Құтқарушы қиындыққа толы қызметі туралы айтып берді

Нұрсұлтан Жұмағазиев – құтқарушы, сүңгуір. Ол бес жылдан бері Атырау қалалық Төтенше жағдайлар басқармасының Жедел құтқару жасағының бас құтқарушысы болып еңбек етіп келеді.

Нұрсұлтан өзін басқа салада елес­те­те ал­майтынын айтады. Өйтке­ні Нұрсұлтан үшін оның жұмысы – өмі­рі­нің мәні. 

«Бала кезімнен қоғамға пайдалы бо­лу­ды, адамдарға қызмет етуді армандадым. Ба­ла арман мені бүгінгі құтқарушылық жол­ға әкелді», – дейді Нұрсұлтан. 

Нұрсұлтан қазір 24 жаста. Қарапайым от­басында дүниеге келген. Үйінің кенжесі. Қазір отбасын құрып, ата-анасымен бірге тұрып жатыр. Шағын отбасында екі ұлы өсіп келеді. Мұның барлығын тәптіштеп айтып отырғанымыз, Нұрсұлтан отбасы ту­ралы үлкен махаббатпен айтып берді. Се­бебі көп адамның өмірін құтқаруға се­беп­кер болып, жұмысын үлкен махаб­бат­пен атқаруына отбасындағы тәрбие себеп бол­ған. 

«1-сыныптан бастап, дзюдомен ай­на­лыс­тым. Сол себептен де болар, бала ке­зім­­­нен айналамдағы достарым да, ара­лас­қан ортам да спортшылар болды. Колледж бі­тіргенге дейін дзюдоны тастамадым. Дзю­додан спорт шеберіне үміткер деген ата­ғым да бар. Осылай жүргенімде қазіргі жұ­байымды кездестіріп, 19 жасымда от­ба­­сын құрдым. 

Әлі жаспыз, отбасының алдындағы жауап­кершілік те бар. Сөйтіп, сүң­­­­гуірлікті таңдадым. Кезінде Атырау қа­­ласында Батыс өңірлік аэроқұтқару жа­­сағы болды. Сол жерге барып, құт­қару­шы­лар туралы естідім. Еңбек жолымды «Аман­гелді» кооперативінде сүңгуір бо­лып бастадым. Жұмысым өзіме қатты ұнай бастады. Кейін Төтенше жағдайлар де­партаментіне келдім. 

Әрине, бастапқыда қиын болатын шы­ғар деген қорқыныш болды. Себебі Жайық­тың асты бұлыңғыр болатын. Бір­ақ күн­делікті жаттығу әрі тәжірибенің арқа­сын­да жұмысыма үйреніп кеттім», – дейді Нұрсұлтан.

Көп сөзге жоқ болса да, биязылығымен өзі­не баурап алатын кейіпкеріміз жұмыс­тағы әр күні тосын оқиғаға толы екенін айт­ты. Біз Нұрсұлтаннан есінде қалған ерек­ше бір оқиғамен бөлісуін сұрадық. 

«2021 жыл болатын. Қателеспесем, жел­тоқсан айы болуы керек. Сағат таңғы он шамасында диспетчер бір әйел адам­ның көпірден секіргенін хабарлады. Әйел адам Атырау қаласының «Тұрғындар» қа­­лашығында орналасқан жаяу жүргін­ші­лер көпірінен секіріп кеткен. Хабар түс­кен­нен кейін 1-1,5 минут ішінде дереу жи­­­на­лып, оқиға орнына бардық. Біз бар­ған кезде полиция қызметкерлері де келіп жа­тыр екен. Дереу суға түсіп, әйел адамды құт­қарып қалдық. Біз судан алып шыққан уа­қытта әйел адам ес-түссіз жатты. Оған де­реу алғашқы көмек көрсеттік. Жағаға шы­ғарып, жедел жәрдем шақырып, өмі­рін аман алып қалдық. Кейін білгеніміз­дей, әйел адамның аяғы ауыр болған. Жә­не ол кісіде бәрі жақсы екенін естідік. Ішін­дегі шарананың өміріне де қауіп төн­беген екен. Осы бір керемет жаңалық кә­дім­­гідей қуантып тастады», – деді Нұрсұл­тан. 

Бір емес, екі адамның өмірін сақтап қал­­ғаны үшін сүңгуір-құтқарушы Нұр­сұл­тан Жұмағазиев пен жедел кезекші Аслан­бек Құмаров екеуіне Президент бұйрығы­мен «Ерлігі үшін» медалі берілген. 

«Құтқарушылық жұмысты бастаған ал­ғашқы уақытта ата-анам алаңдап, жа­нын шүберекке түйіп отыратын. Бірақ біз­дің жұмысымызда күн сайын тәжірибе жинақтау өте маңызды. Кейде суға кеткен адамдарды тереңнен іздеп жатамыз. Мұн­дайда өзен-көлдің астына жиналған түрлі қал­дық та кедергі болады. Оның барлы­ғы­на ептілік керек. Күнделікті жұмыс оның бәріне үйретеді», – дейді Нұрсұлтан.

Өкінішке қарай, суға кеткен адам­ның бәрін бірдей құтқарып қал­ған бақытты оқиғалар жиі бола бермейді. Ащы да болса шындық, көп жағдайда құт­қарушылар суға батып кеткен мар­құм­ның денесін іздеуге көп уақыт жоғалтып жата­ды.

«Егер суға батқан адамның денесін ал­ғашқы сағаттарда таба алмасақ, мәйіт араға 3-4 күн салып, су бетіне қалқып шы­ғып жатады. Күн суық мезгілде дене­нің су бетіне шығуына, тіпті апталар мен ай­лар кетуі мүмкін», – дейді Нұрсұлтан. 

Осыдан 10 жыл бұрын Жылыой ауда­нын­да қайғылы оқиға болды. Қараша айын­да Құлсары маңындағы Қамыскөл кө­лінде қайықпен балық аулауға шыққан әке­сі мен баласы суға батып кетті. Олар­дың денесі төрт ай бойы табылмады. Мар­­­­құмдардың денесі мұз ерігеннен кейін ғана табылды. 

«Судың ластануы салдарынан су ас­тында көру деңгейі нөлге тең. Су түбінде көп­теген темір, бетон плиталары, балық ау­лауға арналған ау сияқты қауіпті қал­дық­тар жатады. Осындай жағдайда денені табу үшін сүңгуірлер судың түбін қолымен «ар­шығандай» қарап шығады. Мұның бәрі ұзақ уақытты қажет етеді», – дейді Нұр­сұлтан. 

Біз Нұрсұлтаннан құтқару жұмысына бара жатқан кезде қандай ойда болатынын сұрадық.

«Хабар алған уақытта «адам өмірін құт­­қарып қалсақ екен» деген ой болады. Және берілген ақпаратты сараптап, адам­ды қандай тактикамен құтқара ала­ты­ным­ды ойлап, іштей жоспар құра бастаймын. Ал суға түсіп жатқан кезде отбасыммен аман-есен қауышсам екен деген ниет бо­ла­ды», – дейді Нұрсұлтан.

Кейіпкеріміздің айтуынша, құтқару­шы болу үшін тез шешім қабылдай ала­тын, өз ісіне жауап бере алатын адам болу маңыз­­­ды. Себебі сүңгуір болу ептілікті, үл­кен жауапкершілікті қажет етеді. 

«Сүңгуірдің жұмысы уақытты, мезгілді таң­дамайды. Таңертең немесе кеш, қыс не­месе жаз деген анықтамалар біз үшін жоқ. Қай уақытта суға түсу керек болса, сол уақытта суға түсеміз. Біздің жұмыс уа­қытымыз сағатпен өлшенбейді. Және су қа­телікті кешірмейді. Сондықтан сүң­гуір­ге ең керегі – стратегия», – дейді Нұрсұлтан. 

Құтқарушы-сүңгуірдің айтуынша, фи­зикалық дене дайындығы және пси­хо­логиялық тұрғыда мықтылық, стресске тө­зімділік қасиеттердің болуы да шешуші рөл атқарады. Себебі сүңгуірлер көп жағ­дайда өз өмірін қауіпке тігіп жатады. 

Жоғарыда біз Нұрсұлтанның ал­тын асықтай екі ұлы өсіп келе жат­қанын айттық. Үлкен ұлы Темірлан 5 жас­та, кенжесі Юсуф 2 жаста. Нұрсұлтан­нан біз балалары әке жолын қуғысы келсе, не айтатынын сұрадық. 

«Өзім құтқару саласында жүргеннен кейін бұл жұмыстың оңай емес екенін бі­­лемін. Біздің әр күніміз сынақтан тұра­ды. Бірақ балаларымның бұл салаға кел­ге­нін қаламас едім. Ал егер олардың жүрек қа­лауы осы сала болса, онда қолдауға дайын­мын. Білгенімді үйретіп, тәжіри­бем­мен бөлісемін», – деді Нұрсұлтан. 

Баян ЖАНҰЗАҚОВА