пункт  пайдалануға берілді. Облыс бойынша 2 млн 381 мың шаршы метр жерге тұрғын үй салынып, 12 мыңнан астам пәтер берілген. 55 518 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды.

Ербол Данағұлов Ақтөбе облысында партиялық жобалардың жүйелі жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Оның бірі – «Қарызсыз қоғам» партиялық жобасы. Жоба аясында 4966 ауыл тұрғыны қаржылық сауаттылығын арттырып отыр.

-Осы кезге дейін облыстағы 5 мыңға жуық адам оқуларын аяқтады. Олардың 43 пайызында 1 несиеден, 32 пайызында 2 несиеден болды. «Қарызсыз қоғам» партиялық жобасы ауыл тұрғындарының несиесін өтеп, тұрмысын түзеуге септігін тигізуде. Жыл бойы 8 мың адамның қаржылық сауаттылығын арттыру көзделіп отыр, - деді ол.

Партиялықтар «Бақытты отбасы» жобасы аясында жыл сайын «Баланы мектепке дайындайық!» акциясын ұйымдастырып келеді. 2021-2022 жылдары 2144 балаға 66,7 млн. теңге қаржыға қайырымдылық көмек көрсетілді. Өңірде «Ауыл аманаты» жобасы да қарқынды жүзеге асуда. Жобаға 42,4 мың тұрғыны бар 61 елді мекен қатысады. Қазіргі таңда 1540 адамға жалпы құны 6,7 млрд. теңге несие мақұлданды. Оның 4,4 млрд. теңгесі 1118 жобаға берілді. «Жер аманаты» партиялық жобасы аясында былтыр облыстағы пайдаланылмай жатқан 535,1 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Биыл кемінде 330 мың гектар жерді қайтару жоспарланды.

Өз кезегінде партия Хатшысы Эльдар Жұмағазиев халыққа берген уәделердің толық орындалуы ең маңызды міндет екенін атап өтті. Мәслихаттардағы фракция мүшелері, партиядан сайланға ауыл әкімдері өңірлік мәселелерді шешуге және инфрақұрылымды дамытуға ерекше назар аударуы тиіс.

-Президенттің саяси реформалары өміршең болуы үшін, депутаттық фракция, соның ішінде Ақтөбе облысының аудандық, қалалық мәслихаттағы фракциялары, партиядан сайланған ауыл әкімдері екі есе күш-жігермен жұмыс жасаулары қажет. Біз  халықтың алдында берген уәделеріміз бен жоспарларымызды уақытыЛЫ орындауымыз   керек, - деді партия Хатшысы.

Эльдар Жұмағазиев ауылдағы өмір сүру деңгейін көтеруге және жергілікті тұрғындардың табысын арттыруға көмектесетін "Ауыл аманаты" жобасы Ақтөбе облысында табысты іске асырылып жатқанын атап өтті