Қазіргі уақытта прокуратура органдары сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.
"Дәретхана жуудан бас тартқаны үшін жабылып азаптаған": Түрменің 14 қызметкері жұмыстан босатылды
15,801
оқылды

Ақмола облысында колониядағы сотталушыны азаптау дерегіне қатысты тергеу нәтижесінде 14 қызметкер қызметінен босатылды. Бұл туралы ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті мәлімдеді.

«Әлеуметтік желілерде жарияланған бейнежазба бойынша Ақмола облысы бойынша ҚАЖД мекемесі әкімшілігінің арнайы құралдарды қолдана отырып, заңды талаптарына бағынбау фактілерінің жолын кесу кезінде қызметкерлердің қызметтік жағдайын асыра пайдалану белгілері байқалатынын хабарлаймыз.

Жүргізілген қызметтік тергеу нәтижелері бойынша Тәртіптік комиссияның шешімімен облыстық Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы және оның орынбасары, сондай-ақ колония бастығы атқаратын лауазымдарынан шеттетуге ұсынылды. Сонымен қатар құқықбұзушылыққа қатысы бар 11 қызметкер ІІО-дан теріс себептермен жұмыстан шығаруға ұсынылды», – делінген комитет хабарламасында.

Қазіргі уақытта прокуратура органдары сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.

Еске салайық, әлеуметтік желіде әскери киім киген жеті адамның түрмедегі сотталушыны дәретхана жуудан бас тартқаны үшін жабыла соққыға жығып, азаптау әдістерін қолданған видеосы тараған еді. Сондай-ақ Ақмола облысында сотталғандарға қатысты күш қолдану дерегі бойынша прокуратура сотқа дейінгі тергеуді бастаған болатын.