Көне түркі рухы жаңғырған күн

Күздің басы Алматы жұртшы­лығы үшін ежелгі дәуірге саяхат жасаумен бастау алды. Қала күніне орай жос­пар­ланған шаралар көп.

Солардың алғашқысы – «Ұлы дала – көшпенділер әлемі» халықаралық этномәдени фестивалі. 

Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен «Боралдай» сақ қорғандарында өткен шара «Алматы-Шанхай ынтымақтастық ұйымы­ның мәдени және туристік астанасы» жоба­сы аясында ұйымдастырылған. Екі күнге созылған фестивальде көшпенділерге тән рухани-мәдени құндылықтарды көруге болады. 

 Әдетте мұндай жиындарды жыл сайын Наурыз мерекесінде тамашалап, өз ұлттық мәдениетімізге куә болушы едік. Ал бүгінгі іс-шараның көпке паш етер дүниесі мен берер маңызы зор. Себебі бұл Қазақстанды ғана емес, көне түркі халықтарының мәде­ниетін біріктіріп отыр. «Боралдай» сақ қор­ған­дарына тұрғындарды тасымалдау үшін қала ішінен арнайы автобустар қарас­тырылған. Біз де халықтың көңіл күйін сезініп, көшпенділер әлеміне қатысты түсініктерін бағамдау үшін тұрғындарға арналған автобусқа отырып, діттеген жерімізге жеттік. Қуанарлығы, аялдамада автобустардың келуін күткен халық саны толассыз. Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін осында. Сақ қорғандарына автобусымыз келіп тоқтады. Көліктен тү­сіп, бірден дүбірлі шара өтіп жатқан алаңға бет алдық. Шараға кіре берісте ілінген байрақтарға көзіміз түсті. Мұны көргенде өзімізді құдды бір хан ордасына кіріп бара жатқандай сезіндік. Иә, фестиваль декорациясы, әрбір деталь көшпенді халықтың тарихы мен тұрмыс-тіршілігінен хабар береді. Фестивальге кірген сәтте алдымыздан ұлттық киім киінген қыз-жігіттер әндетіп шыға келді. «Әу демейтін қазақ жоқ» демекші, өнерпаздарға қосыла ән салған тұрғындар да көп. Ежелден алыстан келген қадірлі қонаққа сыйымызды көрсетіп, барымызды алдына тосып күтетін халықпыз ғой. Бұл да бір сол игі дәстүрдің жалғасындай көрінді. 

Фестивальдің бірінші аймағы ұлттық тағамдар мен түрлі қолөнер бұйымдарына арналыпты. Одан бөлек, 50-ге жуық киіз үй тігіліп, алтыбақандар құрылған. Жалпы саны 10-ға жуық аймақ құрастырылған. Этно ауыл, ат ойындары, садақшылар мен найзашылар, шеберлер, ұсталар, құсбегілер мен саятшылар, көшпенділер тағамдары және жастарға арналған алаңдар бар. Сондай-ақ фестивальге арнап сахна құрас­тырылып, гала-концерт ұйымдастырылды. Алматы қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаевтың сөзінше, шараға 500-ге жуық өнерпаз жұмылдырыл­ған. Араға төрт жыл салып қайта оралған Халықаралық фестивальдің артықшы­лықтары да жоқ емес көрінеді:

– Фестивальді 10 мыңға жуық адам тамашалады. Осы жылы өткізіліп жатқан шараның бір артықшылығы – көрпе тігу­мен, қолөнермен айналысатын көпбалалы аналарға қолынан шыққан бұйымдарын сату үшін арнайы киіз үйлер бердік. Шетел­ден келген барлық делегацияларға да киіз үйлер бөлінген. Осы жылы киіз үйлер 3 есе артық тігілді. 40-қа жуық ресторандар қызмет көрсетуде. Шараның басты мақсаты – тұрғындарға мәдени өнімді сапалы ұсыну, – дейді Мәдениет басқармасының басшы­сы Ғ.Майлыбаев.

Әрмен қарай садақшылар мен найзашы­лар топтасқан аймаққа атбасын бұрдық. Алаңға кірген бойда садақшылар сайысы­ның үстінен түстік. Ал садақ ату алаңынан әрі қарай ат ойындарына арналған аймақ бар. Мұнда қыз қуу, аударыспақ, теңге ілу, асауға құрық салу, көкпар сияқты ұлттық ойын түрлері өткізіледі екен. Қызығы, дәл осы екі алаңнан шетелдіктердің қарасы көп екенін аңғардық. Әзербайжан, Түркия, Мажарстан, Малайзия, Башқұртстан, Да­ғыстан, Чувашия, Алтай, Бурятия, Өзбек­стан және Қырғызстан мемлекеттерінен келген спортшылар ұлттық ойын түрлерінен бақ сынасты. Солардың бірі – түркиялық Умутжан Челик. Қолына мемлекеттік туын ұстаған Умутжанды сайыс аяқталған соң әңгімемізге тарттық:

– Фестивальге садақ ату жарысына келдік. Өзім Түркияданмын. Қырғыз елінде білім алып, сонда студент болдым. Мұнда қыр­ғыз достарымызбен келдік. Фестиваль­дің арқасында түрік бауырларымызбен де жолықтық. Қазір садақ ату жарысынан шықтым. Түркияда да садақ ату өнерінің бірнеше түрі бар. Бұл фестиваль түрік мәдениетін қайта жаңғыртады. Осыған ұқсас шаралар Қазақстан және Қырғыз Республикасымен салыстырғанда Түркияда аз. Былтыр Қазақстанның Атырау қала­сында болдым. Бүгін Алматыға бірінші рет ке­луім. Бес жылдан бері садақ ату өнеріне қызыға­мын, – дейді ол.

Ал аталмыш фестивальге Өзбекстаннан арнайы келген делегация өкілі Флюра Раим­бекова екі елдің әдет-ғұрыптары ұқсас екенін айтады:

– Бүгін біздің садақшыларымыз жарыс­қа қатысты. Шынында, фестиваль өте жоғары деңгейде өтіп жатыр. Алматының ауа райы ұнады. Біз қала суық болады деп болжап, барлық жылы киімдерімізді алып келіп едік. Бірақ ауа райы жайма-шуақ болып тұр.(күлді) Қуанғаным сол, қазақ халқы мейірімді, қонақжай халық екен. Әртүрлі ұлттық спорт түрлері көрсетілді. Атқа да отырдық, ұлттық дүниелерді де көрдік, – дейді өзбекстандық делегация өкілі.

Бүгінде текемет басып, сырмақ сыру – ғасырлар бойына маңызын жоймай, бүгінгінің қолданысына жеткен қадірлі өнер. Қай кезеңде болмасын, бұл өнер түрі халық пайдасына жарап, қажетін өтеген. Ұлттық өнерді дәріптеп жүрген Тамара Кәпқызы да көшпенділер әлемі фестиваліне арнайы келіпті. Текеметтің жасалу жолын тамашалау үшін қыз-келіншектерден өзге кішкентай балалар да айналасына жиналып қалыпты. Тамара Кәпқызы атакәсіптің осы күнге дейін өзектілігі жойылмағанын, кері­сін­ше үйінің бір бұрышын қазақ бөлмесіне арнайтындардың қатары көбейгенін ай­тады:

– Қазақ малмен күн көрдік. Сүтін ішіп, етін жедік. Адамдар жүннен жасалатын зат­тардың экологиялық таза өнім әрі ден­сау­лыққа ешқандай зияны жоқ екенін түсініп келеді. Ою деген абстракті нәрсе ғой. Ою негізі екі жаққа бөлінеді: шығыс және оңтүстік. Әркім өзінің отырған орнының ерекшеліктеріне сай ою түрлерін пай­даланады. Мысалы, шығыстың адам­дары қошқармүйіз сияқты үлкен оюларды пайдаланса, оңтүстіктің адамдары қияр, қызанақ, гүл секілді кескіндерді оюға кір­гізіп жатады. Бұл шеберлердің көзқарасына, түсі­нігіне, шамасына байланысты. Теке­метті көлеміне қарай әртүрлі уақытта жасап шығарамыз. Тапсырыс қабылдаймыз. 

Киіз үйлерге қойылған өнімдерді тама­ша­лай жүріп, қазақы ою-өрнектермен әр­лен­ген дүкенге тап болдық. Мұнда қыз жа­са­уына арналған ұлттық нақыштағы заманауи туындылар топтасқан. Құрақ көрпелерге қолданылатын мата түрлері Қытай, Қырғыз республикасы, Түркия, Өзбекстан елдерінен арнайы алып келінеді. Ұлттық өнерді тамашалауға келгендердің қарасы көп. Тігін цехының қызметкері Баршагүл Молдахан алдағы уақытта құрақ көрпелерін брендке айналдырғысы келе­тінін айтады:

– Бір құрақ көрпені 4-5 қыз бірігіп, 2-3 сағатта бітіреміз. Бір адам кіріссе, көрпені тігуге бір немесе екі күнін арнайды. Өзім төрт күнде 6 көрпе, 6 жастық кесте шығара аламын. Көрпелердің бағасы 8 000 теңгеден басталады. Ең қымбаты – 70 мың теңгеге дейін барады. Құрақта үйлесім болуы керек. Қазақта ең киелісі – тырна құрақ. Төрт құбылаң тең болсын деген ниетпен төрт жағынан салынады. Бұл ою түрлері кез келген нәрсеге салына бермейді. Біз көбіне қошқар мүйіз оюын қолданамыз. Сондай ою түрлерін кейбірі көрпешеге қойып жатады. Алайда төрт мүйізі бар оюды тек қана төрге, сүйеніп отыруға қоюға болады. Бұрын ата-бабаларымыз жоқтан бар жасап, қыздарын абыройлы ұзатқан. Жақындары алып келген, сандықтағы қалдық маталарды құрап қыздарының артынан дүние алып барған. Мен шәкірт баптайтын болғандық­тан оюдың мағынасын түсініп, сезініп істеймін. Сондықтан жұмысым өзіме қатты ұнайды. Маталарды өзіміз арнайы барып алып келеміз, – дейді Баршагүл Молдахан.

Ауқымды шараның гала концертінде 10-нан астам мемлекеттен келген этно­музыкант­тар өнер көрсетті. Қала тұрғын­дары мен қонақтары ат спорттық және айтыс өнерін, көшпенділердің жауынгерлік және жекпе-жек ойындарын тамашалап, ұлттық тағамдардан дәм татты. Фестивальге келушілер көтеріңкі көңіл күймен тарқасты. Алматы күніне арналған мерекелік іс-шаралар қыркүйек айының соңына дейін жалғасады.

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Алматы қаласы