Марқұм әйелдің күйеуі мен баласы ауруханада жатыр.
"Қауіпсіздік белдігін тақпаған": Түркияда қаза тапқан журналист туралы тың мәлімет шықты
2,124
оқылды

Түркияда көлік апатынан қаза тапқан анасы мен баласы қауіпсіздік белдігін тақпаған. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді.

Аланияда болған көлік апатынан 2 қазақстандық қайтыс болды. Қайтыс болған әйелдің күйеуі мен баласы ауруханада жатыр.

"31 тамызда отбасы мүшелері Түркияға демалуға келген. Бүгін Қазақстанға оралуы керек еді. Кеше олар экскурсияға бару үшін көлікке отырған. Содан кейін ол басқа көлікпен соқтығысып, жолаушылар сыртқа ұшып кеткен. Жалпы көлікте 15 жолаушы болған деген ақпарат бар. Көлік апатынан екі қазақстандық көз жұмды, тағы екі адам ауруханада жатыр", – деді СІМ ресми өкілі.

Айбек Смадияров отбасы мүшелері көлікке отырғанда қауіпсіздік белдігін тақпағанын атап өтті.

"Қазақстан азаматтары шетелге демалуға барса, қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауы керек. Қайғылы жағдайдың мән-жайы тергеу барысында анықталады. Олар (көлікке отырғанда – авт.) қауіпсіздік белдігін тақпаған. Салдарынан отбасы мүшелерінің бәрі көліктен ұшып кеткен. Мұндай қайғылы жағдай қайталанбаса екен", – деді СІМ ресми өкілі.

Еске сала кетсек, 30 шілдеде Түркияның Алания ауданының Анталия провинциясында Қазақстан туристері мінген автобус апатқа ұшырап, оннан астам адам зардап шеккен. Өкінішке қарай, жол апатына ұшыраған екі қазақстандық алған жарақатынан қайтыс болды. Олардың мәйіті Қазақстанға жеткізілді. 

Шағын автобуста болған қазақстандықтар Түркияға демалуға барған кезде сақтандыру полисін рәсімдеген. Сондықтан медициналық және репатриациялау шығыны сақтандыру компаниясының есебінен төленді.