Автобус жүргізушісіне қатысты әкімшілік хаттама толтырылды.
Астанада жолаушылар автобусы тепловозға соғылды
2,212
оқылды

Елордада №30 бағдардағы қоғамдық көлік тепловозға соғылды, – деп хабарлайды CTS компаниясының баспасөз қызметі.

«31 тамыз, сағат 21:40-та Тайбурыл көшесінен Үшқоңыр көшесі бағытындағы өткелде №30 қоғамдық автобустың жүргізушісі жол ережесін бұзып (теміржол өткеліндегі жол белгілерінің талаптарын сақтамау және бағдаршамның тыйым салатын белгісін елемеу), тепловозбен соқтығысты», – делінген хабарламада.

Ақпаратта айтылғандай, автобус жүргізушісіне қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Зардап шеккендер жоқ.

«Жүргізушінің жолаушылар көлігі саласындағы еңбек өтілі – 30 жыл. №1 автобус паркінде 10 жыл жұмыс істейді. Рейс алдында (сағат 05:30-да) медициналық тексеруден өткен. Жүргізуші разнарядқа сәйкес, демалыс күнінен кейін 1-ші күн жұмысқа шыққан. Жолаушылар зардап шеккен жоқ. Жүргізуші жұмыстан шеттетіліп, CTS компаниясының біліктілік орталығына қайта даярлауға жіберілді», – деп толықтырды аталған мекеме.