Әлеуметтік желіде Дәулет Тұрлыхановтың тағы бір ұлы қызды итеріп жібергені туралы видео тарады.
"Кез келген адамның көңіліне күмән келтіреді": Тұрлыханов екінші ұлына қатысты оқиға туралы айтты
2,251
оқылды

Әлеуметтік желіде Дәулет Тұрлыхановтың тағы бір ұлы қызды итеріп жібергені туралы видео тарады. Мәжіліс депутаты ұлына қатысты дауға пікір білдірді. Бұл туралы ол Facebook парақшасында жазды.

"Құрметті қауым! Бүгінгі әлеуметтік желілерде менің ұлыма қатысты тараған видео бойынша түсінік беруді жөн көрдім.

​Өздеріңіз білетіндей, менің әулетім айналасындағы мұндай оқиғалар бірінші рет емес. Осындай оқиғалардың заңдылықпен қайталануы менің көңіліме еріксіз ой салады. Мен өз тарапымнан балаларыма толықтай әкелік, қазақы тәрбие бердім. Бүгінгі видеоға қатысты менің де қоятын бір сұрағым бар. Таңғы сағат 4-те мұндай азаматшалар ұлым тұратын үйге келіп, неге ондай оқиғаға бастау болатыны түсініксіз. Және бұл жағдай аяқ астынан камераларға түсіп қалып, белгілі бір адамдарға пайдалы қиындыларының ақпарат құралдарына тарауы, менің ғана емес, кез келген адамның көңіліне күмән келтіреді.

Бұл менің отбасыма соңғы жылдары жасалған кезекті ақпараттық шабуыл деп ойлаймын. Видеоны аңғарған адамға менің баламның бұл жанжалдан барынша қашқақтауға әрекет жасағаны анық көрінеді. Сіздерге түсінікті болу үшін видеоның толық нұсқасын жолдап отырмын. Осы болған жағдайды дұрыс түсінулеріңізді сұраймын", – деп жазды депутат. 

Еске салайық, бұған дейін депутат Дәулет Тұрлыхановтың тағы бір ұлы қызды ұрды деп айыпталған болатын.