«AMANAT» партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиевтің төрағалығымен партия жанындағы экономика, кәсіпкерлік және агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселелері жөніндегі кеңесінің кезекті отырысы өтті. Бүгінгі жиын Оңтүстік өңірлердегі кәсіпкерлердің сауалдарын тыңдауға арналды.
Жиынның мақсаты – өңірлердегі кәсіпкерлердің мәселелерін шешіп, облыстардағы істің алға жылжуына көмектесу. Жиынға салалық министрліктердің өкілдері, фракцияның өңірдегі депутаттары шақырылды. Осылайша аталған облыстардың кәсіпкерлері бейнеконференция арқылы өздерін алаңдатқан сауалдарына жауап алу мүмкіндігіне ие болды.
– Іс-шараның басты мақсаты – өңірдегі мәселелерді тез арада шешу, оған ықпал ету және «Халықпен бірге!» атты «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасының орындалуы. Бүгінгі күнге дейін 16 өңірді тыңдадық. Әр өңірден 50-ден 100-ге дейін кәсіпкерлер қатысты. Бәріне қатысты қарар дайындалды. Соған байланысты жүйелі мәселелерді біріктіріп жатырмыз. Енді кезек Оңтүстік өңірлерге келді. Бүгін Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарының кәсіпкерлерін тыңдаймыз. 16 өңірді тыңдағанда түрлі сұрақтар болды, ондай сұрақтар бүгін де айтылуы әбден мүмкін. Тиісінше, кәсіпкерлердің сұрақтарына жауап беріп, мәселені бірігіп шешуге ат салысамыз. Ал шешілмеген мәселелердің реестрі құрастырылып, Партия жетекшісі, Үкімет басшыларының қатысуымен өтетін кеңейтілген кеңес отырысында көтерілетін болады, – деп түсіндірді Партия хатшысы Эльдар Жұмағазиев.
Алғашқы сөз кезегі Алматы облысының кәсіпкерлеріне берілді. Алматы облысы мәслихатының депутаты Сұлтан Нұрғалиұлы кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың талаптары жастар үшін тиімсіз айтты.
«Елімізде кәсіпкерлік саласы шағын субъектілерден тұрады. Кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау қол жетімді, алайда олар шектеулі. Қатаң талаптар бар және жас кәсіпкерлерге көп тұсы тиімсіз. Мемлекеттік қолдау жобалары бойынша жастарды қамту деңгейі төмен, яғни несие бойынша берешектің пайызы тым жоғары және жинайтын құжаты өте көп. Сонымен қатар Алматы облысының алыс аймақтарында тұратын кәсіпкерлер үшін кепілдік мөлшері де тым аз. Осы мәселеге назар аударсаңыздар» - деді ол.
Осы ретте аталған мәселеге қатысты Еңбек министрлігінің өкілі жауап берді. Оның айтуынша, кәсіпкерлерді қолдау бойынша бағдарлаамалар аясында жастарды қамту жұмыстары біртіндеп жүргізіліп жатыр.
«Биыл жастар үшін жеңілдетілген 2,5%-бен микрокредиттер бере бастадық. Алматы облысы бойынша 1,9 млрд-қа жуық қаражат бөлінді. 375 адамға арналған микрокредит бөлінді. Оған қосымша гранттар да бар. Ол гранттар негізінен халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған. Олардың арасында жастар да бар. Бүгінде республика бойынша 5317 грант берілді, оның ішінде 744 жастарға берілген. Алматы облысында 30-ға жуық жас азамат грант алған. Непгізінен кәсіпкерлікті қолдау бағдарламаларына бөлінетін қаржы, грант саны әкімдік ұсынған деректер негізінде жасалады. Сондықтан алдағы уақытта әкімдіктермен байланысқа шығып, нақты тізімді анықтаймыз» - деді министрлік өкілі.
Сонымен қатар Түркістан, Қызылорда және Жамбыл облыстарының кәсіпкерлері тікелей байланысқа шығып, тиісті сала өкілдеріне өздерінің сұрақтарын қойды.