Мемлекет басшысы «Қазақстан хал­қына» қорының төрағасы Болат Жәмішевті қабылдады.
Қор маңызды салаларға тың серпін береді
766
оқылды

Президентке қор 2022 жылы қаңтарда құрылған уақыттан бері қайырымдылық жасаудың тұрақты моделін ұлттық ауқымда қалыптастырғаны туралы мәлімет берілді.

Қор ашықтық, есептілік, заңдылық және тұ­рақ­тылық секілді қоғамдық қаржыны басқарудың не­гізгі қағидаттарын сақтайды және еліміздегі қайы­­­рымдылық экожүйесінің дамуына елеулі үлес қо­сады.

Қордың жұмысы жалпы жұртшылықтың сенім ман­датына негізделген.

Қордың қайырымдылық жобалары мен бағ­дарламалары қоғам өмірінің маңызды салаларына ай­тарлықтай әсер етеді және көбіне олардың да­муы­на тың серпін береді.

Болат Жәмішевтің айтуынша, қор азамат­тары­мыздың денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қол­дау, мәдениет және спорт салаларындағы не­гізгі мәселелерін шешуге бағытталған жалпы со­ма­сы 146,5 миллиард теңге болатын 40-тан астам қайы­рымдылық бағдарлама мен жобаны қар­жы­лан­дырады. Сондай-ақ төтенше жағдайлар кезінде зар­дап шеккен азаматтарға көмек көрсетіледі. Қордың бағдарламалары ауылдық елді мекендер мен шағын қалаларға басымдық бере отырып, еліміздің барлық өңірлерінде жүзеге асыры­лады.

Қордың ең ірі бағдарламасы – өмірге қауіп төн­діретін және орфанды (сирек) аурумен ауыратын науқастар үшін дәрілік препараттарды сатып алу. 324 қазақстандық (оның 243-і балалар) үшін 24,9 миллиард теңге көлемінде дәрілік зат­тардың 36 түрі, сондай-ақ Қазақстанға алғаш рет жеті препарат, оның ішінде әлемдегі ең қымбат «Зол­генсма» дәрісі сатып алынды. Қордың қол­дауы­ның нәтижесінде елімізде тірек мектептер жүйе­сі (80 мектеп), ауылдағы, әсіресе аз жабдық­тал­ған мектептердегі білім деңгейін арттыру үшін құзыреттілік орталықтары құрылды.

Қор мүмкіндігі шектеулі, аз қамтылған және ауыл­дан шыққан талапкерлердің жоғары білім алу мүм­кіндігін қамтамасыз етеді. Республика бойын­ша 2200-ден астам студент «Қазақстан халқына» қо­рының гранттары мен стипендиясының иелен­ген. Ауылдарда спортпен айналысатын залдардың тап­шылығы мен қолжетімсіздігін ескеріп, қордың қолдауымен ауыл жастарына арналған 24 спорт залы ашылды. Қазіргі таңда 76 залды іске қосу жұмыстары жалғасады. 

Ерекше балаларға арналған оңалту орталық­тарын құру бойынша ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Жалпы 4 ерте араласу орталығы және ау­тизм мен басқа да ақыл-ой ауытқушылығы бар ба­ла­ларға арналған 4 орталық ашылды. 13 орталықты ашу жұмыстары жүргізілуде.

15 тамыздан бастап қордың бастамасымен «Өңір­лерге арналған қор» атты ұлттық қайырым­дылықтың II конференциясы басталды. Еліміздің барлық аймағында дөңгелек үстел форматында өңір­лердің қажеттіліктері мен ерекшеліктерін ес­кере отырып, жүзеге асыруға ұсынылатын баста­ма­лар талқыланып, жобалар айқындалады. Әзір­лен­ген ұсыныстар 2024 жылы «Қазақстан халқына» қорының қызметінде басшылыққа алынады.