Бүгінгі сауалым жыры басылмаған жастарға берілген жалға алынған пәтер жайлы болмақ.
2019 жылдан бері жастарға жалға берілген пәтерлерді сатып алу мүмкіндігі бола ма? – Депутат мәселе көтерді
806
оқылды

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Дәулет Мұқаев 2019 жылдан бері арнаулы бағдарлама аясында пәтерлерді жалға алған жастар қиын жағдайға тап болғанын айтты,  деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгінгі сауалым жыры басылмаған жастарға берілген жалға алынған пәтер жайлы болмақ. 2019 жылы, яғни Жастар жылында жастар қуана қабыл алған, жұмысшыларға берілген бұл пәтерлер қазір олардың басты мәселесіне айналып отыр. 2019 жылдан бері Астана, Алматы, Шымкент қалаларында жалға берілетін пәтерге орныққан жастардың саны 10 000-ға жуықтады. Бұл аудан халқымен пара-пар екенін ескерсек, назар аударарлық мәселе болып отыр. Бұл жоба жастарға өз баспанасын алуға қаржы жинау мақсатында берілген үлкен мүмкіндік еді. Әйтсе де, Үкімет бұл бағдарламаны қабылдағанда, өзге де факторларды ескеруді назардан тыс қалдырған сыңайлы. 2019 жылы осы пәтерлерді жалға алған жастардың баспананы босатуына да 1 жылдан аз уақыт қалды. Сондықтан мегаполистердегі жастардың далада қалу қаупі жоғары», деді Д.Мұқаев Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Склярдың атына жолдаған сауалында.

Оның айтуынша, 2019 жылы осы баспананы жалға алған жастарда әлемдік пандемия кезіндегі шектеулер аясында қаражат жинау мүмкіндігі болмады. Бағдарлама ең алғашында 5 жылға берілсе, кейінгі жылдары 3 жылға тағы қысқарды.

«Қазір елімізде инфляция деңгейі де шарықтап, үй бағасы жылдан-жылға өсті. Екіншіден, жастар саясаты туралы заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, жастар санаты 29 жастан 35 жасқа дейін өсті. Сәйкесінше, үй алған жастар бүгін де жастар санатынан шықпады. 5 жылда балалы болған жастар қаншама? Олар бала-шағамен қайда бармақ? Ал  елде жастарға арналған бірыңғай мемлекеттік баспана бағдарламасы жоқ. Үшіншіден, пәтерді жалға алған жастар өзге де мемлекеттік бағдарламалар мен үй кезегінде тұру мүмкіндігінен айырылған. Төртіншіден, қазір елде баспана алуға тиімді бағдарлама жоқтың қасы. Мен бұл мәселені 1 сессияда да көтерген едім. «7-20-25» аты бар да, заты жоқ бағдарламаға айналды. Ал Отбасы банк арқылы жастарға 50% бастапқы жарна жинау 5 жылда мүмкін емес. 2019-2020 жылдардан бері нарықтағы үй бағасы 2 есе өскен»,  деді депутат.

Оның пайымынша, жоғарыда аталған факторларды ескере отырып, жастардың тиімді баспана алуына жағдай жасау және кемі 10 пайыздық бастапқы жарнамен өздері тұрып жатқан баспанасын сатып алуға мүмкіндік беру мәселесін қарастыру керек.