Қыздарды туған ағасы еңбек құлдығына жеккен.
"Үстерінің бәрі жара": Түркістан облысында әке-шешесі өлген соң апалы-сіңлілер адам шошырлық күйге түскен
4,328
оқылды

Түркістан облысында апалы-сіңлілі қыздар ұзақ уақыт бойы еңбек құлдығында болған. Бұл жағдайды қыздардың сыныптастары "Көреміз" бағдарламасына айтқан, – деп хабарлайды Massaget.kz.

Түркістан облысының тұрғындары Гүлсімжан Әділжанова мен Айша Мұстафина 11 жыл бір партада отырған сыныптастарының жай-күйіне алаңдап, бағдарламаға жүгінген. Олардың сөзінше, сыныптастарын туған ағасы еңбек құлдығына жеккен.

Екі қыздың бірі Назгүл 1991 жылы, екіншісі Құндыз 1996 жылы дүниеге келген. Екеуі де Мұхтар Шаханов атындағы мектепті бітірген. Қыздардың бірінің сыныптасы Гүлсімжан оларды мектеп бітіргелі көрмегенін, бірақ мектеп кезінде мұндай болмағанын айтады.

"Қыздар тек нан мен су ішеміз" дейді. Қыздардың үстінде майка мен шалбар ғана. Ішінде ішкиім де жоқ. Не төбесі, не астарында ішкиімдері жоқ. Үйді толық аралағанда, тіс щеткасы мен паста, сабын, басын жуатын сусабын көрмедім. Үстерінен қоңырсық иіс шығып тұр", – дейді қыздардың бірінің сыныптасы Айша Мұстафина да.

Апалы-сіңлі мектеп кезінен адам танымастай өзгерген.

"Шынымды айтсам, танымай қалдым. Сүйек болып кеткен. Арқасы бүкірейіп кеткен. Мектеп кезінде олар ондай емес еді. Түрі әдемі, сабаққа барып-келетін қыздар еді. Үстерінің бәрі жара, шаштарын қысқа алып тастаған. Малды да, итті де олай қорламаймыз ғой", – дейді сыныптасы Гүлсімжан Әділжан.

Қыздардың мүмкіндігі шектеулі болғандықтан, мемлекеттен жәрдемақы бөлінген. Гүлсімжан Әділжанның сөзінше, ағасы екі қарындасына бөлінген қаражатты алып, оның үстіне күн ыстықта мал бақтырады.

Ал қыздардың тағы бір сыныптасы Айша Мұстафинаның сөзінше, апалы-сіңлінің анасы аурушаң болған, әкесі қайтыс болған. Айша Мұстафина қыздар анасы бар кезде таза жүретінін, 9-10-сынып оқып жүрген кезде анасы қайтыс болып, ағасы қолына алғанын, содан бастап жағдайлары нашарлағанын айтады.

Қазір апалы-сіңлі қыздар адам сенгісіз жағдайда өмір сүріп жатыр екен. 

"Қорада малшыға арналған үй салынған. Соның ішінде. Азаннан кешке дейін мал бағады. "Айлығымызды басшы береді. Бірақ ағам алады" деп отыр. Екеуі дүкенге барған емес. Ішкиімдері де жоқ. Құндыздың беті жара-жара. Таяқ жеген шығар деп ойладық. Ішін ашып көрдік, ішкиім жоқ. "Астарыңда ішкиім бар ма?" дедік, ашып көрсетіп жатыр, жоқ. Мына заманда ішкиімсіз өмір сүру дегенді білмеймін. Бұл қыздардың зейнетақысы бар, жұмыс істеп жатыр", – дейді сыныптастары.

Қыздарды алғашында Қанат Әбілдаев есімді немере ағасы қолына алған. Ал оларға Үкіметтен үй де берілген. Алайда олардың немере ағасы Қанат Әбілдаев үйден бас тартқан. Қанат Әбілдаев қолында тұрған кезде қыздардың жағдайы қандай болғанын айтты.

"Оқушы тұғын. Жағдайлары орташа еді. Денсаулықтарында кінәрат болды. Сөйлемейтін, тұйық еді. Ақыл-есі шамалы кемдеу еді. Дәрігер қойды (диагнозды - еск.). "Бастары істемей қалады, ұмытып қалады" деді. Екі қыз тіркеуде тұр. Мектеп бітіргеннен кейін болды. Дәрілер ішіп жүретін. 2016 жылдан кейін көрген жоқпын", – дейді ол.

Қанаттың қолынан кейін қыздарды Сәулебек Әбілдаев есімді немере ағалары алып кеткен. Алғашында бала бағысуға көмекке деп алып, кейін біржола әкеткен.

"Бұл қыздар қолыма келгеніне 7 жылдай болды. Ауырады. Өзімнің жауапкершілігім болғаннан кейін қасымда ұстаймын. Мемлекеттен ақша бөлінеді, біреуіне 89 мың, біреуіне 71 мың. Әрдайым ауруханаға апарып тексеріп тұрамыз. Кішкентайы туберкулез болғаннан кейін келіншегім жұғады деп қорықты", – деп түсіндірді ол қыздардың бөлек тұруы себебін.

Ал қыздардың қазіргі жағдайы адам шошырлық күйде.