Солтүстік Кипрден Қазақстанға Елдос Қоспаев бастаған қылмыстық топтың 7 мүшесі жеткізілді.
Елдос Қоспаев бастаған қылмыстық топтың 7 мүшесі Қазақстанға жеткізілді
2,302
оқылды

Елдос Қоспаев бастаған қылмыстық топтың 7 мүшесі Солтүстік Кипрден Қазақстанға жеткізілді, - деп хабарлайды ҰҚК баспасөз қызметі. 

Ұлттық қауіпсіздік комитеті 2023 жылғы 6 қыркүйекте жүзеге асырған операциясының қорытындысы бойынша Солтүстік Кипрден Қазақстанға Елдос Қоспаев бастаған қылмыстық топтың 7 мүшесі жеткізілгенін хабарлады.

Бұл топқа бұған дейін Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторингі агенттігі рейдерлік жасады, ұйымдасқан қылмыстық топ құрды және оған қатысты деген күдікпен халықаралық іздеу жариялаған болатын.

Тергеу мәліметтері бойынша, оның мүшелері қорқыту және зорлық-зомбылық жасау арқылы кәсіпкерлердің мүлкін, олардың компаниялардағы үлестерін тартып алған, сондай-ақ, көлеңкелі бизнеспен айналысқан.

ҰҚК операциясы шеңберінде шетелдік әріптестермен тығыз өзара іс-қимыл жасай отырып, топ қатысушыларының орналасқан жері анықталып, ұсталды. 

Күдіктілер  ҰҚК "А" арнайы мақсаттағы қызметінің жауынгерлерінің айдауылымен Астанаға жеткізілді және қылмыстық қудалау органының қызметкерлеріне берілді.

Еске салайық, Алматы облысында Елдос Қоспаевтың өзі тұтас бір шатқалды басып алып, онда ешқандай рұқсатсыз нағыз ранчо тұрғызған. Бұл мүлікте ол жылқыларды ғана ұстамаған. Үйдегі хайуанаттар бағында аю, тіпті африкалық арыстандар жұбы болған. Сәнді үйде мини-кинотеатр, бассейн, спорт залы және банкет залы бар.