Марқұмның ата-анасы сот үкімімен келісіп отыр.
Сарыағаш ауданында 5 жасар қызды айуандықпен өлтірген ер адамға сот үкімі шықты
1,270
оқылды

Шымкентте 5 жасар Еркежан Нұрмаханның өліміне қатысты сот үкімі жарияланды.  

«Сот үкімімен кішкентай қызды өлтірген адам өмір бойына сотталды және оған химиялық кастрация жасау тағайындалды. Сонымен қатар оған 100 миллион теңге моральдық шығын төлеу міндеттелді», – делінген хабарламада.

Сотталушы жазасын қатаң режимдегі мекемеде өтейтін болады.

Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Марқұм қыздың туыстары сот процесіне қатыстырылған жоқ.

Еске салайық, бүкіл елдің жағасын ұстатқан жантүршігерлік қылмыс биыл 14 шілдеде болған еді. Белгісіз біреу Сарыағаш ауданы Жібек жолы ауылында 5 жасар қызды зорлап, өлтіріп кеткен. Еркежан Нұрмахан 13 шілдеде түс уақытында ауладан із-түзсіз жоғалып кеткен. Бүлдіршінді іздеуге бүкіл ауыл халқы жұмылған. Марқұмның туыстарының айтуынша, бұрын сотталған көршісінен күдіктенген. Іздеп жүрген топ оның үйіне екі рет барғанымен, үйін тек үшінші рет барғанда ғана толық тінтіп шыққан. Сол кезде күдіктінің қорасынан көптеген пышақ жарақаты бар қыздың денесі табылған.

Кейін белгілі болғандай, баланы өлтірді делінген педофил-күдікті бұрын кісі өлтіргені үшін 10 жылға жуық жазасын өтеп келген. Ал биыл мамырдың басында өзгенің денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіргені үшін үш жылға бас бостандығы шектелгені анықталды.

Жантүршіктірер қылмыс туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пікір білдіріп, Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігіне қайғылы оқиғаның мән-жайын мұқият тексеруді тапсырды.