Астана қалалық Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы отын-энергетикалық ресурстар бөлімінің басшысы Мақсат Есмағұлов елордада жылыту маусымы қашан басталуы мүмкін екенін айтты, – деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бізде жылыту маусымын өткізуге қатысты мәслихат қабылдаған ереже бар. Осы ережеге сәйкес, жылыту маусымын бастау туралы шешімді әкімдік қабылдайды. Егер қалада 5 күн бойы +10 және одан төмен градус салқын болса, онда әкімдік жылыту маусымын бастау туралы шешімін шығарады. Әзірше, мұндай параметр болған жоқ. Дегенмен әлеуметтік нысандар – балабақшалар, мектептер, ауруханалар әкімдіктің қаулысын күтпей жылыту жүйесіне қосыла алады. Ол үшін мекемелер «Астанажылутранзит» АҚ-на өтінім беруі тиіс», – деді Мақсат Есмағұлов Астана қалалық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.
Фото: slivvody.ru