Ғазиза Жұмекенова ұзаққа созылған ауыр науқастан көз жұмды.
Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі қайтыс болды
17,992
оқылды

Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ғазиза Жұмекенова қайтыс болды. Суық хабарды Толқын Сұлтанова жеткізді.

"Кеше қазақтың жезтаңдай әншісі, Торғай даласының бозторғайы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Ғазиза Жұмекенова ұзаққа созылған ауыр науқастан көз жұмды. Суық хабарды естіп, қабырғамыз қайысып отыр. Қолдан келгенше қолдау көрсеттік. Дұға қылдық. Аурудың шипасын сұрадық. Өлшеп берген ғұмыр осы екен", – деп жазды ол. 

Жұмекенова Ғазиза 1953 жылы дүниеге келген. Амангелді ауданы Байғабыл ауылының тумасы. Туған ауылында онжылдықты тәмамдағаннан кейін Меңдіғарадағы мұғалімдер даярлайтын училищеге оқуға түседі. Алғаш еңбек жолын өзі оқыған Байғабыл орта мектебінде бастауыш сынып мұғалімдігінен бастайды. Жастайынан өнерді жанына серік еткен ерекше талант иесі аудандық, облыстық конкурстарға қатысып, лауреат атанады. Көктем сайынғы өтетін облыстық «Торғай әуендері» фестивалінің әсем даусын елі сағына күтетін көзайымына айналады.

Арқалық қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы педагогикалық институтының музыка бөлімін аяқтап, белгілі мемлекеттік және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің назарына іліккен тума талант иесі облыстық «Шертер» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің әншісі болып қабылданады. 

Ғ. Жұмекенқызы көптеген республикалық конкурстар мен байқаулардың бәссіз жүлдегері атанады. Торғай облысының мәдениеті мен өнеріне қосқан зор үлесі үшін «Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген әртісі» атағымен марапатталады. Зейнетке шыққанға дейін Көкшетау қаласының облыстық филармониясында еңбек етті.