Алматыда әйелдердің мойнынан алқасын жұлып алған күдікті ұсталды.
Алматы қаласы Әуезов аудандық полиция басқармасының мәліметінше, 27 жастағы Б. есімді күдікті егде жастағы әйелдердің ізіне түсіп, оңтайлы сәтті күтіп, мойнындағы алқасын жұлып алып, қашып кетіп отырған.
«Ол егде жастағы әйел адамдардың әшекей бұйымдарын ашық түрде тартып алып, ізін жасырып жүрген. Күдікті қамауға алынды. Тергеудің бастапқы кезеңінде осы іспеттес 12 қылмыс жасағаны белгілі болды. Басқа да жәбірленушілер анықталып жатыр. Қолды қылған әшекей бұйымдарды ол қала базарларының бірінде саудалап үлгерген. Қазір ұрланған мүлікті сатып алған тұлғалар іздестіріліп жатыр», – деп мәлімдеді Алматы қаласы Әуезов аудандық полиция басқармасы жанындағы полиция бөлімінің бастығы Еділхан Байғараев.
Оның айтуынша, олар да қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
«Өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жария етілмейді. ҚР Конституциясының 77 бабы 3-бөлімі, 1-тармағы, ҚР ҚК-нің 19-бабы 1-тармағына сәйкес кез келген азамат сот шешімі заңды күшіне енгенге дейін кінәсіз деп саналады», – деп еске салды полиция өкілі.