Үшінші мегаполисте жұмыс берушілерден түскен өтінішке сәйкес, қыркүйек айынан бастап 24 оқу орталығы 1 500-ден астам жұмыссыз азаматты тегін оқытады.
Тегін оқытатын орталықтар жетерлік
721
оқылды

Қысқамерзімді кәсіптік оқыту «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы» аясында жүзеге асырылады. Оқу аяқталғаннан кейін жұмыссыз азаматтарға сертификат табысталып, жұмыс берушілер оларды әлеуметтік келісім­шарт негізінде жұмысқа орналастыруға міндетті. 

Шымкент қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекованың төрағалығымен өткен комиссия отыры­сын­да оқу ұйымдарында түрлі мамандық­тар бойынша оқытып, жұмыс күшімен қамтамасыз етуді өтінген 60-тан астам жұ­мыс беруші мекеменің талапқа сәйкес­тіктері сараланды. Мекемелерден әсіресе тех-никалық және кәсіптік сала маман­дарына сұраныс көп түскен. Атап айтқан­да, автомобиль жөндеу – дәнекерлеушісі, байланыс желілерінің электриктері, жол-құрылыс көлігінің машинисі, кеңбейінді құрылыс жұмыстарының шебері мен компьютер және аппараттық құралдары­-ның операторы, көкөніс өсіруші мен мерчендайзарлер сынды мамандық иелері бар.

– Жұмыссыз азаматтарды кәсіптік оқытудан өткізіп, жұмысқа орналастыру­дың өзі әр отбасы үшін үлкен демеу. Олар­дың әл-ауқатын түзеп, тұрмыс-тіршілігін жақсартулары осында отырған комиссия мүшелерінің шешіміне байланысты. Сондықтан алтын уақыттарыңызды бөліп, жерлестеріміз үшін әділ әрі жауап­кершілігі мол таңдау жасағандарыңыз үшін барлығыңызға алғысымды білдіре­мін, – деді басқарма басшысы Балмаржан Нарбекова. 

Жалпы, кәсіптік оқыту мерзімі 3 ай. Ай сайын 20 948 теңге шәкіртақы мен 2 АЕК, яғни 6 900 теңгеден бірреттік мате­риал­ды көмек төленеді. Оқуға 18 жастан зейнет жасына дейінгі, жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген, Шымкент қаласында тұрақты тіркеуде тұрған жұмыссыз аза­мат­тар қатыса алады. Үміткердің мүгедектігі болған жағдайда, мүгедектікті оңалтудың жеке бағдарламасында (ИПР) жұмысқа қабілеттілігіне дәрігердің рұқсаты болуы қажет.

Айта кетейік, Шымкент қаласы халықты жұмыспен қамту мәселесі жіті назарда. Осы ретте жиі-жиі бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтіп тұрады. Соның бірі – жуырда «Еңбек мобильділігі» орталығының ұйымдастыруымен Тұран аудандық «Мансап» орталығында кезекті «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкесі өтті. Шара барысында білім беру, медициналық, техникалық, жеңіл және тоқыма өнер­кәсібі мен «Қазақстан Фридом Финанс банкі» АҚ, «Қазақстан Халық банкі» АҚ мен басқа да қызмет көрсету салалары бойынша 4 мыңнан астам уақытша және тұрақты жұмыс орындары ұсынылды. Жұмыс беруші 35 мекеме азаматтарды еңбек шарттары және жалақы көлемімен таныстырып, мансап жолын бірге бастауға шақырды. 

Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі сондай-ақ қалалық «Жастар ресурстық орталығы» және «Жастар рухы» ұйымының қолдауымен ұйымдастырылды. Халықты жұмыспен қамтуға бағытталған шара бі­рін­ші кезекте жұмыс іздеушілердің мүд­де­сін көздейді. Мақсат – жұмыс беруші­лерді тарта отырып, жоғарғы оқу орын­дары мен колледж түлектерін жұмыспен қамту. 

Жалпы, Шымкент қаласы бойынша биыл 57 мыңнан астам адамды жұмыспен қам­ту шараларына қатыстыру жоспар­ланған. Оның ішінде қалалық «Еңбек мобильділігі» орталығы тарапынан 16 мыңнан астам жасты жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамту көзделген. Қазір 13 мыңға жуығы қамтылып отыр.

Өңірде тұрғындарды жұмыспен қамту бо­йынша мұндай әлеуметтік қолдау шаралары жалғасын таба бермек. 

Назгүл НАЗАРБЕК,

Шымкент қаласы