Кәсіпкерлікті қолдау арқылы экономикамызды дамыта аламыз. Сол үшін өндіріс саласын дамыту маңызды. Ал кәсіпкерлерге ең керегі – жеңілдетілген несие.
«Бәсеке артса – бюджетке пайда»  – Нұртай Сабильянов
1,013
оқылды

Бұл – осы салаға салынатын қара­жат. Президент өз Жолдауында банк­терге қойылатын талапты күшей­тіп,  шетелдік банктерді елімізде жұмыс істеуге мүмкіндік беріп отыр. Бұл – өте дұрыс маңыз­ды шешім. Себебі банк­тердің ара­сын­да бәсеке болған кезде олар­дың беретін пайызы да төмендеу керек. Әйтпесе, қазір бизнесті қаржылан­дырып, кә­сіпкерлікті қолдау үшін банк­тердің жоғары пайыздарын мем­лекет өз есебінен жауып отыр.  Кәсіпкерлер банк­тен 22 пайызбен қарыз алатын болса, оның 14 пайызын мемлекет жауып береді. Банк мемлекет есебінен де пайда тауып жатыр. Сол үшін мемлекет есебінен банкті қаржыландыруды тоқтату қажет. Яғни, қойылатын талап күшейіп, банктер бәсекеге түссе, мемлекет жеңілдетілген несие беру жүйесін қалыптастыра ала­ды. Сондықтан шағын кә­сіпкер­лікке 5-6 пайыз, ірі кәсіп­орын­дарға 7-8 пайызбен несие беретін жүйеге көшкеніміз дұрыс. Сонда ғана экономика алға жыл­жиды.

Салыққа қатысты мәселе де өте өзекті. Мәселен, қосымша құн салығын қайтару өте күрделі. Мәселе бар. Дегенмен Жолдауда бұл туралы да жақсы дүниелер айтылды. Енді жергілікті бюд­жетке түсетін салыққа жеңілдік­терді беруді жергілікті атқарушы органға тапсырды. Олар өз кезе­гінде жергілікті мәслихатпен бірігіп кімге жеңілдік жасайтынын шешеді. Бұл кәсіпкерлердің де жұмысын жандандыруына сеп­ті­гін тигізеді. Оған жергілікті атқа­рушы орган да мүдделі. Себебі кә­сіп­керліктен түскен қаражат сол жақтың бюджетіне түседі. Салық саясатына қажетті жаңа жүйені ен­гізу туралы тап­сырма да уақыт күт­тірмей шешілуі керек. Осы ар­қы­лы көп мәселе шешімін тауып кетеріне сенім мол.