Атырау облысы Қызылқоға ауданы Тасшағыл ауылына жақын тұста су келгенде пайда болған кішкентай көлшікте мыңдаған балық шабақтары қырылып жатыр. Бұл туралы Stan.kz тілшісі хабарлайды.
Атырауда балық қырылып жатыр
3,238
оқылды

Облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлының айтуынша, биыл өңірге су көп мөлшерде келгендіктен, ойлы жерлерде шағын көлшіктер пайда болған. Солардың бірі Тасшағыл ауылынан екі шақырым жерде де бар екен. Бүгін, яғни, 2 қыркүйекте онда сазан, мөңке (карась) және басқа да қара балықтардың қырылып жатқаны жөнінде желіде бейнежазба тарап, тұрғындардың алаңдаушылығын тудыруда.

"Мәселеге Қызылқоға ауданы әкімдігі араласып, бақылауға алынды. Қазір шабақтарды құтқару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қосымша ақпаратты кейінірек ресми хабарлаймыз", – деп қысқа қайырды жауапты басқарма басшысы.

Ал аталған бейнежазба авторы әлі де тірі жүрген шабақтарды Тасшағыл ауылындағы Адайкөл, Бәйтік, Тиін, Арал секілді үлкен өзен-көлдерге қосу керек деп дабыл қағуда. 

"Қарапайым тұрғындар бір түйір балық ұстап алса, темір торға қамалады. Ал, бұл жерде шабақтар мыңдап қырылуда. Мұны балық қорғаушылар неге бақыламайды? Олар тек Жайықты сүзуді ғана біледі, ал алыс ауылдарды неге араламайды? Жалпы балық қорғаушылардың жұмысын қайта жандандыру қажет. Неліктен олардың жұмысын жергілікті тұрғындар мен еріктілер жасауы қажет?" – дейді видео авторы.