Қазақстанның Халық әртісі, КСРО және Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қырғызстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, көрнекті театр және кино актрисасы Бикен Римованың 100 жылдығына арналған BIKEN I Халықаралық театр фестивалі өтеді.
Талдықорғанда BIKEN I Халықаралық театр фестивалі өтеді
772
оқылды

Б.Римова атындағы Талдықорған драма театры Қазақстанның Халық әртісі, әйгілі актриса Бикен Римованың 100 жылдығына орай 29 қыркүйек – 4 қазан аралығында BIKEN I Халықаралық театр фестивалін Мәдениет және ақпарат министрлiгi, Жетісу облысы әкімшілігінің қолдауымен ТҮРКСОЙ ұйымының аясында өтеді.

Фестивальдің мақсаты – сахна саңлағы Бикен Римованың 100 жылдығын мерекелеу, оның есімін ұлықтау, сонымен қатар, режиссерлер мен актерлер арасынан кәсіби қолтаңбасы қалыптасқан үздік сахнагерлерді анықтау. Фестивальге Қазақстаннан Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры, Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театры, Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театры, С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық драма театры, Алматы қалалық Мәдениет басқармасының «Жаңа ғасыр» театры, Астана қалалық «Музыкалық жас көрермен театры» және шет елден Түркия, Әзербайжан, Түрікменстан, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттерінің өнер ұжымдары қатысады. 

Фестиваль аясында Бикен Римованың бюст ескерткіші салтанатты түрде ашылады.

Театр фестивалі халықаралық деңгейде өткізілетін болғандықтан фестивальдің қазылар алқасының мүшелері Қазақстанмен қоса, Әзербайжан, Башқұртстан елдерінен сарапталды. Атап айтар болсақ, қазылар алқасының төрағасы «ҚР Еңбек сіңірген қайраткері», М.Әуезов атындағы Қазақ Ұлттық драма театрының директоры, Өнертану ғылымдарының кандидаты – Еркін Жуасбек. Қазылар алқасының мүшелері: Өнертану докторы, профессор, түркітілдес халықтар театрлары басшылары кеңесінің төрағасы, мұсылмандар басқармасы ғылыми-діни кеңесі төрағасының орынбасары – Исрафил Исрафилов, Өнертану кандидаты, Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының доцентi, Театр сыншылар бірлестігінің президенті – Анар Еркебай, Өнертану ғылымының кандидаты, доцент, Загир Исмагилов атындағы Уфа мемлекеттік өнер институтының «Өнер тарихы және теориясы» кафедрасының меңгерушісі – Айсылу Сагитова, Өнертану магистрі, Театр сыншылар бірлестігінің мүшесі, Қазақ ұлттық өнер университетінің аға оқытушысы – Айзат Қадыралиева.