Бүгінде Мәжілістегі «AMANAT» партиясының депутаттары экономика, цифрландыру және инновация мәселелеріне қатысты 10 заң жобасы бойынша жұмыс істеп жатыр. Бұл туралы Мәжіліс депутаты, «AMANAT» жанындағы Экономика, цифрландыру және инновацияларды дамыту жөніндегі республикалық кеңестің төрағасы Екатерина Смышляева Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауын талқылауға арналған партия активінің кеңесінде айтты.
AMANAT: Депутаттар электронды сауданы «көлеңкелі аймақтан» шығаруды көздейді
534
оқылды

Депутат Мәжілістегі партия фракциясы Президент бастамаларына заңнамалық қолдау көрсетуі тиіс екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы айтып өткен экономика саласын цифрландыру мәселесі оңай шаруа емес. Ақпараттық жүйені немесе жеке бағдарламаны сатып алу – жеткіліксіз. Алдымен саладағы барлық нақты процесті қайта қарау, тәртіп орнату қажет. Кейін жаңа цифрлық құралдар арқылы осы тәртіпті сақтау керек. Адам араласпаған жағдайда, ашықтық, қадағалау және мониторинг сыбайлас жемқорлық пен алаяқтықтың жолын жабады. Сондықтан, осы ашықтықты құптамайтындар тарапынан қарсылық қашан да болады. Процес өте баяу жүріп жатыр. Мұны біз жер қойнауын, су ресурсын, тапшы тауарлар айналымын және өзге де дүниелерді цифрландыру мысалынан көріп отырмыз», – деді Екатерина Смышляева.

Депутат Мемлекет басшысының жаңа экономикалық саясатын жүзеге асыруды қамтамасыз ететін бірқатар заңнамалық бастамалар қоғам талқысына салуды және сапалы пікір алмасуды қажет ететінін атап өтті. Дәл осы тұста, партиялық кеңестер түйткілді мәселелерді анықтап, қоғамдық талқылауға шығаратын алаң ретінде шешуші рөл атқарады. 

«Биржалар мен электрондық сауданы реттеу тәсілдерін толық қайта қарау, электрондық сауданы «көлеңкелі аймақтан» шығару, отандық маркетплейстерді заңнамалық тұрғыдан қолдау қажет. Ескі тәртіпті жаңасына ауыстыратын бастамалар мүдделі топтардың қарсылығына тап болуы мүмкін. Экономика саласын монополиясыздандыру да батыл шешімді қажет етеді. Біз қазір монополияға құқықтық жағдай жасауды жоятын байланыс туралы заң жобасын әзірлеп жатырмыз. Онда да қызу пікір-сайыс жүріп жатқанын көріп отырмыз», – деді ол.