Президентіміз елдің экономикалық әлеуетін тиімді пайдалану, халықтың тұрмыс сапасын арттыру, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту және келешек ұрпаққа заманауи мемлекет қалдыру мәселелеріне басымдық берді.
Бұл міндеттерді жүзеге асыруда құрылыс саласының орны ерекше екеніне бірнеше мәрте тоқталып өтті. Мемлекет басшысының Қазақстанды ауқымды құрылыс алаңына айналдыру жөніндегі тапсырмасы осы тұрғыдан айрықша мәнге ие. Ұсынылған «Халықтық құрылыс» бастамасы елдің әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылымын жүйелі түрде жаңғыртуға бағытталған. Өзімде құрылыс саласына қатысты бастамаларға кәсіби маман ретінде ерекше назар аудардым. Әсіресе, аталған бастаманың «Халықтық құрылыс» деп аталуының мәні терең. Өйткені құрылыстың түпкі нәтижесі жаңа ғимараттар санымен ғана емес, сол нысандардың халыққа қаншалықты қызмет ететінімен өлшенуге тиіс.
Осы ретте, Президентіміз 2029 жылдың соңына дейін әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылым нысандарын салу мен жаңғыртуға Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге бағыттауды тапсырды. Жоспар аясында өңірлерде 70-ке жуық денсаулық сақтау нысаны салынып, білім беру, спорт және мәдениет салаларындағы 50-ге жуық нысанның құрылысы басталмақ. Сонымен қатар елді мекендерді газбен және таза ауызсумен қамтамасыз етуге басымдық беріледі.
Сондықтан да құрылыс саласының маманы ретінде «Халықтық құрылыс» бастамасының маңызын бірнеше қырынан бағалаймын:
Біріншіден, құрылыс – халықтың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін сала. Жаңа аурухана, мектеп, спорт кешені немесе инженерлік желі жай ғана инфрақұрылым нысаны емес. Ол – тұрғындардың сапалы қызметке қол жеткізуі, балалардың қауіпсіз ортада білім алуы және өңірлердегі өмір сүру жағдайының жақсаруы. Сондықтан жобаларды жоспарлау кезінде әр облыс пен елді мекеннің нақты қажеттілігі ескерілуі керектігі нақты тапсырылды.
Екіншіден, құрылыс көлемімен қатар сапасына да айрықша басымдық берілуі қажет. Бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалуы, жобалау мен құрылыс жұмыстарының белгіленген талаптарға сай орындалуы, нысандардың уақытылы пайдалануға берілуі және ұзақ мерзім қызмет етуі – басты өлшемдер. Мемлекет қаржысына салынған әрбір нысан халықтың сенімін ақтауы тиіс екендігі де басты назарда болуы шарт.
Үшіншіден, «Халықтық құрылыс» отандық кәсіпкерлік пен жұмыспен қамтуға серпін бере алады. Президентіміз құрылыс жобаларына жергілікті шағын және орта бизнес өкілдерін тарту жөніндегі ұстанымы осы тұрғыдан маңызды. Себебі, өңірлік мердігерлерді, құрылыс материалдарын өндірушілерді және жергілікті мамандарды жұмысқа тарту қаражаттың ел ішінде айналуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және отандық өндірістің дамуына ықпал ететін факторлар болып саналады.
Сонымен бірге ауқымды құрылыс жұмыстары жүйелі жоспарлауды, білікті кадрларды, сапалы құрылыс материалдарын және тиімді бақылау тетіктерін қажет етеді. Сондықтан жобалардың басымдықтарын дұрыс айқындап, қаржыландырудан бастап пайдалануға беруге дейінгі барлық кезеңде ашықтық пен жауапкершілікті қамтамасыз ету маңызды.
Себебі Мемлекет басшысы атап өткендей, келер ұрпаққа тек қаржылық қор қалдыру жеткіліксіз. Біз оларға заманауи инфрақұрылымы бар, экономикасы қуатты, азаматтары үшін қолайлы мүмкіндіктер қалыптастырған мемлекет қалдыруымыз керек.
Осы тұрғыдан алғанда, «Халықтық құрылыс» – тек құрылыс саласының емес, тұтас ел экономикасының дамуына ықпал ететін бастама. Ендігі міндет белгіленген жоспарларды нақты, уақытылы әрі сапалы іске асырып, әрбір жобаның жемісін халықтың игілігіне айналдыру қажет деп есептеймін.
Өйткені құрылыс саласы – болашаққа салынған ұзақмерзімді инвестиция. Ал сапалы салынған әрбір нысан – елдің ертеңіне қосылған нақты үлес!
Нұркен БАҚЫТБЕКҰЛЫ, Құрылтай депутаты
