Қытай қорғанының бір бөлігін жұмысшылар экскаватормен қазып, қатты зақымдаған. Олар тарихи қорғанды бұзып жолды қысқартпақ болған. Қытай билігі кінәлілерді жазаламақшы.
Ұлы Қытай қорғанын құлатып тастаған
1,019
оқылды

Орталық Шаньси провинциясында Қытай қорғанының бір бөлігін жұмысшылар экскаватормен қазып, қатты зақымдаған. BBC News тарихи қорғанның бұзылуына жолды қысқартпақ болған құрылысшылар кінәлі екенін жазды. Қытай билігінің бұл оқиғаға деген көзқарасын Aikyn.kz британдық ақпарат холдингіне сілтеме жасап түсіндіреді. 

Фото BBC News сайтынан алынды 

Жергілікті провинция полициясының хабарлауынша, екі адам құрылыс жұмыстарына жолды қысқартпақ болып тарихи нысанды айтарлықтай зақымдаған.

Күдікті деген 38 жастағы ер адам мен 55 жастағы әйел қамауға алынып, іс бойынша қосымша тергеу жүргізілуде.

Олар зиян келтірілген 32-ші Ұлы Қытай қорғаны маңында жұмыс істеген. Ұлы қорғанның қуысын экскаватор өте алатындай етіп кеңейтіп, «үлкен саңылау» қазған. Полиция олар құрылыс жүргізіліп жатқан нысанға төте жол ашпақшы болғанын айтуда.

Жергілікті билік екі адамның «Ұлы Мин қорғанының тұтастығына және мәдени жәдігерлердің қауіпсіздігіне қайтымсыз зиян келтіргенін» мәлімдеген.

Юйю округінде орналасқан 32-ші Ұлы қорған Қытайдың Ұлы Мин қорғанының бөлігі саналады және провинцияның қорғалатын тарихи-мәдени нысаны деп анықталған.

Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторы: John W Banagan

1987 жылдан бері ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізілген Ұлы Қытай қорғаны біздің дәуірімізге дейінгі 220 жылдан 1600 жылдардағы Мин әулетіне дейін үздіксіз салынған. Ол әлемдегі ең үлкен әскери қорған.

Ұлы қабырғаның ең әйгілі бөліктері ежелгі күзет мұнараларымен безендірілген әдемі салынған ғимараттар болса, басқа бөліктері қирап немесе мүлдем жоғалып кеткен. Бүгінгі туристер тамашалайтын қорғанның басым бөлігі Ұлы Мин қабырғасы деп аталатын Мин әулеті кезінде салынған.

Қабырғаның кейбір бөліктері жылдар бойы, әсіресе шалғай ауылдық жерлерде қирап бұзыла бастаған. 2016 жылғы Beijing Times басылымында Ұлы Мин қабырғасының 30%-дан астамы толығымен жойылып кеткені, оның тек 8%-ы ғана жақсы сақталғаны жазылды.