Президент Ішкі істер министрлігінің басшылық құрамымен кеңес өткізді. Жиында Мемлекет басшысы жаңа Ішкі істер министрі Ержан Сәденовті таныстырды.
Президент жаңа ІІМ басшысына тапсырма берді
557
оқылды

Президент ведомствоның жаңадан тағайындалған басшысы ішкі істер органдарында 30 жыл еңбек еткенін, аудандық жедел уәкіл қызметінен министрдің орынбасары лауазымына дейінгі сатыдан өткенін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұрынғы министр Марат Ахметжановтың басшылық еткен кезінде ішкі істер органдарының қызметін ұйымдастырудағы оң өзгерістерге ерекше назар аударып, цифрлық технологияларды енгізу, жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілерін жедел тіркеу, сондай-ақ полиция жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету сияқты бастамаларына тоқталды.

Кеңес барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кешегі Қазақстан халқына Жолдауында азаматтарымыздың әл-ауқатын жақсарту және түбегейлі әлеуметтік-экономикалық өзгерістер жөнінде нақты тапсырмалар бергенін айтты. Аталған тапсырмалардың іске асырылуы көбіне құқықтық тәртіптің деңгейіне байланысты екенін және осы ретте полиция маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

Мемлекет басшысы ішкі істер органдарының жұмысын түбегейлі өзгертуге, халықпен және азаматтық қоғам институттарымен тұрақты байланыс жасауға қатысты жаңа идеялардың қажеттігіне назар аударды.

– Сервистік полицияны дамыту ісін жалғастыру керек. Ол үшін тұрғындарға құқықбұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік қағидатының сақталуын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін ынтымақтастықтың өзара тиімді жолдарын ұсыну қажет. Кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жүйесі де айтарлықтай өзгерістерді қажет етеді. Биыл 30 маусымда ІІМ кеңейтілген алқа отырысында берген тапсырмаларымның іске асырылуын қамтамасыз ету керек. Жүктелген міндеттер – өте маңызды. Сондықтан оларды табысты орындау үшін барлық жеке құрам және ең алдымен, министрлік басшылығы жұдырықтай жұмылуы қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент ІІМ басшылығына жүктелген міндеттерді сапалы әрі уақытылы жүзеге асыру ісінде табыс тіледі.